Биология және биотехнология факультетінің биофизика мен биомедицина кафедрасының меңгерушісі, б.ғ.д., профессор С.Т. Төлеухановтың ұйымдастыруымен «Хронобиология орталығы» 2012 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істеуде.
Бұл орталықтың негізгі мақсаты: Салауатты өмір салты қағидаларын ЖОО‑ның оқу‑тәрбие үрдісінің құрылымына ықпалдастыру, аурулардың алдын алу, студенттер, оқытушылар, қызметкерлер және университет қоғамдастықтарының денсаулығын арттыру.
5 наурыз күні №7 жатақана студенттеріне «Хронобиология орталығының» мүшелері биофизика және биомедицина кафедрасының эдвайзерлері доц. З.А. Асқарова, аға оқытушылар Е.В.Швецова, М.С.Кулбаева және магистранттардың ұйымдастырумен «Туберкулез-ғасыр індеті» атты семинар – лекция өткізілді.
Қонаққа биология және биотехнология факультетінің деканның тәрбие және оқу ісінің орынбасары А.Е.Ережепов пен студенттер емханасының І дәрежелі терапевт-дәрігері Бакашева Майра Кабылкановна қатысты.
Шараны өткізудегі мақсат – әкімшілік органдарының, студенттердің назарын туберкулез проблемасына аудару, тұрғындарды аталған ауру туралы ақпараттандыру, медициналық көмекке дер кезінде жүгіну, салауатты өмір салтын насихаттау.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, халықтың денсаулығына әсер ететін тиімді шара – бір жағынан ауруларды болдырмауға жағдай жасау, ал екінші жағынан салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ету.
Семинар-лекцияны 2 курс студенттері Салмуханова Жұлдыз, Орынбасарова Айнур, Құралбекова Айжан, Қонырбаева Айгерім, Джексенова Зауре дайындаған презентация-баяндамаларымен басталып, дәрігер-терапевт Бакашева Майра Кабылкановнаның лекциясымен жалғастырылды. Лекция-семинар студенттер арасында өте қызығушылық тудырды. Лекция соңында көптеген сұрақтар қойылып, студенттер өздеріне керекті мағлуматтармен танысты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан - 2030” жолдамасындағы ұзақ мерзімді басымдықтың бірі – “Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты” тармағында,“…азаматтарымыздың өз өмірінің аяғына дейін дендері сау болуы және оларды қоршаған табиғи ортаның таза болуы үшін” азаматтарымызды салауатты өмір салтына әзірлеу қажеттігі көрсетілген.
Бүгінгі таңда өз тәуелсіздігін алған егеменді еліміз осы бағытта Қазақстан жоғарғы оқу орындарында жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан дара тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіп қойылған.
Қазақстан азаматтарының денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын ынталандыру туралы елбасының жолдауын, егемендіктің кілтін ұстар жастардың болашағына апаратын, алтын сүрлеу десе болады.
Мамандардың пікірінше, Қазақстан бойынша өлім-жітім деңгейі алаңдатарлық жағдай болып қалуда. Соның ішінде бірінші орынға жүрек-тамыр жүйесінің аурулары, қауіпті ісіктер мен туберкулез аурулары иемденіп отыр. Мамандардың айтуынша, аталмыш аурулар халықтың жас әрі еңбекке қабілетті бөлігін қамтуда. Еліміздегі демографиялық жағдайды ескерсек, жұмысқа қабілетті жастағы тұрғындардың жиі ауыратыны қауіпті болып табылады.
Осындай биомедицина проблемаларына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і үлкен мән береді.
Семинар соңында деканның оқу-әдістеме және тәрбие ісінің орынбасары А.Е.Ережепов лекцияға қосатыным, өкінішке орай көптеген студенттердің өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға жауапты емес, немқұрайды қарайды. Тіпті денсаулығы өзіне емес, тек дәрігерлерге қажет сияқты медицинаға тұтынушылық немесе масылдық пиғылы бар. Дәрігерлер қанша ескертсе де жаман әдеттерден арылғысы келмейді-деп өз ойын қосты.
Қазіргі уақыттағы әлеуметтік - экономикалық жағдай, тіршілік деңгейінің құлдырауы және экологиялық қолайсыздық Қазақстан Республикасының бүкіл халқының, әсіресе, өскелең ұрпақтың денсаулығына кері әсерін тигізуде.
Сөз соңында қайта айтарымыз, халық денсаулығы тек медицина қызметкерлерінің кәсіби тірлігі ғана емес, бүкіл қоғамның тұтас денсаулық сақтауға және нығайтуға арналған үйлескен іс-қимыл әрекеттерінің жемісі екенін баршамыз да ұғынуға тиіспіз. Сонда ғана қоршаған ортаны сақтай отырып, таза су ішіп, дұрыс тамақтанып, иманды және салауатты өмір салттарын тұрақты қалыптастырсақ болашақтың жарқын кепілі болмақ.