"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық саяси-күнделікті газет

4 шілде, 2012

4 шілде 2012, 11:06

Адамға патриоттық тәрбие ана сүтімен дариды

ӘЛИЯ МАСАЛИМОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымының докторы, профессор:

– Әлия Рымғазықызы, Елбасы Н.На­зар­баев биылғы «Әлеуметтік-эко­но­ми­калық жаңғырту – Қазақстан да­муы­ның басты бағыты» атты халыққа Жол­дауында 10 бағыт бойынша жаңа мін­деттерді айқындап берді. Ғалым әрі фа­культет басшысы ретінде Президент Жол­дауындағы қандай мәселелерді ерек­ше атап өткен болар едіңіз?

– Елбасының биылғы Жолдауында ай­тыл­ғандай, елдің әлеуметтік-экономикалық жаң­ғыруы мен үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдарламасы бойынша бар­лық стратегиялық міндеттерді табысты іске асыру секілді басты мәселелер өзекті бо­ла түсті. Жұмыспен қамту, қолжетімді бас­панамен қамтамасыз ету, сот және құ­қық қорғау жүйесін жетілдіру, халыққа қыз­мет көрсету сапасын арттыру мәсе­ле­лерінің күн тәртібіне енгізілгені қарапайым ел азаматы ретінде мені қуантпай қой­май­ды. Ғалым, педагог ретінде білім мен ғы­лым жүйесін жаңғыртудың барлық ас­пек­ті­лері толғандырады. Интеллектуалдық ка­питалды қалыптастыру біздің алды­мыз­дағы басым міндеттердің бірі болып та­бы­лады. Интеллектуалдық капиталды қайтіп арт­тыра аламыз? Бұл, ең алдымен, адами ре­сурстарға, адамдардың физикалық және пси­хологиялық салауаттылығына бай­ланысты. Біз «дені саудың – жаны сау» де­ген­дей, салауатты өмір салтын ұстанып, на­сихаттауымыз керек. Әлемде өзімізді та­нытып, мойындату үшін жоғары білімді, біл­гір мамандар даярлаумен қатар тұл­ға­лық қасиеті кемелденген азаматтарды қа­лып­тастыру арқылы интеллектуалдық ұлтқа ай­налуымыз қажет. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев атап өткендей, саяси бас­қа­ру­шылардың жаңа тұрпатты тобын даяр­лау туралы тапсырмасының факультет бас­шы­сы ретінде оның бізге де қатысы бар деп есеп­теймін. Біздің факультетте көптеген әлеу­меттік-гуманитарлық мамандықтар, со­ның ішінде кәсіби саясаттанушылар даяр­ланады. Әлбетте, саяси бас­қа­ру­шы­лардың элиталық корпусын қалыптастыру бі­лім сапасы мен оқытушылардың кәсіби да­йындығының деңгейімен тығыз бай­ла­нысты екені анық. Ал оқыту сапасының пе­да­гогтердің кәсіби біліктілігі мен олардың ин­н­овациялық мәдениетіне тікелей қатысы бар. Жастармен, студенттермен көп жұмыс іс­тейтін болғандықтан, мемлекеттік жастар сая­саты туралы заңнама мен жастар үшін әлеу­меттік лифт қалыптастыратын әлеу­меттік-экономикалық, заңнамалар пакетін қа­былдау өте маңызды шаруа деп білемін. «Бо­лашаққа капитал салу» тұжы­рым­да­масын адами капитал, технологиялық даму мен ғылыми-техникалық ізденістерге ұзақ мерзімді инвестициялар жұмсау деп айтар едім. Осы тұрғыда жастарды әлеуметтік қолдау бағытында университет ректоры Ғ.Мұтановтың бастамасымен әр фа­куль­тет­тің оқуда үздік болған, ғылыми-зерт­теу­ші­лік және қоғамдық жұмыстарда белсенділік та­нытқан талантты студенттерді мате­риал­дық жәрдемдесіп, ынталандыру үшін де­меу­шілік және атаулы стипендиялар та­ғайындалған. Мәселен, біздің факультетте көр­некті ғалым-саясаттанушылар мен қо­ғам қайраткерлері Т.Мұстафин, С.Жүсіпов, Н.Масанов атындағы стипендиялар, Т.Тә­жібаев атындағы атаулы шәкіртақы, Қа­зақ­стан саясаттанушылары қауымдастығының, әлеу­меттік зерттеулер мен инжиниринг орта­лығының, Әл-Фараби орталығының, діни зерттеулер мен сараптама орта­лы­ғының демеушілік стипендиялары таға­йындалды.

