ҚазҰУ археологтарының тың табысы
Қазіргі таңда Қазақстанның археология ғылымының алдында тұрған келелі міндеттердің бірі тарихи-мәдени мұраларымызды объективті тұрғыда зерделеп, ғылыми айналымға енгізуде екені сөзсіз. Тарихи сананың ұлттық тарихымызды танып-білуде маңызды орын алатынын ескерсек, бұл ретте археолог-ғалымдарымызға жүктелген міндеттер жеңіл болмасы анық. Еліміз егемендік алған жылдардан бастап тарихымыздың көптеген ақтаңдақ беттері ашылып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастады.
Осы негізде археологиялық ізденістер де жандана түсіп, отандық ғалым-археологтердің өз міндеттерін нағыз кәсіби дәрежеде атқарып, сүбелі үлес қосып отырғанын айта кеткен орынды. Дегенмен де аймақтық ерекшеліктерге байланысты басы ашылмаған мәселелер де өз шешімін күтуде. Жалпы, шығыс Сарыарқа археологиялық ескерткіштерінің хронологиялық диапазонының кеңдігімен ерекшеленеді. Сондай маңызды тақырыптардың бірі Абай облысы Аягөз ауданының археологиялық ескерткіштерінің зерттелу тарихының мәселесіне қатысты болмақ.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті жариялаған 2021-23 жылдарға арналған ғылыми жобалар аясында Қазақ ұлттық университетінің басшылығымен «Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының археологиялық ескерткіштері: пәнаралық зерттеу» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары аталған өлкеде өткен жылы басталды. Жобаның басты мақсаты – Аягөз ауданындағы әр дәуірдің археологиялық ескерткіштерінің толық картасын жасау. Сонымен қатар мүмкіндігінше қола, ерте темір және түркі дәуірі тайпаларының жерлеу ғұрпы, салт-санасы мен дүниетанымына қатысты материалдарды жүйелеу, сараптау мақсатында жаңадан ашылған ескерткіштердің ішінен ерекше қызығушылық туғызатын қорған, қоршауларға қазба жұмыстарын жүргізу. Осы мәселелерді шешу жолында ҚазҰУ ұстаздары және ғылыми қызметкерлерден жасақталған Алтай археологиялық экспедициясы құрылып, оның құрамында студенттер тәжірибеден өтті. Болашақ археологтердің теориялық білімдеріне практикалық жағынан далалық жағдайда тәлім берді.
Биыл зерттеу жұмысы Мамырсу ауылдық округіне қарасты Бозай қорымындағы үш қорғанда жалғасты. Бұл қорғандардағы қарапайым екі жерлеу орнында ескерткіштің абсолютті мерзімін анықтайтын ешқандай зат табылмады, ал орташа келген қорғанда сол заманда-ақ тоналып кеткеніне қарамастан, тас жәшікте сақ жауынгері жерленгені анықталды.
Далалық ізденістердің келесі сатысы осы аудандағы аталған округтен басқа, Тарбағатай, Ақшатау ауылдық округтеріндегі археологиялық ескерткіштерді есепке алу, нақты орындарын анықтау, картаға түсіру болды. Нәтижесінде жаңадан қола дәуірінің, ерте темір және түркі дәуірлерінің отызға тарта қорымы, қонысы және петроглифтер тобы тіркелді. Осы өлкеде алғаш рет сақ патшалары мен ақсүйектері жерленген элитарлық қорғандар тобы анықталып, есепке алынды. Бұл жерде айта кететін жайт, қорғандар оңай олжаны кәсіп еткен жергілікті халықтардың аяусыз тонауына түсуде. Бұл қорған, обалардың дені сол кездің өзінде тоналып кеткендіктен, біз, археологтер, өткен тарихымызды, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, шаруашылығы және т.б. жайттардан там-тұмдаған мағлұмат алу үшін тоналғанын біле тұра, қазба жұмыстарын жүргізуге тура келеді.
Бұлардың барлығы да сол заманның өзінде-ақ тоналып кеткеніне қарамастан, қорғандардың архитектуралық құрылысын, ондағы табылған олжаларды зерттеу мен топтау мәдени-тарихи кезеңдерді түйіндеуге және осы мәдениетті жасаған сақ тайпаларының даму деңгейін саралауға мүмкіндік туғызады. Алайда бұл археологиялық ескерткіштердің барлығы да осы уақытқа дейін өз қалпында жетпегенін ескергеннің өзінде, әлі де талай ғылыми құнды жаңалықтар өз ашылуын күтуде.
Ескерткіштің ірі көлемі жерленген адамның қоғамда өте жоғары мәртебеге ие болғанын дәлелдейді, оның басқа жұрттан ерекше артықшылығын көрсетеді. Сонымен қатар сақ дүниесі шеңберінде болған тығыз мәдени-шаруашылық байланыстар археологиялық материалдардан да анық көрініс береді. Осы ретте қорғандардың архитектуралық құрылысын, ондағы табылған олжаларды зерттеу мен топтау мәдени-тарихи кезеңдерді түйіндеуге және осы мәдениетті жасаған сақ тайпаларының даму деңгейін саралауға мүмкіндік туғызады.
Біздің жыл санауымызға дейінгі IX-VIII ғасырлармен мерзімделетін еліміздегі ең көне сақ қорғандарының бірінен табылған тың жәдігерлер ғылыми саралаудан өтіп, Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.
Табиғаты аса бай, тамаша археологиялық ескерткіштері бар Аягөз ауданындағы нақты ғылыми тұрғыдан алғандағы ауқымды зерттеулер биыл да үлкен жаңалықтарға толы ашылуларға бағыт алмақ.
Ғани ОМАРОВ,
Бауыржан БЕСЕТАЕВ,
Археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушылары