"Дала мен қала" республикалық қоғамдық-саяси басылым
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ
Үстіміздегі жылы еліміздің биік мәртебелі Біріккен ұлттар ұйымына толыққанды мүше болғанына жиырма жыл толып отыр. Халқымыз үшін саяси-әлеуметтік маңызы орасан осынау мерейлі оқиғаның өткен жылы аталып өтілген тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығының қисынды жалғасы болуының бейнелік мәні бар. Иә, тарих өлшемімен алып қарағанда, бұл айтарлықтай көп уақыт емес. Жиырма жыл ішінде елімізде өте ауқымды оқиғалар орын алды. Қазақстан өз тәуелсіздігін ресми түрде бұрынғы кеңестік республикалар арасында ең соңынан, 1991 жылдың 16 желтоқсанында жариялады. Осыған орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің тәуелсіздігіміз үшін күрестің ең күрделі де жауапты кезеңі 1991 жылы дербестігімізді алғаннан кейін барып қана басталды» деп жазған болатын. Ұлы істің сыншысы – Уақыт. Жасампаздық, еңбек, тұрақтылық, бірлік пен татулық арқасында дербестігімізді сақтап қалдық. Ғалым МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор
Қазақстан егемен ел ретінде отау тіккен кезеңде посткеңестік кеңістікте аса күрделі саяси-әлеуметтік, экономикалық дағдарыс өршіп тұрған еді. Алып империяның құлауы саяси жүйенің кемшіліктеріне, экономика салаларындағы тоқырауға, ұлтаралық қатынастарда орын алған олқылықтарға байланысты болды. Осы орайда Мәскеу зиялыларының тоқсаныншы жылдар басында Қазақстан болашағына күмәнмен қараған пікірлері есіме түсіп отыр. Кеңестер Одағын күйреткен қайшылықтардың барлығы Қазақстанда тоғысатындықтан, жеке мемлекет болып қалыптасуына күдікпен көз тастаған еді. Бұл уақыт Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанында сипатталатын ұлтымыздың басынан өткен жанкешті ахуалды еске түсіретін: Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ, Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ. Артында – ор, алдында – көр, жан-жағы жау, Дағдарған Алаш енді қайда бармақ? Осындай қиын-қыстау жағдайда ұлт Лидері – Нұрсұлтан Назарбаев саяси сахнаға көтеріліп, халқымызды тарихи тығырықтан алып шықты. Өйткені, ол бұрынғы жүйені жақсы білетін, жаңа қалыптаса бастаған либералдық жүйені де терең зерттеген еді. Қиындықтарды еңсеру үшін Нұрсұлтан Әбішұлы 1993 жылы елді дамыту бағдарламасын ұсынды. Еліміз дамуының негізгі төрт бағыты таңдап алынды. Біріншіден, формальды-құқықтық тәуелсіздіктен нақты тәуелсіздікке ауысу міндеті қойылды. Екіншіден, бұл кезеңде мемлекеттілікті нығайту стратегиялық бағыт ретінде таңдап алынды. Үшіншіден, жүйелі де кең көлемді экономикалық реформалар жасауға бағдар ұсталынды. Төртіншіден, прагматикалық сыртқы саясат жүргізілетін болды.
ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның алдында даму жолы мен оның негізгі бағыттарын анықтау, егемен мемлекет ретінде қалыптасу мақсаты тұрды. Биліктің мемлекеттік институттарын құру, мемлекет нышандарын енгізу, ел аумағын анықтау, халықаралық аренада танылып, түрлі ұйымдарға мүше болу сияқты кезек күттірмейтін міндеттер солардың қатарына жататын. Алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін Елбасымыз 1992 жылы «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты тұжырымдамалық еңбегін ұсынды. Бұл Стратегия қазақстандық қоғамның даму бағыттарын айқындаған еліміздің алғашқы ресми құжаттарының бірі болды. Қазақстан қоғамын жаңғырту жөнінде алға қойылған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін 1993 жылы қабылданған Негізгі заңда мемлекеттік егемендіктің саяси-құқықтық негіздері жасалып, қоғамның материалдық және рухани өмірін жаңғыртудың стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін басты қағидаттар бекітілді. Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде дамуы елдің мемлекеттік рәміздерін жасап, қабылдауды кезек күттірмейтін міндеттер қатарына қойды. Елбасының тікелей қатысуымен Жоғары Кеңес 1992 жылғы мамырда жаңа Мемлекеттік ту мен Елтаңбаны бекітті. Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінде біздің ежелгі тарихымыз, ұлттық жетістіктеріміз, арман-мұратымыз, болашағымыз көрініс тапқан. Елдің тәуелсіздігін бекітетін заң, мемлекеттік рәміздер мен Конституция қабылдау бір жыл ішінде жүзеге асуы мүмкін, ал олар ғасырлар бойына елдің болашағына қызмет етпек. Елдің болашақ дамуын айқындайтын осындай сындарлы кезеңде посттоталитарлық қоғамды, әсіресе кеңестік адамдардың бірнеше буыны бастан өткерген империялық коммунизмді өзгертудің тиімді тәжірибесі және қажетті білімі бар, дайындықтан өткен кадрлардың болмағанына байланысты Елбасы жаңа тұрпатты басқарушылардың бірнеше буынын өсірумен, оларды тәрбиелеумен, іздестірумен тікелей айналысты. Қазақстан БҰҰ құрамына кіріп, әлемдік қауымдастықтың толық құқылы мүшесіне айналды. Халықаралық аренадағы ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті сақтау, саясат пен экономикадағы әділ әлемдік тәртіпті қалыптастыру, тұрақты даму үшін берік негіз жасау ауқымында Қазақстан Республикасының стратегиялық қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ел жылнамасындағы маңызды оқиға болған ұлттық валюта төл теңгеміз табысты енгізіліп, еліміз халықаралық қаржы институттарына кірді және экономиканың әкімшіл-әміршіл қағидаттарынан түбегейлі бас тартты. Қазіргі таңда әлемдік қаржылық дағдарыс барысында төл теңгеміз өзінің берік әрі тұрақты валюталардың бірі екендігін мойындатты. Сонымен қатар, ішкі экономикамыздың тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуші маңызды құрал болып толықтай орнықты. Қазақстан бірінші болып посткеңестік кеңістікте нарықтық экономиканың институттарын құрумен қатар, мемлекеттік басқару және реттеу секілді әлемдік тәжірибеде мойындалған стратегиялық жоспарлауды таңдап алды. Нәтижесінде, аталған стратегияның жүзеге асырылу барысында еліміздің басты даму бағыттары анықталып, тәуелсіздігіміздің тұғыры қаланды.
МЕМЛЕКЕТТІЛІК НЕГІЗДЕРІ Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген дамыған мемлекеттің негізін және мемлекеттілігін қалыптастыруда саяси көшбасшының алатын рөлі зор. Өйткені қиын-қыстау кезеңінде көшбасшылар тұрақтылықтың кепілі ретінде ерекше мәнге ие болады және қайта құрулар мен өзгерістердің бастаушысы болып табылады. Сонымен қатар ол идеяларды, бағдарламаны ұсынып қана қоймайды, оны жүзеге асырудың тетіктерін де көрсетеді. Н.Ә. Назарбаевтың озық әрі маңызды шешімдерінің бірі – президенттік институтты енгізу болып табылады. Президенттік билік қазақ мемлекеттілігінің тұғыры, маңызды элементі және кешенді реформалардың бұлжымас тірегі болып табылады. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер эволюциясының жүйелік логикасын қамтамасыз еткен Президенттік институт қана болды. Елбасымыз түбегейлі терең өзгерістер заманында президент лауазымы қоғамды тиімді демократияландыру мен жаңғыртуда негізгі рөл ойнайтындығын түсінді. Сондықтан Қазақстан КСРО-ның басқа елдерінен президент қызметін бұрын енгізіп, тарихи даналық танытты. Осы уақыттан бастап президент институты – біздің еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің кепілі, әлемдік қауымдастыққа сәтті кірудің, әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың басты кепілі. Мемлекеттіліктің негізін қалап, тәуелсіздік жариялаған елін дағдарыстан алып шыққан тарихи тұлғалар көп емес. Олардың қатарына Дж. Вашингтон, Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куан Ю, Махатхир Мохаммад және т.б. жатқызуға болады. Аталған тұлғалар сияқты мемлекеттіліктің негізін қалап елді тығырықтан алып шыққан тарихи тұлға ретінде Елбасымыз. Н.Ә.Назарбаевтың есімі лайықты деп ойлаймыз. Қазақстан ғаламдық демократиялық тренд пен қоғамдық пікірді ескере отыра, либералды құндылықтар мен қағидаларға негізделген демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет құру жолын таңдады. Бұл реформаларды жүзеге асыру үшін егемендігіміздің негізі болып табылатын мемлекеттік шекараны толықтай бекіту көзделді. Нақтыланбаған территориялар белгіленіп, еліміздің түбірлі тарихи жерлері халыққа қайтарылып, мемлекеттік шекарамыз заңды негізде бекітілді. Сондықтан саяси реформалаудың негізгі бағыттары ретінде тек қана Президент институтын ғана емес, сонымен қатар парламентаризмді, көппартиялық жүйені қалыптастыру жолға қойылды. Қоғамды реформалауда мемлекеттің жүйешіктеріне «кері байланыс» ретінде ықпал ететін азаматтық қоғамның институттары қаланды. Қазақстанның ілгері шапшаң дамуы және халықаралық аренаға шығуы үшін жаңа Конституцияны қабылдау қажеттілігі туындады. 1995 жылы қабылданған Конституция Қазақстан тәуелсіздігінің құрылу негізін қалап, саяси жүйенің демократиялануына жол ашты. Конституциялық ережелер мен билік бөлінуінің конституциялық қағидасына негізделген мемлекеттің барлық институттары арасындағы келісімдер демократиялық мемлекетте қоғамды тұрақтандырудың кепілі ретінде жетістікке жетудің кілті болып табылады. Конституцияда әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға жаңа серпіліс беріліп, мемлекеттігіміздің негізі заңдастырылды. Қазақстан – тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда саяси күйзелістен аман шыққан посткеңестік кеңістіктегі жалғыз мемлекет. Елімізде барлық тілдердің теңдігі үшін жағдайлар жасалып, оның шарттары Конституциямен бекітілген. Аса назар аударатын мәселе, тек қана біздің елде үш тұғырлы тілмен бірге кез келген этникалық топтың өзінің ана тілінде еркін сөйлеу мүмкіндігі бар, барлық этностар мәдениетінің дамуына шынайы мүмкіндіктер қарастырылған. Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халықтар Ассамблеясы ұлтаралық келісімді қамтамасыз етудің бірегей институты болып табылады. Ассамблеяға әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары баға берілуде, этникааралық татулықтың қазақстандық үлгісі өзінің тиімділігін дәлелдеді, өйткені тәуелсіздік жылдарында біздің елімізде ұлттық немесе діни негіздегі ешбір жанжал болған емес. Астанамыз – Қазақстан мемлекеттілігінің жасампаздығын сипаттайтын символ. Бұл жүзеге сәтті асырылған тағдырлы саяси шешім, Елбасы үшін ұлы ерліктердің бірі болды. Әлемдік саясатта жетекші рөл ойнайтын астаналар сияқты Елордамыз Астананың үлкен геосаяси маңызы бар. Еліміздің қиын қыстау заманнан аман шығып, сәтті дамуы, халықаралық аренада өзіндік беделге ие болып, әлем қызығатындай демократиялық реформалардың жүзеге асырылуы – берік мемлекеттік негіздің толықтай қаланған көрінісі деп пайымдауға болады.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ РЕФОРМАЛАР «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымды басшылыққа алған мемлекетімізде егемендіктің алғашқы күндерінен-ақ экономиканы жаңа нарықтық үлгіде қалыптастыру қолға алынды. Еліміздің экономикалық саясаты бұрынғы жоспарлы экономиканы түбегейлі реформалау арқылы еркін нарықтық экономикаға қарай бағыт алды. Елбасы экономика салаларын реформалау үшін алдымен мемлекеттік басқару жүйесінің заңнамалық негіздерін түбірінен өзгерту қажеттілігін айқындады. 