– Президент биылғы Жолдауында «Оқы­ту үдерісінің тәрбиелік құрам­да­сын күшейту қажет. Олар – патриотизм, мо­раль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынсынушылық. Бұл құндылықтар, меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс» деген болатын. Иә, расында, Әл-Фараби бабамыздан «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген тәмсіл қалған. Оқыту жүйесінде патриоттық тәрбие беру үрдісін қалай жүзеге асыру керек деп ойлайсыз?

– Қазіргі кезде патриоттық тәрбие, жал­пы тәрбие жүйесі өзекті мәселелердің бірі ре­тінде көтеріліп отыр. Дегенмен тәрбие де­генді адамның іс-әрекетінің ерекше бір саласы немесе белгілі бір ережелердің, өсиет­тердің жинағы деп қана қарастыруға болмайтынын еске сала кеткен жөн. Тәрбие – перманентті процесс. Өмір есігін ашқан әрбір адам мәдени ортада өмір сүреді, қо­ғам­да азамат, жеке тұлға ретінде қа­лып­та­сады. Әрбір индивидтің белгілі бір ке­зең­дердің барысын әлеуметтенетіні және де тәр­бие процесінің жүзеге асатыны мәлім. Пе­дагогикалық теорияда білім мен тәрбие син­тезі жүйесінің классикалық үлгілері бар­­шылық. Мәселен, ағылшын дәстүрінде «тәр­биелі адам – бұл білімді адам», сол сияқ­­ты француздарда «білімді тұлға – тәр­бие көрген адам» деген қағидаттар ор­нық­қан. Тарқатып айтқанда, ағылшындар тәр­бие­нің сипаты білімнің деңгейін анықтайды деп түйсінеді. Ал немістердің пәлсапасы басқаша, білімді тұлғаның тәрбиелі болмауы мүмкін емес, ондай адам көрген­сіз­дік танытпайды дегенге саяды. Әр елдің мә­дениеті мен менталитетіне сай әр алуан тү­сінік-пайымдары бары екені белгілі. Қа­зіргі кезде өз әріптестерімізбен бірге «зерт­тей отырып – оқытамыз, оқыта келе тәр­бие­лейміз» деген қағиданы ұсынамыз. Бұл жер­де балалар мен жастарды тәрбиелеу ісі тек мектеп мұғалімдері мен гуманитарлық са­ла мамандарына жүктелген міндет емес еке­нін айтқан жөн. Әрқайсымыз өз сала­мыз­да тәрбиеші рөлін атқаруымыз керек. Ал адамға патриоттық тәрбие ана сүтімен да­риды, толеранттылық, заңды құрметтеу, әлеу­меттік келісім – бала кезден сүйекке сі­ңетін асыл қасиеттер. Оған қоса мо­раль­дық, рухани құндылықтар отбасынан, мек­теп­тен, одан кейін жоғары оқу орнынан, өмір сүрген ортасынан қалыптасады.

Қазақстан жастарын тәрбиелеудің жал­пыұлттық тиімді жүйесін құруда жетекші рөл­ге жоғары оқу орындары ие. Осындай па­йымға сүйенсек, қазіргі уни­вер­си­тет­тер­дің миссиясы тұрғысынан студенттік ортада жо­ғары рухани ізденістерге бағытталған гу­манистік құндылықтарды қалыптастыру мә­селесі өзекті болып келеді. Осы бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде бірқатар нақты қадамдар жа­сал­ғанын атап өткен жөн. Университетте сту­денттің жеке тұлғалық қасиетінің үй­лесімді қалыптасуы үшін гуманитарлық ор­та құруда белгілі бір рөл атқаратын Гума­ни­тарландыру жөніндегі кеңес жұмыс іс­тейді. Бұл кеңестің арқасында әлеуметтік-гу­м­анитарлық бағыттағы ғалымдардың ин­теллектуалдық және кәсіби потенциалына сер­піліс жасалуда.

