Тактильді кітаптағы ескерткіштер тарихы
Миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат өркениеті алғашқы жасалған тас құралдан бастап, ең соңғы ғылым мен техника жетістіктерін және рухани мәдени байлық үлгілерін түгел қамтитыны белгілі. Орталық Азияның төріне орналасқан Қазақстанның кең-байтақ даласында ғаламдық өркениеттің барлық ескерткіштерін кездестіреміз.
Сонымен бірге бұл өлкенің әлемдік өркениетке қосқан ұлттық мәдениеті де бар. Қазақстан территориясы адамзат тарихындағы екі мәдениет – көшпелілік пен отырықшылықтың түйіскен, қатар орналасып аралас-құралас өмір сүрген және төл мәдениеттерінің үздік үлгілерін бір-бірінен қабылдаған тарихи ғажап аймақта орналасқан.
Адамзат тарихындағы халықтардың аса ірі қоныс аударулары кезеңінде бұл аймақта сан түрлі халықтардың мәдени, рухани және тарихи ескерткіштерінің кешендері қалыптасты. Осы бағасыз байлықтың иесі, сақтаушысы, зерттеушісі, жаңғыртушысы да және бұл жайлы әлем халқын хабардар етуші де тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Бұл көпсалалы, ауыр да абыройлы міндетті атқару адамзат өркениеті алдындағы борышымыз.
Тәуелсіз Қазақ елінің әрбір еркін азаматы, ел болу үшін өзге бауырлас елдермен тереземіз тең болу үшін бізге міндетті түрде ата тарихымыздың куәсі болған ата мұраларымызды айрықша қастерлеуіміз керек.
2003 жылы бұл мәселе Қазақстан халқына арналған жолдауда көтеріліп, артынша 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» атты мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
Бүкіл адамзат тарихының дамуымен, біздің тарихымыздың тығыз және ажырамайтын байланысы және өзара қатынасының нәтижесі болып саналатын, материалдық және материалдық емес мәдениет пен руханият ескерткіштерін сақтауға бәріміз міндеттіміз. Сондықтан да Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана (ЗНКААРК) алғашқы рет өз пайдаланушылары үшін мәдени ескерткіштерге (кесенелерге) арналған «Қазақстан Республикасының ескерткіштерінің тарихы және мәдениеті тактильді кітапта» атты басылым шығара бастады. Тактильді кітаптардың сипаттамасы жайпақ баспа, нүктелі-бедерлі және бедерлі-графикалық, электронды тасымалдағышта берілген.
Әрбір тактильді кітап бірегей туынды. Оның басты мақсаты – зағип жандарға қоршаған әлемді нақты сезініп, көз алдына келтіре білетіндей және пайдалануларына жеңіл, тартымды, қолайлы етіп жасау. Сол сияқты зағип жандарға жан-жақты білім алуында және тәрбиелеуде маңызы зор. Бұл тактильді кітаптар сіздерді қазақ халқының маңызы зор қолөнерімен және мемлекет тарапынан қорғалатын шығыстың тарихи ескерткіштерімен таныстырады.
Кітапханадағы тактильді кітаптар XI-XII ғасырларда өмір сүрген ару қыз Айша бибі, Қарахан, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелері, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Тайқазан және т.б. тарихи ескерткіштерге арналған. Бұл кітаптар оқырмандарға тағы да бір өткен тарих парақтарына үңілуге мүмкіндік береді.
Тактильді кітаптарды шығарудағы негізгі мақсат – зағип, сондай-ақ нашар көретін оқырмандарға қоршаған әлемді зерттеуге және қабылдауға көмек беру. Оның көмегімен үлкен және кішкентай заттарды бейнелей алуға болады, оларды қазіргі түрінде қолмен тексеру мүмкін емес. Көптеген қарама-қарсы құбылыстар мен ұғымдарды тактильді кітаптағы суреттер мен заттар арқылы оңай түсіндіруге мүмкіндік бар. Мәселен, 1984 жылдан бері Финляндияда зағип және нашар көретін оқырмандарға арналған тактильді кітаптар жасалып келеді. Қазіргі уақытта Финляндияның зағиптар кітапханасында 300-ден астам кітап қоры бар, айтарлықтай өте көлемді кітап қоры, өйткені тактильді кітап жасау процесі өте көп уақытты қажет етеді. Тек суретшілер мен дизайнерлерден ғана емес, сонымен қатар тифлопедагогтер мен дефектологтерден де жоғары біліктілікті талап етеді.
Жоғарыда аталған тактильді кітаптар ЗНКААРК-ның кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөліміндегі «Оңалту» кабинетінде орналасқан. Сонымен қатар оңалту кабинетінде зағип жандарға, кейіннен жүре көз жанарынан айырылған зағиптарға Брайль жүйесі бойынша оқу мен жазуды үйретеді. Көз ақауы бар және жүре көз жанарынан айырылған зағип балалардың саусақ ұшы сезу қабілеттерін дамытуға, жұмыс істеу жасындағы жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды кеңістікті бағдарлауға бейімдейді. Сонымен бірге оңалту техникалық құралдары жайында ақпарат бере отырып, зағип балалары бар ата-аналармен жұмыс, зағип жандардың басқа адамдармен қарым-қатынас жасау үшін өзі-өзіне қызмет ету әдістері мен тифлотехниканы пайдалануға, әлеуметтік қарым-қатынас жасауға, әлеуметтік тәуелсіздікке, бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінде қазіргі заман құрылымына сәйкес, адам баласының қоршаған ортасын бірсарындылыққа әкелетін ғаламдандырудан қорғау шарасы ретінде мәдени мұра ескерткіштерін елге әйгілеу, сақтап қалу ерекше маңызды шаруа болып отыр. Еліміздің әрбір мұрасы біз үшін бағалы әрі қастерлі. Мәдени мұраларымыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табатынына кәміл сенімдіміз.
Баян Асанова,
т.ғ.к., доцент
Жансая Қосмырза,
«Кітапханалық ақпараттық жүйе» мамандығының
1-курс докторанты