1992-1995 жылдары Президенттің заң күші бар 140-тан астам Жарлығы жарияланды. Осы заңдардың аясында ең әуелі меншікті жекешелендіру реформасы іске асырылды. Қаржы жүйесі халықаралық стандартқа сай екі деңгейге көшіріліп, жекеменшік коммерциялық банктер қызмет жасай бастады. Банк жұмысын заңды түрде реттейтін экономикалық тетіктер мен құралдар іске қосылды. Ұлттық валюта – теңге айналымға енді, бұл экономикамыздың дамуының қозғаушы күші болды деуге болады. Өндірістік нысандарды жекешелендіру арқылы мұнай, газ саласына шетелдік инвестиция тартылды. Жер туралы заңның қабылдануы нәтижесінде экономикасы дамыған елдердегідей жерге жекеменшік заңдастырылды. Жекелендірулер толып жатқан іркілістерімен жүзеге асты. Сонымен қатар достастық елдерінде алғашқы болып жинақтаушы зейнетақы қорларын құру жүзеге асырылды, қаржы нарығында сақтандыру қорлары, ипотекалық несие беру жүйесі қалыптасты. Кезең-кезеңмен жүзеге асырылған шаралар 1996 жылы өзінің ең алғашқы нәтижесін берді. Реформалардың тетіктері жасалып, инфрақұрылымдар дамып, экономиканың барлық салаларын қамтығаннан кейін елдің келешектегі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мақсат-мүддесін белгілеп алу қажеттігі туындады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен еліміздің ұзақ мерзімді даму бағдарламасы – «Қазақстан – 2030» стратегиясы жасалды. Аса маңызды бұл құжат ел өмірінің болашақтағы дамуын айқындап берді. Бүгінде дамыған елдермен бәсекеге түсетін дәрежеге жеткен Қазақстан дүниежүзі елдерінің ішінде алғашқы 50 ел қатарына қосылды. Елбасымыздың «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» атты стратегиялық бағытын жүзеге асыру нәтижесінде мемлекетіміз жиырма жыл ішінде Орта Азия аймағында көш бастап, дамушы елдердің қатарынан орын алды. Егер 1994 жылы жалпы ішкі өнім әр адам басына шаққанда бар болғаны 700 долларды құраса, ал 2012 жылы 11000 доллардан асты. Жалпы экономика өткен, 2011 жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға көтерілді. Мемлекеттердің 1994-2011 жылдардағы экономикалық өркендеуін салыстырып қарайтын болсақ, біздің даму деңгейіміз жоғары екендігіне көзіміз жетеді. Оған дәлел жалпы ішкі өнімнің мөлшері Оңтүстік Кореяда бар болғаны 3 есе, Малазияда 2 есе, Венгрияда 5 есе, Польшада 4 есе артқан. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 12 есе өсті, оның қазіргі деңгейімен алғанда 180-нен астам әлем елдерінің бел ортасындамыз. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуы, кешегі 2007-2008 жылдардағы әлемдік қаржылық дағдарыстан қиналмай өтуі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен жасақталған Ұлттық қормен байланысты. Ұлттық қорымыздың құрылуы туралы қоғамда әр түрлі пікірлер айтылғаны баршаға мәлім. Елбасының көрегендігі, болашақты бағдарлау қабілеті нәтижесінде жасақталған Ұлттық қор – еліміздің тірегі де, мақтанышы да. Қазіргі таңда Ұлттық қорда 45,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы жинақталған. Бұл Қазақстан халқының санын назарға алатын болсақ, аз дүние емес. Қазіргі экономикалық дағдарыс толқынына төтеп беру үшін Ұлттық қор қаржысы пайдаланылуда. Елбасының тікелей тапсырмасымен 2009-2011 жылдарда жүзеге асқан «Жол картасы» бағдарламасының арқасында дағдарыстан еңсемізді түсірмей, керісінше экономикалық өсумен өтіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әлеуметтік жағдайы біршама жақсарды. Елбасының тапсырмасымен елімізде «Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы» дайындалды. Үкімет қағидатты түрде жұмысқа тартуды қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын бекітті, нәтижесінде 2020 жылға дейін 1,5 миллион адамды сапалы жұмыспен қамту көзделіп отыр. Дағдарысты ахуалдардың алдын алу үшін экономиканы әртараптандыру жүзеге асырылуда. Ал үдемелі индустриялық-инновациялық даму стратегиясы ел экономикасын технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыратын, қазақ елін индустриялы мемлекет құрып жатқан елдердің санатына қосатын маңызды тетік. Елбасы 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде ТМД елдерінде «Бірлескен экономикалық кеңістік» аша отырып, нарықтық экономиканы бәсекелестік жүйемен жүргізу мақсатын қойды. Осының нәтижесінде Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылды. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – Кедендік Одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік бүгінде өз шешімін тапты. Осы арқылы әлемдік нарыққа жаңа сипатта шығуға жол ашылды.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республика егемендігін жаппай таныту, әлем елдерімен дипломатиялық қатынас орнату, халықаралық ұйымдарға егемен ел ретінде қатысу, жаңа жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды елдің сыртқы саясатының кезек күттірмейтін мәселелерін шешу қажет болды. 