Қазақ журналистикасының үштомдығы жарық көрді

17 наурыз, 2009

11 ақпан күні сағат 12.00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде “Қазақ журналистикасы” атты
3-томдықтың (жалпы редакциясын басқарған: профессор Н. Омашев) тұсаукесері өтеді. Үштомдық ҚР Білім және ғылым Министрлігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің 017 “Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару” бағдарламасы аясында шығарылып отыр.
Бұл кітап қазақ журналистикасының бүгінгі күнгі ең өзекті, соқталы мәселелеріне арналған. Авторлар құрамында журналистика саласына белгілі ғалымдар мен БАҚ басшылары Н. Омашев, Б. Жақып, А. Мархабаев, Ж. Ерман, Қ.Олжай, Т. Көпбаев, А. Бейсенқұлов, С. Медеубеков, Қ. Сақ, Қ. Тұрсын, Т. Бекниязов, К. Қамзин, Қ. Әбжанов т.б. бар.
«Қазақ баспасөзі» атты 3-томдықтың бірінші кітабында еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі зәру мәселелеріне арналған зерттеу еңбектер топтастырылды. Онда жаһандану дәуірінде ақпараттық қауіпсіздікті, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап қалу жолдары, демократиялық қоғам және баспасөз бостандығы қарастырылған. Сонымен қатар қазақ баспасөзінің бүгінгі күнге дейінгі тарихы, Алаш қайраткерлерінің шығармашылық мектептері, халық ауыз әдебиетіндегі публицистикалық сарындар, жанрлардың бастау-бұлақтары ғылыми тұрғыдан зерттелген.
“Қазақ теледидары” атты 3-томдықтың екінші кітабында жаһандану заманындағы ақпараттың еркін ағымы, оның ішінде қоғамдық пікір қалыптастырудағы ықпалы мен пәрменділігі жағынан теңдесі жоқ теледидардың зор мүмкіндіктері туралы келелі мәселелер қарастырылған. Қазақ телевизиясының жаңа технологиялар ағымына ілесуі мен әлемдік ақпарат кеңістігіндегі өзінің лайықты орнын иеленуі ғылыми тұрғыдан сарапталады. Әр жылдардағы қазақ теледидарының басшылары, олардың телеөнерді дамытудағы тың жаңалықтары зерттеу нысанына айналған. Сонымен қатар телевизияның қалыптасу, даму кезеңдері, онда қызмет еткен есімі ел жадындағы тележурналистер мен дикторлардың, үздік режиссерлардың шығармашылық мектептері сөз болады.
“Қазақ радиосы” атты 3-томдықтың үшінші кітабында ақпарат таратудың ең ежелгі әрі жедел құралы – радионың өзіндік ерекшеліктері мен кең мүмкіндіктері қарастырылған. Қазақ даласына тараған әуелгі хабардан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы, теориясы мен тәжірибесі зерттеу объектісіне айналған. Ой мен сезімге әсер етуге бағытталған радиохабарлардың жасалу технологиясы, тікелей эфир табиғаты, журналистің сөйлеу мәдениеті сынды бүгінгі күннің қажетті тақырыптары қозғалған. Сонымен қатар шетелдегі қазақ хабарларының тарихи кезеңдері баяндалады.
Тұсаукесер рәсіміне республикалық БАҚ басшылары мен белгілі журналистер шақырылып отыр.