Біз жоғары мектептің озық дәстүрлері мен асыл құндылықтары көрініс тапқан кор­поративті мәдениет кодексін қа­бы­л­дадық. Корпоративті мәдениет құн­ды­лықтарын бойына сіңіріп, корпоративті рух­та шыңдалған университетіміздің тү­лектері ертең бүкіл қоғамда игі дәстүрдің жан­дануына сүбелі үлес қосатын болады. Фа­культетімізде студенттер мен оқы­ту­шылардың тәртібін бақылап, үйлестіріп оты­ратын, корпоративті мәдениет пен ҚазҰУ студентінің ар-намыс кодексінде қам­тылған нормалар мен ережелерді сақ­тау мақсатында ұйымдық механизм іспетті этика жөніндегі комиссия құрылды. Қабылданған корпоративті мәдениет әрбір оқы­тушы, қызметкер, студенттің өзінің кор­по­рациясының (университет) атына сай, брендіне лайық болуына себін тигізеді дер едім.

Біздің университетімізде енгізілген сту­денттік топтардың куратор-эдвайзер үлг­і­сінде педагогикалық тәлімгерлік ме­ха­низ­мін сәтті тәжірибе деп санаймын. Бұл ин­­дивидуалдық оқыту-тәрбие жұмысының тиім­­ділігін айтарлықтай арттыруға мүм­кін­дік берді. Университетте студенттерді ғы­лы­ми-зерттеушілік және мәдени-қоғамдық іс­терге белсенді жұмылдыратын клубтық жұ­мыс қағидатын дамытуға үлкен көңіл бө­лінеді.

Ең бастысы, студенттермен тәрбие жұ­мыс­тары ғылыми әдістер негізінде және ин­новациялық технологияларды енгізу ба­рысында жүргізіледі. Мәселен, Философия жә­­не саясаттану факультетінің кафе­дра­ла­рында оқу, ғылыми және тәрбие процесін да­мыту жөніндегі төрт ғылыми орталық, со­нымен бірге когнитивті психология бо­йынша бір лаборатория бар. Факультетте 2011 жылдың қазан айынан бастап үш жа­ңа­дан ашылған ғылыми орталық, тәрбие жұ­мысы бойынша екі орталық жұмысын бас­тады, сонымен бірге екі бизнес-ин­кубатор мен бір студенттік конструкторлық бю­ро (СКБ) ашу жоспарланып отыр. Со­ны­мен бірге Діни зерттеулер және сараптама ор­талығы мен Саяси технологиялар ор­та­лығы барын атап айтқым келеді. Діни зерт­теулер және сараптама орталығы дін және ді­ни бірлестіктер туралы ҚР Заңына бай­ла­нысты, дәстүрлі діндер және дәстүрлі емес ағым­дарға, секталарға қатысты үлкен ау­қымда ақпараттық, білімдік, түсіндіру жұ­мыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері бұл ор­талық дін және діни қатынастар сала­сын­дағы мемлекеттік саясат, кон­фес­сия­аралық келісім мен толеранттылықты сақ­тау мәселелері бойынша бірқатар табысты тре­нингтер сериясын ұйымдастырды. Қыз­мет­керлеріміз діни әдебиеттерге са­рап­­тама жасайды, телевидение бағдарламалары мен басылымдарға және өзге шараларға белсене қатысады. Саяси технологиялар орталығы саяси технологиялар саласына ма­ман­данған жетекші қазақстандық зерт­теу­шілер мен сарапшылардың бірлесіп жұ­м­ыс істеуінің нәтижесінде құрылды. Оның қыз­метіне маркетингтік, ақпараттық, са­рап­тамалық, жарнамалары, креативтік жә­не өзге де қызмет көрсетудің, билік пен аза­маттық қоғамның институттары үшін әлеу­меттік-стратегиялық жоспарлау, қоғам­мен өзара байланыста ұзақ мерзімді так­тикалық және стратегиялық жобаларды әзір­леу сияқты кешенді жұмыстар кіреді.