1991 жылдың 21 желтоқсанында Елбасының табанды бастамасымен Алматыда шақырылған посткеңестік мемлекеттер басшыларының саммиті өтті және «Алматы Декларациясы» және «Тәуелсіз елдер достастығы туралы Хаттаманың» дүниеге келуі – жойылып бара жатқан империяны аласапыранды ыдырауының қауіпін тоқтатып, посткеңестік кеңістікте жаңа сипаттағы интеграциялық үдерісті бастады. Мұның өзі посткеңестік кеңістікте жаңа бір тарихи даму кезеңінің басталғандығын көрсетті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев посткеңестік елдердің өзара ықпалдасуының қажеттігін ескере отырып көтерген Еуразиялық идеясының дұрыстығын уақыт тарихи тұрғыдан дәлелдеп берді. Республикамыз Орталық Азиядағы ықпалдасу үдерісінің алғы шебінде келеді, өңірдегі елдерге экономикалық және саяси жәрдем көрсетуде, сонымен қатар жалпыөңірлік мүдделерді қолдау ісінде өзінің халықаралық ұйымдардағы ықпалы мен рөлін белсенді түрде пайдаланып келеді. Қазақстан Республикасының түбірлі ұстанымдарының бірі – қоғамдық орнықтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Ел ішінде ұлтаралық келісім саясатын дәйекті түрде жүргізіп, көп ұлттар мен діндердің ынтымағын жарастырған қазақстандық үлгі қалыптастырды. Елдің орнықтылығы мен қауіпсіздігі әлемдік тұрақтылық және қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Жүзеге асырылып келе жатқан республиканың көп векторлы сыртқы саясаты өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қазақстанның географиялық орналасу ерекшелігі оның геосаяси және геоэкономикалық сыртқы саясатын анықтаудың негізі болып табылады. Қазіргі таңда ел экономикасын дамытуға және саяси жаңғыртуға оңтайлы сыртқы орта қалыптасты. Ұлттық және аймақтық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді бейтараптау саласында орасан зор жұмыстар атқарылды. Қазақстанның бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары Кеңесінің құрылуы жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосылған елеулі үлес болып табылады. Оның дәлелі ретінде тәуелсіз еліміздің алғашқы сыртқы саяси қадамы болып саналатын АӨЫСШ ұйымының құрылуын көрсетуге болады. Сонымен қатар Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясындағы көп жақтылы ынтымақтастықта белсенді рөл атқарып келеді. Қазіргі заманның аса ықпалды халықаралық ұйымдары саналатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымына еліміздің төрағалық етуі Қазақстанның халықарадағы жоғары беделінің көрінісі болып табылады. Әсіресе, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына посткеңестік республикалардан Қазақстанның бірінші болып төрағалық етуі – еліміздің Еуропа елдерінде үлкен сенім мен үмітке ие екендігін аңғартады. Қабылданған Астана декларациясы әлемдік саясатта «Еуразиялық қауіпсіздік» және «Астана рухы» ұғымдары арқылы қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа түсінігін қалыптастырды. Қазақстан Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің тоғысқан өңіріндегі бейбіт ел болғандықтан, бүгінгі күні әлемдік өркениеттер арасында дәнекерлік – көпірлік рөлін белсенді атқарып келеді. Әлемдік дәстүрлі өркениеттер арасындағы келіссөздерді ұйымдастырып, Батыс пен Ислам әлемі арасында ой-пікір алмасуға айтарлықтай игі ықпал жасауда. Сонымен Қазақстан әлемдік конфессияаралық үнқатысудың бастамашысы және ұйымдастырушысы ретінде әлемге танылып отыр. Астанада дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің тәжірибесінде әлемдік дәстүрлі өркениеттер арасында сұхбат жүргізудің қазақстандық жаңа моделі ұсынылды. Оның әлемдік бейбітшілік пен ортақ өркендеуге тигізетін әсері зор. Қазіргі таңда Елбасы әлемдік қаржылық дағдарыс пен қақтығыстарға қарсы күресуде халықаралық субъектілердің, ғалымдардың, сарапшылардың басын қосатын G-GLOBAL атты жаңа форматтағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық алаңын құруды ұсынды. Келесі әлемдік дәрежедегі батыл қадамдардың бірі – энергоэкономикалық стратегияның бастамасы болып табылатын «Жасыл көпір» идеясы. Бұл ұсыныстар әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тапты. Аталған қадамдар Қазақстанның 20 жылдық жетістіктерімен шектелмей, одан әрі болашақ дамуға ұмтылуының жаңа белесі болмақ. Сонымен біз, әлемдік қауымдастықтың дамуына үлес қосқан, саяси-экономикалық үдерістерге ықпал еткен Елбасымыздың ғылыми негізді бастамалары халықаралық дәрежеде мойындалғандығының куәгері болып отырмыз.
