Әл-Фараби: Философия. Мәдениет. Дін

15 сәуір, 2009

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әл-Фараби: Философия. Мәдениет. Дін» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шара университеттің 75 жылдығына арналып, Алматы қаласының әкімдігі, «Қазақстан» ҰТРК қолдауымен жүзеге асты.

Конференцияға М.О Әуезов атындағы қордың президенті Мұрат Әуезов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфтий Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ресейдің халықтар достастығы университетінің (Мәскеу қаласы) ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Нұр Қирабаев, «Комсомольская правда-Қазақстан» АҚ президенті Асылбек Бисенбаев және т.б. көптеген танымал дипломаттар, ғалымдар, фарабитанушылар, қазақ, түркі және әлемдік философия тарихын зерттеушілер, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар мен дінтанушылар қатысты. Олардың арасында Қазақстан, Ресей, Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Турция, Мысырдың академиялық және ғылыми орталықтарынан, жоғарғы оқу орындарынан келген профессорлар мен оқытушылар және ғылыми қызметкерлер бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры академик Бақытжан Жұмағұлов өзінің алғысөзінде атап өткендей, Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасында ауқымды жұмыстардың біраз бөлігі Әбу-Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерттеумен байланысты.

- Қазақ ұлттық университетіне әл-Фараби есімінің берілуі әлемдік білім беру кеңістегіне ену жолындағы міндеттерді шешуде маңызды қадам болды. Әбу-Насыр Әл-Фараби есімі әлемге мәшһүр болғандықтан, Шығыс пен Батыс өркениеттеріне жол ашып, тек ҚазҰУ-дың емес, сонымен қатар Қазақстанның жоғарғы білім беру жүйесінің абыройын көтереді. Классикалық университетте философия ортағасырлық заманнан бергі элиталық білім берудің міндетті компоненті болып табылады. Ұлы философтың есімімен аталуы - ҚазҰУ сынды классикалық университеттің сабақтастықпен жалғастырған ежелгі дәстүрлеріне деген құрметтің белгісі, - деді ректор.

Қазақстанның Бас муфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлінің пленарлық мәжілістегі баяндамасы Отырар мәдениеті мен отырарлық ғалымдарға, қазақ жеріндегі исламның орны мен роліне арналды: «Біздің дәстүрлеріміз бен мәдениетіміздің тарихы тереңде жатыр. Біздің жерімізде ірі ғылыми, мәдени және рухани орталықтарға айналған Отырар, Түркістан, Жент, Сығанақ, Баршынкент, Исфиджаб-Сайрам, Тараз, Баласағұн сынды қалалар болды. Әбу-Насыр әл-Фараби осы ұлы Отырардың ұрпағы».

Әбсаттар қажы Дербісәлі әл-Фараби есімімен белгілі Отырардың басқа да көрнекті ғалымдары мен қайраткерлері жөнінде әңгіме өрбітті.

Конференция үш секция бойынша жұмыс жасап, әл-Фарабидің негізгі философиялық идеялары және бұл идеялардың заманауи әлемге ықпалы; әл-Фарабидің әлеуметтік-мәдени концепциялары мен замануи мәдениеттің даму үрдістері; әл-Фарабидің діни көзқарастары мен қазіргі діни жағдайдағы ислам ғылымдары жүйесі талқыланды.

Шара бағдарламасының ауқымдылығы мен ұсынылған жұмыстардың көптігі конференция әлемнің фарабитанушы-ғалымдарының игі дәстүрлерін жалғастырып, Шығыстың ұлы ұрпағының әлі толық зерттеліп бітпеген мұрасын зерделеуге қомақты үлесін қосқанына дәлел болды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі