"Егемен Қазақстан" жалпыұлттық республикалық газет

11 желтоқсан, 2012

Болашақтың айқын бағдары

Халықтың алдағы күнге деген сенімін арттырып, қалың елді болашаққа бастар даңғыл жолға салу қай заманда да оңай болмаған. Осыдан 15 жыл бұрын «Қазақстан-2030» cтратегиялық құжаты қабылданған 1997 жыл еліміздің гиперинфляция мен экономикадағы алапат рецессияны жаңа ғана тежеген, халқымыздың шынында да қиналып, «жағдайымыз қалай болар екен» деп, үміт пен уайымның арасында жүрген шағы-тын. Осы тұста қоғам алдында үлкен таңдау тұрды. Қандай үлгіні қабылдау керек? Қандай мақсатқа ұмтылу керек? Әркімді заман билеп арпалысып, айқасып жатқан кезеңде бар сезімді ақылға суартып, өткен дәуір мен жаңа кезеңді салыстырып, саралап жол сілтейтін Көшбасшының қажеттігі осындай сын сағаттарда анық аңғарылды. Замана сұранысы, тарих қажеттілігі ондай тұлғаларды тудырады да. Осындай аласапыран уақытта халықтың арман-мұратын, қажыр-қайратын жасампаз арнаға қарай бұру Елбасымыздың алдында тұрған алыстан болжаған аса маңызды міндет болатын. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Ел бүгіншіл менікі ертеңгі үшін» деп айтпақшы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған стратегия, болашаққа бағдаршам ретінде ұсынған еді.

Тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарын оймен бағамдасақ, тұғырлы мемлекет, үдемелі экономика, заманауи саяси жүйе, жаңа қоғамды қалыптастыру мен дамытудың дайын үлгілері болмағандығын байқаймыз. Тарихи дамуымыз үшін аса маңызды бағдарламалық құжаттың іргелі негіздерін дайындауды Елбасының парасатты шығармашылық ізденісінің жемісі, өзіне жүктеген үлкен жауапкершілік деп қабылдаған абзал. Әлемдегі дамыған Еуропа және Азия мемлекеттерінің тәжірибесін саралай отырып, келешек Қазақстанның өзіндік даму үлгісін жасау даналық пен терең білімділікті, зерде мен ерік-жігерді жұмылдыруды қажет ететін дүние. Елбасының «Қазақстан-2030» Стратегиясы жа­рия етілген сол тарихи оқиғаға өзімде қатысып, куәгері болған едім.

Еліміздің ширек ғасырдан астам келешек тарихи кезеңін қамтыған құжатқа күмәнмен қарағандар да, сыншылдар да кездесті. Алайда он бес жыл өткен соң, қазақстандықтардың бойында стратегиялық дамудың дұрыстығына деген сенім орнады, болашақта қарқынды даму үдерісін көздейтін терең көзқарас қалыптасты. «Қазақстан – 2030» даму стратегиясының он жылдығына арналған конференцияда Елбасы: «Біз табысты, осы заманғы және серпінді дамушы мемлекет болып, посткеңестік кеңістікте көшбасшы ұстанымын алудың өршіл міндетін қойдық. Бұл үшін Қазақстанның жиырма-отыз жылдан кейін қандай болатынын «көруге» тиіс едік. Мәртебелі мақсаттарға қол жеткізу үшін бізге стратегиялық іс-қимыл жоспары, өзіндік бір «Жол картасы» қажет болды. Стратегияны әзірлеу кезеңінде мен елдің экономикалық, ішкі және сыртқы саясатын бұдан әрі қалай құру керектігін, Қазақстан тәуелсіз және егемен мемлекет ретінде орнығуы үшін не қажеттігін көп ойладым» − деп еске алады.

Еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық және әлеуметтік-экономикалық даму әлеуметтік құндылықтардың бір болуына, тарихымыздың ортақ болуына ғана байланысты емес, сонымен қатар болашаққа да көзқарас бірлігіне тәуелді. «Қазақстан-2030» даму стратегиясы ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық, шет ел инвестициялары мен ішкі жинақталымдардың деңгейі жоғары ашық нарықтық негізделген экономикалық өсу, Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты, энергетика ресурстары, инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс, кәсіпқой мемлекет сынды ұзақ мерзімді жеті басымдықты іске асыруды қарастырады. Бұл стратегия мемлекетіміздің болашақ мақсаттарын нақты анықтап, саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрғыда дамуының жолдарын көрсетеді. Мемлекет пен қоғамды трансформациялаудың басты принциптері болып табылатын бұл жеті басымдық елдің дамуының орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңге арналған даму жоспарын қалыптастыру үшін негіз қалады.

Ең бастысы ел дамуының стратегиялық бағдарламасын жариялағанда, Елбасы ұлттық бірлікке, әлеуметтік әділеттілікке, бүкіл жұртшылықтың экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізу үшін тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнатуды негізгі мақсат ретінде анықтаған болатын. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі көрсеткіші ретінде демократиялық, индустриясы дамыған басты мемлекеттермен байланыстарды күшейту, халықаралық институттардың көмегі мен жәрдемін пайдалану қажеттігі атап көрсетілді. Мұның өзі халықаралық қоғамдастық тарапынан Қазақстанға қолдау жасаудың жақсы жолға қойылуын, бай табиғи қорлардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуіне бағытталған еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан өзін әлемге бейбіт сүйгіш ел ретінде таныта білді. Алып мемлекеттен мұра болып қалған – жаппай қырып-жою қаруынан бас тартып, халқымыздың қасіретіне айналған Семей ядролық полигонын жабу Қазақ елі мен оның Елбасы халықаралық қауымдастық тарапынан құрмет пен қолдауға ие етті. КСРО тарқағаннан кейін Елбасымыздың көршілес мемлекеттер арасындағы территориялық алауыздық пен дау-дамайдың алдын алу мақсатында посткеңестік республикалардың анықталған шекараларын мойындауды ұсынды. Бұл да аса маңызды шешім болды және этникалық қақтығыстардың алдын-алуға мүмкіндік туғызды. Қазақстан Республикасының көршілес орналасқан мемлекеттермен өз шекарасын айқындап алуы, оның емін-еркін дамуына жол ашты, үлкен мәні бар саяси жеңіс болды.

Бейбітшілік, саяси-экономикалық даму, кәсіпқой мемлекет қалыптастыру, азаматтық қоғамды нығайту, болашақты байыптау сияқты динамикалық сипаттағы ортақ құндылықтардың қалыптасуы «Қазақстан -2030» стратегиясында ұлттық тұтастықтың кепілі ретінде қарастырылған. Құндылықтар бірлігі Қазақстан азаматтарының бірлігінің мызғымас негізі. Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқының Ассамблеясы – еліміздегі қоғамдық тұрақтылықты, ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайтушы күш болумен бірге, әлемге татулықтың ерекше үлгісі мен рәмізіне айналып отыр. Еліміз бүгінде әлемдік саяси аренада биік белестерден көрініп келеді. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының төрағасы болуы, сол жылдың соңында 56 мемлекеттің басшыларының басын қосқан Астана Саммиті ел беделін жоғары деңгейге көтерді. Бір жыл өткен соң Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалықты да абыроймен атқарып шықты. Мұнымен қоса, дүние жүзі дін басыларының басын біріктіріп, татулықтың символына айналған Дәстүрлі діндер съезі адамзаттың өзекті мәселелерін шешудегі діни конфессиялардың рөлін айқындап, халықтардың өзара үйлесімді дамуына септігін тигізіп келеді. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» − Президент Н.Ә. Назарбаев дамудың басты принципін осылайша мәлімдеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан үшін ең жаңа тарихтағы барынша кең ауқымды өзгерістер уақытына айналды. Оны салыстырмалы түрде алғанда экономикалық тұрғыда әлсіз елдің демократиялық құндылықтар мәні арта, түскен және өмір сүрудің нарықтық принциптері басым өңірлік көшбастаушы мәртебесіне секіруі ретінде сипаттауға болады. Бүкіләлемдік банктің бағалауы бойынша, Қазақстан реформалар жүргізуде ТМД-ның бүкіл елдері ішінде көшбастаушы болып табылады. 2002 жылдың өзінде-ақ АҚШ-тың сауда министрлігі Қазақстанға «нарықтық экономикадағы ел» мәртебесін берді. Қазақстан 2003 жылдың өзінде дағдарысты 1991 жылға дейін болған өнеркәсіп өндірісін қайта қалпына келтірген Тәуелсіз Достастықтағы бірден бір ел. Стратегиялық даму бағдарламасы қабылданған он бес жыл ішінде Қазақстан Республикасы экономиканы, әлеуметтік және саяси саланы түбегейлі жаңғыртты. Егер де 1997 жылы Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 1400 долларға жетпесе, бүгінгі күні 13000 доллардан асып отыр. Құжат қолға алынған кезеңнен бері ел экономикасы 7 пайыздық өсімнен бәсеңдеген емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда ішкі жалпы өнім 16 есеге өсті. Ал, жуырда еліміз жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша әлемнің 144 мемлекеті ішінде 51-ші орынға тұрақтады. Бұл – аз мерзім ішіндегі бағындырған биік жетістік болып табылады.

Еліміздің экономикалық мүмкін­дік­­терінің артуы нәтижесінде осы жылдары ғы­лым-білім беру және денсаулық сақтау салаларына баса назар аударыла бастады. Еліміздегі әлеуметтік саясаттың осы бағыт­та­ры­ның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, елді дамыту үшін мемлекет тарапынан болатын қолдауды одан әрі де арттыру көзделген. Еліміздің экономикалық мүмкін­дік­­терінің жоғарылауы арқасында ғы­лым-білім беру және денсаулық сақтау салаларына баса назар аударыла бастады. 2000-2011 жылдар ішінде осы сала бойын­ша ғылым мен білім беруге жұм­са­латын қаражат 12,5 млрд. тең­геден 260 млрд. теңгеге дейін өсіп, 20,8 есеге көтерілді. Денсаулық сақтауға инвестициялар салу 54,3 млрд. теңгеден 401 млрд. теңгеге дейін өсіп, 11,6 есеге артты. 2012 жылы білім беру мен ғылымға бөлінген қаржы көлемі 365 млрд. теңгені, ал 2012-2014 жыл­дар­ға 1 триллион 132 млрд. теңгені құрайды. Денсаулық сақтау жүйесіне арналған жалпы қаражат 2012-2014 жылдары 1 трлн. 303 млрд. теңгені құрайды деп кү­тілуде. Оның ішінде 437 млрд. теңге 2012 жылға жоспарланған. Елбасы үнемі басым көңіл бөліп отыратын әлеуметтік сала­дағы же­тіс­тіктеріміздің қоғамда өте табысты болып жатыр. Мысалы, республикадағы жұмыссыздықты 2000 жылғы 12,8%-дан 2012 жылғы шілдеде 5,2%-ға дейін азай­туға қол жеткізілді. Осы жылдарда табысы күнкөріс деңгейінен тө­мен тұр­ғын­дардың үлесі 4 есе азайып, зей­нетақы мөлшері 6 еседен көп өсті.