ТҮЙІН Елбасымыз ұсынған дамудың төрт бағытының арқасында, басқа мемлекеттер жүздеген жылдарда жетпеген табысқа біз жиырма жылда қол жеткіздік. Бұл бағыттар еліміздің стратегиялық дамуындағы анықтаушы және бағыттаушы негізге айналды, халқымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздік тұғырын нығайта түсті. Егемендіктің жиырма жылы ішінде тындырылған орасан істердің барлығын шағын мақалада сипаттап жазу мүмкін емес. Дегенмен, тәуелсіздігіміздің 20 жылдық даму тарихында жоқтан бар жасап, мемлекет тұғырын бекітіп, мемлекеттілік негіздерін қалап, әлемдік қауымдастық санасатын елге айналдық. Тәуелсіздік жылдардан бергі сәтті әрі тиімді жүргізілген саяси-әлеуметтік және экономикалық реформалар Қазақстанның әлемдегі орнын анықтады. Алайда, осынау жасампаз өзгерістердің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен кемеңгерлігі арқасында жүзеге асқанын әлем жұртшылығы мойындап отыр. Осы ретте араға жылдар салып кездескен мәскеулік профессор-әріптестерім Қазақстанның бүгінгі бет-бейнесі, келешегі туралы сөз бола қалғанда: «Сіздердің Президенттеріңіз – ұлы тұлға. Президенттен жолдарыңыз болды», – деп тәнті болатынын тілге тиек еткім келеді. Иә, айтқандай-ақ еліміз дұрыс таңдау жолымен алға батыл қадам басып, аз уақыттың ішінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы көшіне қосылды. «Қазақстандық жол» бізді тарихтың қатал сындарынан сүріндірмей алып өтті. Біз жас ел болсақ та, кемелденген мемлекетке айналдық. Ерен еңбек пен қажымас қайраттың арқасында қол жеткізілген жетістіктеріміз әрбір қазақстандық үшін ең басты құндылық. Бүгінгі күнде 20 жылдық даму мен жасампаздық нәтижесінде қаланған мемлекеттілік құндылықтарын сақтау – алдыңғы қатардағы бүкілхалықтық міндет. Стратегиялық реформалар барысында қоғамдық ынтымақтастыққа шақырып, ғаламдық қауіптерге тойтарыс бере алатын мемлекет екендігімізді халықаралық аренада және әлемдік мінбелерде дәлелдедік. Бүгінде дамуымыздағы ұлан-ғайыр істерге қорытынды жасалып, болашаққа бағдарлар анықталды. Қазақ елі Ұлы істердің басында тұр. Өткенге салауат айта отырып, мемлекетіміздің болашағына, еліміздің гүлденуіне сәттілік тілейік!
БҮГIНГI ҚАЗҰУ –Ғылым-бiлiм жѕне инновация ордасы Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ел Президенті жүктеген әлемдік деңгейдегі зерттеу университетін құру тәрізді мемлекеттік маңызы бар міндетті жүзеге асыру жолында жұмыс атқарып келеді. Осыған орай университетте ірі құрылымдық өзгерістер орын алды. Факультеттер кластерлік бағытта дамып отыр, кафедралар іріленді, материалдық және ғылыми-зертханалық база кеңеюде, ғылым, білім және инновацияны дамытуға барлық жағдай жасалған. Университеттің менеджмент жүйесін атқарымдық басқарудан жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін үдерістік менеджментке ауыстыру жүріп жатыр. Инновациялық менеджменттің бір элементі нәтижеге бағытталған, қойылған міндеттерді орындау үшін университет оқытушыларының және құрылымдардың индикативті көрсеткіштерін сандық жағынан өлшеуге мүмкіндік беретін басқаруды қолдану болып табылады. Бұл ретте қызмет бағыты, оқытушыдан бастап, кафедра, факультет, университеттің нәтиже көрсеткіші зерттеу университетінің сипатына сәйкес болу үшін түгелдей белгілі бір тәртіппен беріледі. ҚазҰУ-дың жұмыс сапасын үздіксіз жетілдіруге енгізілген «Кайдзен» жүйесі де зор ықпал жасап отыр. Оған университеттің барлық оқытушылары, қызметкерлері және студенттер толық тартылған. Университет ұжымының жаңару мен жаңғыру жолында тер төккен еңбектері өзінің алғашқы жемістерін беруде. Quacquarelli Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің зерттеулеріне сәйкес 2011 жылы ҚазҰУ үздік секіріс жасады. Дүниежүзі деңгейіндегі университеттер көрсеткіші бойынша бір жыл ішінде әлемдік топ-университеттер рейтингінде бірден 200 орынға жоғарылап, 401-450 дәрежеге енді. Бұл ретте ҚазҰУ әлемдік үздік университеттердің ортаңғы бөлігіне жақындаған Орталық Азиядағы тұңғыш университет болып табылады. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Біріккен ұлттар ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына мүшелікке қабылданған еліміздегі жоғары оқу орындары арасындағы жалғыз әрі тұңғыш университет. ҚазҰУ әлемнің 200-ден аса ірі университеттерімен тығыз әріптестік байланыстар орнатып, әлемдегі үздік жоғары оқу орындарымен келісім-шарттар жасасқан. Жыл сайын университетке 350-ден аса танымал шетелдік ғалымдар келіп дәрістер оқып, ғылыми тәжірибелерімен бөліседі. Академиялық алмасу, екі дипломды білім беру жүйесі белсенді жүруде, шетелдік ЖОО-мен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Колумбия университетінің (АҚШ) Global Сlassroom бағдарламасының «Integrated Approaches to Sustainable Development Practice» курсы бойынша халықаралық энергоэкология кафедрасы құрылды. Корё университетімен (Оңт. Корея) бірге 56 мың шаршы метр аумаққа негізделген медицина орталығының құрылысы жоспарланып отыр. Оның құрылымында оқытушылар мен студенттерге арналған заманауи емхана, ғылыми-зерттеу зертханасы, қажетті инфрақұрылымдар болады. Жобаны қаржыландыруға шетелдік инвестиция есебінен 152 млн. АҚШ долларын тарту қарастырылған. 2011 жылдың қазанында ҚазҰУ-да әлемнің 30 елінен келген жүзге тарта университеттің профессорлары мен ғалымдары, сонымен бірге IGIP, IFEES, SEFI, COPEC халықаралық ұйымдарының және отандық жоғары оқу орындары басшыларының басын қосқан «Зерттеу университеттерін қалыптастыру және олардың Қазақстан Республикасының инновациялық дамуына қосатын үлесі» тақырыбында өткен халықаралық форумы университет беделін жоғары дәрежеге көтерді. Форумда шетелдік қонақтардың қатысуымен «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ достары» атты халықаралық клуб құрылды. Бұл халықаралық бірлестіктің жұмысы университеттің дамуына, оның әлемдік ғылым-білім кеңістігіндегі беделін нығайту мен дамыту мақсатында ерікті түрде қаланды. Университетте интеллектуалды әлеует, қазақстандық ғылымның элитасы қалыптасқан, мұнда екі мыңнан аса жоғары білікті оқытушы, оның ішінде 11 ҚР ҰҒА академигі, 53 инженерлік академия мен басқа да академияның академиктері, 300 ғылым докторы, 700 доцент пен ғылым кандидаты, 40 РhD докторы, жетпістен аса мемлекеттік және атаулы сыйлықтардың лауреаттары бар. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына ҚазҰУ «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» жобасын арнады. Жобаның басты мақсаты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін ғылымды көбірек қажет ететін технологияларға, одан әрі өндіріске конвертациялау болды. Міне, мұның өзі университеттің еліміздің индустриялдық-инновациялық және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған елеулі үлесі болмақ. ҚазҰУ-да еліміздің әр аймағынан және алыс жақын шет елдерден келген 19 мыңнан астам студент білім алуда. Университет халықаралық стандарттарға сай білім бағдарламасына толығымен көшіп, 14 факультет негізінде 180 мамандық бойынша бакалавр, магистратура және докторантура сатысында мамандар дайындайды. Университеттің ғылыми инфрақұрылымы 24 ғылыми-зерттеу институтынан тұрады, еліміздегі ЖОО-да атқарылып жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының 50% осы институттардың үлесіне тиесілі. Әлемдік жоғарғы рейтингті журналдарда жарияланатын қазақстандық зерттеушілер еңбектерінің 25% ҚазҰУ өкілдерінің жариялынымдары құрайды. 