«Онкологиялық аурулардың алдын алу»

19 наурыз, 2012

2012 жылдың 15 наурызында биология және биотехнология факультетінің биофизика және биомедицина кафедрасына қарасты «Хронобиология» орталығы студенттер арасында «Онкологиялық аурулардың алдын алу» тақырыбында кезекті ғылыми-тәрбиелік маңызы бар семинар өткізді.

Ғылыми семинарға «Хронбиология» орталығының басшысы б.ғ.д., профессор Сұлтан Төлеуханов пен биофизика мен биомедицина кафедрасының оқытушылары доц. А.Б. Еланцев, доц. С.С. Маркеева доц. А.А.Маутенбаев, оқытушылар М.С.Құлбаева, Г.Қ. Атанбаева және студенттер қатысты.

Ғылыми семинар осы өзекті проблемаға жастардың назарын аудару және онкологиялық аурулар туралы халықтың білімін арттыру мен бұл аурудың қаншалықты қауіпті және қазіргі уақытта кеңінен таралып отырғанына тағы да бір назар аударту, онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша жұмысты жақсарту мақсатында өткізілді.

Обыр ауруы бүкіл әлемдегі өлім-жітім себептерінің арасында бірінші орынды алады, Қазақстанда да жағдай осындай. Зерттеуші-ғалымдардың деректері бойынша, елімізде жылына 30 мыңнан астам адам обырдың құрығына ілінеді екен. Соның тең жартысы, яғни 15 мыңы дәрігерге кешігіп келгендіктен, ажал құшатын көрінеді. 2009 жылы алғашқы рет Қазақстанда қатерлі ісік ауруларына шалдығушылық қанайналым жүйесі ауруларынан кейін екінші орынға шықты, 100 мың халыққа шаққанда 112,8 құрады. Онкологиялық патология құрылымы өзгерді. Осылай, 2004-2008 жылдары онкологиялық ауруларға шалдығу құрылымында тері обыры мен меланоманың салыстырмалы үлесі айтарлықтай артқан - 9,2%-дан 11,3%-ға дейін. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта қатерлі ісік ауруларының пайда болу себептері белгілі болды, бұл жаңа оқиғалардың шамамен үштен бірінің алдын алуға мүмкіндік береді. Қатерлі ісік ерте кезеңде анықталған жағдайда, емдеу сәтті өтуі мүмкін.

Обырды ерте анықтауды жақсарту да онкологиялық аурулармен күресуде негізгі жайт болып табылады. Халықтың ақпараттандырылу деңгейі мен медициналық сауатын арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарында онкология мәселелерін барынша кеңінен жариялау қажет. Обыр неғұрлым ертерек анықталған болса, оны емдеу үміті соғұрлым көбірек болады. Дамыған елдерде обырдың тері, жатыр мойнағы, сүт безі, қуықасты безі, жуан ішек обыры сияқты түрлерінен болған өлім-жітімді төмендету тұрғындарға жаппай скрининг өткізу бойынша мамандандырылған бағдарламалардың нәтижесі болып табылады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауында онкологиялық диагноздан болатын өлім-жітімді азайту мәселесін алғашқы кезекке қойды.

Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан «Саламатты Қазақстан - 2011-2015» мемлекеттік бағдарламасы мен Президенттің биылғы тапсырмасына сәйкес, онкологиялық жәрдемді дамыту бағдарламасы жасақталса, еліміз бойынша аталмыш дерттің саны азаятыны сөзсіз. Әр адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Өзін-өзі күтіп, мезгілімен дұрыс тамақтанса, әрі ішімдік ішу мен шылым шегуден аулақ жүрсе, ондай адамға аурудың қай түрі де жоламайды. Ол үшін салауатты өмір сүру салтын сақтап, спортпен айналысуы керек. Бұл жөнінде атам қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп баяғыда-ақ айтып кеткен.

Біздің қазақ - денсаулығына немқұрайлы қарайтын халықтың бірі. Қатерлі ісік ауруына ұшырағанын сезіп тұрса да, дәрігерге олар ауруын әбден асқындырып алып барады. Сондықтан әр адам ауырып емес, ауырмай тұрып алдын ала дәрігерге қаралуы тиіс. Сонда ғана қоғам ауру-сырқаудан тазарып, салауатты өмір салтанат құрады.

Сөз соңында жастарға обыр құрығынан сақтану үшін алдын ала тексеріліп тұрған жөн екендігін және бір мәрте ескертеміз...

Аты жаман аурудың алғашқы белгілеріне төмендегі құбылыстар жатады:

• бүкіл ағзаның жалпы әлсіздігі
• тәбеттің болмауы
• ұйқының жоғалуы
• шаршағандық
• іштің қатуы
• жүректің айнуы
• ауыздың құрғақтануы
• буындардағы, арқадағы,асқазандағы аурулар
• бастың жиі айналуы
• ұмытшақтық
• есінен танып қалу
• кенеттен салмақтың жоғалуы

Көптеген адамдар бұл белгілерді әлсіздік пен шаршағандық деп ойлауы мүмкін. Бірақ, әрдайым денсаулыққа салғырт қарауға болмайтынын есте сақтаған жөн. Мұндай белгілердің бірнешеуі анықталған кезде дереу дәрігерге бару қажет.

Обырдың бірінші белгілері аурудың даму үрдісі ертеректе басталғанын білдіреді, ал бастың айналуы, салмақтың жоғалуы және белсенділіктің төмендеуі сырқаттың үшінші кезеңін бейнелейді. Бірінші белгілер пайда болған кезде уақытты кетірмей, міндетті түрде флюорография, рентген, УДЗ және эндоскопиялық зерттеу жасау қажет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Онкологиялық ауруларды зерттеу халықаралық агенттігінің (IARC) сарапшылары осындай қорытынды жасап отыр.


Қазақстанда жылына 15000 адам обырдан көз жұмады...