ЮНЕСКО-ның мәліметтеріне сәйкес Білім беруді дамыту индексі бойынша 129 елдің ішінде алғашқы төрттіктің қатарынан орын алдық. Еліміз сауаттылық деңгейі бойынша әлемнің 177 мемлекетінің арасынан 14-орыннан көрінді. Егерде 1990 жылы Адами даму индексі бойынша орта деңгейлі дамушы елдердің тобында болсақ, қазіргі кезде жоғары деңгейдегі дамыған елдердің арасынан өз орнымызды еншіледік. Инфрақұрылым (көлік және байланыс)ұлттық қауіпсіздікті, саяси тұрақтылықты нығайту, экономикалық өрлеуді күшейтудің негізі. Ел үкіметі алдына отандық көлік-коммуникациялық кешеннің әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету және Қазақстан арқылы өтетін сауда ағынын ұлғайту міндеті қойылып отыр. Халықаралық көлік дәліздері торабын­да­ғы еліміздің геосаяси орналасу жағдайы Еуропа мен Азия мемлекеттерін байланыстыра алатын логистикалық буын болуына мол мүмкіндік беріп отыр. Ол үшін елдегі көлік-логистикалық саланы кешенді түрде дамытуымыз қажет. Осы ретте қазіргі кезде қарқынды түрде салынып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық дәлізі туралы айта кеткеніміз жөн. Бұл құрлықаралық дәлізбен Ляньюнгань портынан Еуропа мемлекеттерінің шекарасына дейінгі жолға кететін уақыт 10 тәуліктен аспайды. Осының арқасында 2020 жылы жүк тасымалының көлемін 2,5 есе ұлғайтуға мүмкіндік бе­реді. Демек жылына 54 миллион тон­наға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік бар.

Бүгінгі таңда өз ісіне шын берілген және елдің негізгі мақсат-мүдделерін іске асыруға ықыласты мемлекеттік қызметкерлердің қабілетті құрамын жасақтау өте маңызды. Ол нарықтық экономиканы оңтайлы басқару құрылымын құруға, Қазақстанның үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуы, аймақтық даму стратегиясы, «Қазақстанның 30 корпаративтік көшбасшылары» сынды мемлекеттiк бағдарламалары басты мұраттарымызға жету жолында атқаратын ауқымды шараларымыз. Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Жас Отан» жастар қанатының II съезінде сөйлеген сөзінде еліміздің индустриалды-инновациялық дамуы және Отанымыздың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайту ісіне жастарды тартудың маңызы мен қажеттілігі туралы атап айтқаны белгілі. Бәсекеге қабілетті, қуатты өндіріс орындарын өркендету үшін ең алдымен озық инновациялық технологиялар мен бәсекеге қабілетті білімді игерген білікті, кәсіпқой, озық ойлы мамандар қажет. Адам капиталын дамыту, яғни халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру деңгейін көтеру, өскелең ұрпақтың денсаулығына, тәрбиесіне, біліміне, мәдени болмысына айрықша ден қою, қолайлы орта қалыптастыру арқылы жүзеге асырылатыны анық. Сапалы адам капиталы «білім қоғамын» қалыптастырудың негізгі факторы. Бұл үдерісте жоғары оқу орындарының алатын орны ерекше. Университеттер инновациялық экономиканы дамытуда зор рөл атқарады.