2012 жылы университет тарихында бірінші рет ҚазҰУ ұтып алған, Білім және ғылым министрлігі жариялаған елдің ғылыми-техникалық дамуының 5 басым бағыты бойынша гранттық қаржыландыру көлемі 2,4 миллиард теңгені құрады. Нәтижесінде университет ғалымдары мен оқытушыларының 238 ғылыми жобасы жүзеге асырылады. Бүгінде жоғарғы ғылыми әлеуетінің нәтижесінде ҚазҰУ барлығы 3,5 миллиард теңгені құрайтын ғылыми жобаларды жүзеге асыруды жүргізіп келеді. Бірінші рет ҚазҰУ ғалымдары Hewlett-Packard компаниясының инновациялық зерттеу жобалары конкурсына барлығы бір миллион АҚШ долларын құрайтын 9 өтініш берді. Студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартуды күшейту үшін, ғылым мен білім беру саласының интеграциясын қамтамасыз ету және ғалым мамандардың сабақтастығын жалғастыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың 10 пайызы университет Ғылыми кеңесінің шешімі бойынша жобаларға студенттер мен жас ғалымдарды тарту үшін арнайы бағытталып отыр. Осы жылы бұл мақсатқа жалпы 250 млн. теңге ақша жұмсау көзделіп отыр. Студенттердің инновациялық идеялары студенттік бизнес-инкубаторларда жүзеге асады. Елбасының биылғы жылғы Жолдауында білім беру үдерісінің тәрбиелік маңызын арттыру міндеті қойылды. КазҰУ-да бұл міндетті жүзеге асыру университеттік білім беру жүйесін ізгілендіру стратегиясынан көрініс тапты. Модульдік білім беру жүйесі негізінде енгізілген компетенттік тұрғы болашақ мамандарды қалыптастырудағы ең басты міндеттердің бірі олардың кәсібилігі мен әлеуметтік-азаматтық көзқарастарын қалыптастыруға негізделген. Студенттердің әлеуметтік қоры қалыптасқан. Бұл қор қаржысы университет тарапынан ғана емес, сондай-ақ университет түлектерінің, демеушілердің, әріптестердің қаржысы есебінен де құралып отыр. Нәтижесінде 200-ден аса студент оқу ақысын төлеуде жеңілдіктерге ие болса, 150-і қайырымдылық және демеушілік шәкіртақыларының иегерлері. 300-ден аса студент жыл сайын студенттік құрылыс жасақтары сапында еңбек етеді. Бүгінгі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бұл ірі ғылым-білім және инновация орталығы, мұнда жаңа білім, тың идеялар мен технологиялар дүниеге келуде. Елбасы Жолдауында көрсетілгендей, уиверситеттің басты бағыты: әлемдік университеттердің үздік рейтингісінен орын алу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін ғылымға енгізу мен адам капиталы сапасын арттыру болып табылады.
«Дала мен Қаланың» анықтамасы: Ғалым Мұтанұлы МҰТАНОВ «Парасат» орденінің иегері. Техника ғылымдарының докторы, профессор. 1995 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, 2002 жылы ҚР Білім және ғылым вице-министрі, 2003 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры қызметтерін атқарған. Ғ.Мұтанов әлеуметтік-экономикалық үдерістер аясындағы тақырыптарға жазылған 400-ден артық ғылыми жарияланымның, соның ішінде 10 монографияның, оқулықтардың, оқу құралдарының, сондай-ақ 35-тен астам патенттің, өнертабыстардың авторы. IGIP Халықаралық инженерлік педагогика қоғамы Орталық Азия бөлімшесінің Президенті және мониторинг комитетінің мүшесі (Швейцария), Халықаралық инженерлік білім федерациясындағы (IFEES) Қазақстандық қоғамның (KazSEE) Президенті, UNESCO білім берудегі ақпараттық технологиялар институты Басқарушылар кеңесінің мүшесі (Париж). Ол «Техникалық жоғары оқу орнының еуропалық оқытушысы» атағының, республиканың ғылымын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін көрнекті ғалымдарға арналған ҚР ҰҒА-ның грантының, «ҚР Үздік өнертапқышы», Халықаралық библиографиялық орталықтың күміс медалінің (Кембридж), «The United Europe» алтын медалінің (Оксфорд) иегері. «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Құрметті инженері», «ҚР Еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері», КСРО-ның дзюдо күресі бойынша спорт шебері, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт қайраткері.