– Елбасы оқыту процесінде патриот­тық тәрбие беруге назар аудару қажет­тігін айтса, жаратылыстану саласын­дағы кейбір ғалымдар мен оқытушылар әлеуметтік-гуманитарлық пәндерден бас тарту керек, бұл жаратылыстану са­ласы үшін артық шаруа деген ұсы­ныстар айтып жүр. Осы жаратылыстану саласында әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді алып тастау мәселесіне қалай қарайсыз?

– Бұл – үлкен пікірталас туғызып отыр­ған мәселе. Әрине, гуманитарлық сала ма­ма­ны ретінде мұндай ұсыныстарға мүлде ке­ліс­­пей­мін. Меніңше, әлеуметтік-гума­ни­тар­лық пән­дерді алып тастап, тар ауқымда ма­ман даяр­лайтын болсақ, онда адамның тұл­ғалық қасиетінен, жан дүниесінен айы­ры­лып қаламыз. Ежелден кемелденген адам идеал болып келді. Шығыс пен Батыс­тың ғұла­малары адамның сыртқы келбеті (фи­зикалық) мен рухани ар-ұжданының (ішкі, жан-дүние) өзара үйлесімді болуын, адами қа­сиеттерін дамытып, кемел адам қалыптастыруда тәрбиенің аса маңызды орнын байыптаған. Иә, ЖОО жоғары білікті мамандар даярлауы керек, дегенмен ХХІ ға­сырда гуманитарлық парадигма бо­йын­ша тәрбие адами мәдениетті меңгеру про­це­сі ретінде қарастырылады, ал білім алу әр адамның шығармашылық потенциа­лы­ның көзін ашып, байытуға жағдай жасау бо­лып саналады. Қазіргі қоғамның сұ­ра­ны­сына сәйкес, білім сапасын көтеру үшін оқы­­ту процесінде модульдік жүйе, ком­пе­тент­тілік әдістер секілді әртүрлі ин­но­ва­циялық технологиялар қолданылады. Осы компетенттілік әдістердің технологиясы бо­йын­ша мамандардың коммуникативті дағ­дысын, көпмәдениетті ортада өмір сү­руге бейімділігін, кәсіби қызметінде диалог ор­ната білу қабілеті шыңдалады. Мен осын­дай біліктіліктің бірнеше түрлерін кел­тіре кетейін: ынтымақтасу – топ ішінде ын­ты­мақтасып жұмыс істей білу; шешім қа­был­дау – келіспеушіліктер мен қақ­­тығыстарды бі­тістіру; ымыраға келе бі­лу және тағы бас­қа­лар. Өйтпеген жағдайда біз қатып қалған ал­горитмнен ауыт­қы­май­тын, әртүрлі нюанс­тар мен психологиялық жайт­тарды, ада­ми факторларды ескеруге қа­білетсіз «ро­боттар» шығаруымыз кәдік.

– Білім саласына бөлінетін қаржы жыл­дан-жылға артып жатыр. Биыл бі­лімге 1 триллион 200 миллиард теңге бө­лу қарастырылған. Еліміз бұрын жал­пы білім беру жүйесін көңіл бөлініп кел­се, қазіргі кезде элитарлық білім беруге ден қойып келеді. Осы элитар­лық білім беруге көшудің артық­шы­лықтары мен кедергілері қандай?

– Ең алдымен, бұл сұраққа жауап беру үшін элиталық білімді қалай түсінеміз деген са­уал туындайды. Көптеген дамыған ел­дерде элиталық оқу орындары өз елінен тыс­қары шетелде мойындалып жататыны мә­лім. Оксфорд, Кембридж, Гарвард және бас­қа да осындай оқу орындарының ди­плом­дары түлектердің кәсіби біліктілігін куә­ландыратын визиттік карточкасы іспетті. Өз басым Қазақстанның, сондай-ақ Орта­лық Азия бойынша үздік оқу орнында жұ­мыс істейтінімді мақтаныш тұтамын. Шы­нын­да да, бізде өте жоғары интеллектуалдық жә­не материалдық потенциал бар. Біздің уни­верситетті әлемнің топ-университеттері қатарына қосуға ең алғаш болып күш-жігер жұмсап, бәріміздің алдымызға үлкен мақ­сат қойып, қанаттандырған Бақытжан Тұр­сын­ұлы Жұмағұлов болды. Ол ұжымға есте қа­ларлық харизмасымен және ерік-жі­герімен үлкен мақсатты бағындыруға деген се­нім ұялатты, тиімді басқарудың шебер үлгісін көрсетті. Қазіргі кезде ҚазҰУ-ды зерт­теу университетіне трансформациялау бойынша ректор Ғалымқайыр Мұтанұлы үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Мысалы, оқытушының оқыту, әлеуметтік, ғылыми-зерттеу жұмыстарын бағалау рейтингі енгізілді. Осындай шынайы рейтингтің ар­қа­сында педагогикалық іс-әрекетін же­тілдіру, инновациялар енгізу, білім беру са­пасын көтеру бағытындағы жұмыстар кү­шей­тілді. «Нәтижеге бағдарланған бас­қару» тұжырымдамасын басшылыққа ала оты­рып, осы оқу жылында факультеттің қыз­меті Индикативтік жоспары негізінде жү­зеге асырылды. Индикативті жоспар де­ген не? Меніңше, бұл белгілі бір көр­сет­кіштер мен қажетті цифрлар емес, біз ұмтылып отырған асулар мен бағындыруға талпынып отырған шыңдар. Осы ретте Гельвецийдің «жарыс данышпандарды тудырады, ынта-тілек таланттардың даңқын шығарады» деген тәмсілі еске түседі. Ра­сында, шынайы бәсекелестік жағдайында үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Мы­салы, бұдан бір жыл бұрын біз үшін им­пакт-факторы жоғары шетелдік жур­нал­дарда мақала шығару қол жеткізбес арман бол­са, қазір ондай мақаланы кім көп шы­ғарды дегенді талқылайтын жағдайға жет­тік. Осы ретте Елбасы тапсырмасымен әлем­дік ақпараттық ресурстарға қол жет­кізуді қамтамасыз ететін Thomson Reuters (АҚШ) ұлттық лицензиялық ком­па­ния­сымен келісімшартқа қол қойған Білім жә­не ғылым министрлігіне алғыс айту қажет.

– Мәдениеттанушы ғалым ретінде қа­зіргі Қазақстан қоғамындағы өте өзек­ті мәнге ие маргиналдық тақы­ры­бын жан-жақты зерттеп келесіз. Этно­мә­дени тұрғыдан сан қырлы мар­ги­нал­дық құбылысына қатысты қандай тұ­жырым жасар едіңіз?

– Маргиналдық мәселесін эвристикалық әле­уетіне ден қоя отырып, мәдениеттанулық өл­шемдер тұрғысынан зерттеп келемін. Ме­ніңше, әрбіріміз қандай да бір мар­ги­налдық ұстанымға бейімбіз. Өйткені мар­гинал орталықта, алғы шепте, сыртта, арт­та, шеткеріде болуы мүмкін. Маргиналдық де­виация сипатында минус немесе плюс белгісімен көрініс береді. Этномәдени тұрғыдан алғанда, мысалы, егер этникалық мәдениеттің ядросының беріктігін, дәстүр мен тұрмыс-салтын айтқан кезде мар­ги­налдықты жағымсыз мағынада қабылдап жатамыз. Дегенмен мен маргиналдық мә­де­ниетті өз шекарасынан сыртқа шығуға ұм­тылушы кемелденген мәдениеттің атри­буты ретінде өзгеше ұғымда зерделеуді ұсы­намын. Түпнұсқалығы мен қай­та­ланбастығын айшықтайтын кез келген мә­де­ниет әрқашан өз аумағы мен ше­ка­ра­сынан асып шығуға талпыныс жасайды. Сон­дықтан маргиналдықтың позитивті ста­тусы жаңа қатынастарды құрушы ком­му­никативтік ресурс ретінде қарауға же­телейді.