Осы орайда, Елбасымыз «жаңа Қазақстанның білім мен ғылымының форпосты» деп атаған еліміздің жоғары оқу орындарының қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де Ел мұратына жетуге қосар үлестеріне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Білім ордасы ғылыми дәстүр сабақтастығын үзбей, шығармашылық өрісін жылдан-жылға кеңейтіп келеді. Алға қойып отырған әлемдік деңгейдегі мақсаттары да ауқымды. Зерттеу университетіне айналу жолында көптеген жұмыстар атқарылуда. Университеттің білім мен ғылым дамуына қосып отырған үлесін беделді халықаралық ұйымдар да атап көрсетуде. Білім жəне ғылым саласындағы дəстүрлер мен жаңашылдықтың тоғысқан ордасы ретінде біздің университет Елбасы нұсқаған биіктер үдесінен шығуға қомақты үлесін қосып келеді. Бұл жылға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жекелеген пəндер бойынша əлемдік 400 топ-университеттер қатарынан орын алып, биік абыроймен келіп отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS топ-университеттер рейтингісінде әлемдік 700 топ университет арасында 390-шы орынды, ал осы агенттіктің Жұмыс берушілер сауалнамасы бой­ынша 300-350-ші сатыны бағындыруы бізді одан әрі қанаттандырады. Елбасы жүктеген тапсырмаларды орындау мақсатында, университеттің зерттеу үлгісіне трансформациялануы бағытында айтарлықтай іс-шаралар атқарылуда. QS Stars анықтамасы бойынша, ҚазҰУ Орта Азияда бірден-бір үш жұлдызды университет болып табылады. Соны­мен бірге ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған тұңғыш, әрі жалғыз уни­верситет. Ғылым, білім беру мен инновацияның орталығы есептелінетін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұсынған «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» жобалары – әлемдік деңгейдегі орны бар зерттеу университетіне айналу жолындағы маңызды іс-шарасы. Қолға алынған жобалардың негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу, конструкторлық-тәжірибелік өңдеу нәтижелерін көп салалы ғылыми технологияларға конвертациялауды, одан әрі өндіріске енгізіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және индустриялық-инновациялық дамуына үлес қосу. Инновациялық жобалар нано − биотехнология, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, дәрігерлік, ақпараттық технологиялар және қауіпсіздік сияқты салаларға жаңа ғылыми технологияларды енгізуге, сонымен қатар оларды жүзеге асыруда өндіріске ендіруге бағытталған. «Интеллектуалды ұлт − 2020» жобасын жүзеге асырудың стратегиялық бағыттары туралы алғаш рет Президентіміз Н.Ә. Назарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында оқыған актілік дәрісінде айтқан еді. Еліміздің маңдай алды университетінің бұл тұрғыдағы міндеттерді ойдағыдай атқара алатындығына сенімдіміз. ҚазҰУ тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты дамыту және сту­денттер мен оқытушылар ұтқырлығын дамытып, екі жақты алмасып оқытуда, сонымен бірге заманауи халықаралық білім бағдарламалары бойынша әлемнің ең ірі 400-ден аса университетімен әріптестік орнатқан. 2012 жылдың маусым айында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен «РИО+20» БҰҰ тұрақты даму бойынша ғаламдық саммитіне ТМД елдерінің жоғары оқу орындары арасында жалғыз болып әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың идеяларына негізделген – Энергия-экологиялық дамудың жаһандық дамуы және «Жасыл көпір» атты арнайы жеке секциясын ұйымдастырды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет экологиялық ойлау мен мә­дениетінің жаңа ғылыми парадигмасын құрайтын ғаламдық энергия-эколо­гия­лық стратегияны тұжырымдап берді. Аталмыш жоба осы кезеңде тұрақты да­мудың стратегиясына айналды. Халықаралық QS агенттігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды әлемдік университеттер арасында тұрақты даму мәселесі бойынша көшбасшы деп атады. Отандық алғашқы наноспутник жасауды Қазақстанда бірінші болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолға алды. Бұл жобаның іске асыру Токия университетімен бірлесе халықаралық консорциумдағы қазақстандық ЖОО кірген UNIFORM Project аясында басталды. Жаңару мен əлеуметтік жаңғыруы қалыптасқан білім ордасының алдыға қойған мақсат-міндеттері мен стратегиялық жоспарлары «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасына сәйкес құрылған. Жоғарыда аталған республикамыздың өркендеуі үшін жасалған бағдарламалар мен игі бастамалардың барлығы да «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырып, әлемдегі үздік мемлекеттер санатынан табылуға талпынған қам-қарекеттер екендігі сөзсіз.

«Түзу басшы ұзақ жолды қысқа қылады» − дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты мен қажырлы еңбегінің арқасында 33 жыл толмай-ақ 15 жылдың ішінде еліміздің жетістіктерге жеткеніне, Қазақстанның барлық жағынан жыл сайын қарыштап дамып келе жатқандығына көз жеткізіп отырмыз. Еліміздің толағай табыстарға жету үстінде екенін нық сеніммен айта аламыз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры,

академик Ғалым МҰТАНОВ