Санада қатып қалған түсінік бойынша мар­гинал – жағымсыз құбылыс, әлеуметтік аут­сайдер, нақты қазығы жоқ адам деп қа­ралып жүр. Бұл рас, бірақ біржақты пікір. Не­ліктен көбіміз маргиналдықты «көпір», «құ­лып», «медиум» екенін, шекараның бө­лініп қана қоймай, жалғанып, бірігетінін ұмы­тып кетіп жатамыз? Осы тұрғыдан ал­ған­да қазақ халқының тарихи мә­де­ниетіндегі батыр, ақын, сал-серілердің, сан алуан мифтік тұлғалардың бірегей көшпелі өмірде маргиналдық стратегиялық топ­та­суынан туындайтынын дәлелдедім. Мә­се­лен, бізге жеткен деректерге сәйкес, ежелгі түр­кітілдес халықтар мен тайпаларда бақ­сылар, абыздар, медиумдардың аса ма­ңыз­ды қоғамдық статусы болды. Олар ерек­ше психологиялық және рухани қа­сиет­терге ие болған еді. Осы орайда Қа­зақстандағы маргиналдану процесінің, әсі­ресе этномәдени маргиналдық фе­но­ме­нінің өзіндік ерекшеліктеріне тоқтала кету ке­рек. Этномәдени маргиналдықтың басты си­паттамасы ретінде «бұрынғы ортамен» әлеу­меттік, мәдени байланыстардың ал­шақ­тауы, вертикальді мобильділіктің шек­те­луі, этникалық өзін-өзі анықтау мен әлеу­мет­тік идентификация мәселелерінің өзекті болып отырғанын айтқан жөн.

Сайып келгенде, маргиналдық мә­де­ниет­тің басты қайшылықтарын ескерсек, Қа­зақстандағы этномәдени мар­ги­нал­дықтың спецификалық ерекшеліктерін ай­қындай түсеміз. «Ескі» мен «жаңаның» нор­малары мен құндылықтарының сәй­кес­пеуінен «мәдениет қақтығысы», «құн­ды­лықтары қақтығысы» (культурошок) пайда бо­лады. Традиционализмді сетінететін мар­гинализм сыртқы пішін, жүріс-тұрыс, мә­нер, байланыс стилі моделіне ин­ди­видуалды таңдау жасауға жол ашады деп есеп­тейміз. Маргиналдық тақыр жерден шық­қан феномен емес, бұл мәдениетаралық өзара әрекеттестіктің нәтижесі, этномәдени маргиналдық өзге мәдениетті сезіну мен қабылдауы, сол мәдениеттің құрамынан табылуы. Сондықтан маргиналдық тра­ди­ционализм секілді сан қатпарлы құбылыс, қо­ғамда сан алуан формалары кездеседі, ішкі және сыртқы себептердің әсерінен жә­не өзге құндылықтармен байланысқа түсе оты­рып өзгеріске ұшырап отырады.

– Әңгімеңізге рақмет!


Алашқа айтар датым...

Педагогтердің мәртебесін көтеріп, «мұғалім» деген сакральді (киелі) ұғымға жан бітіру қажет. Біз, қазақстандықтар, қонақжай, кеңпейіл, төзімді азамат екендігімізді, жоғары білім жағынан озық екенімізді, тіпті дамыған елдерден жан басына шаққанда ЖОО саны жөнінен алда екенімізді мақтан тұтамыз. Алайда, өкінішке қарай, күнделікті өмірде, көшеде, жол үстінде ұрда-жық агрессияшылдық пен болмашы ашу-ыза, төзімсіздік пен тәрбиесіздік көріністерімен бетпе-бет келіп жатамыз. Ондай келеңсіздіктердің төркіні неде? Мәдениетсізден арылып, рухани құндылықтарды бойға қалай сіңіреміз? Меніңше, бізге қоғамның толық құқылы мүшесі екенімізді сезіне отырып, азаматтық дағдымыз бен ұстанымымызды қалыптастырып, мәдени тамырымызды тануымыз керек. Немқұрайдылыққа жол бермеуіміз қажет. .


Автор: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