Табысты жетістіктер кемел келешекке бастайды
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы – мемлекетіміздің тұтас рухы мен дәстүріне айналды. Әрбір жолдау Қазақстанның кемелділігі мен азаматтарының игілігі үшін қызмет етуде. 14 желтоқсанда Астана төрінде Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа бағдарламалық құжатты ел назарына ұсынды. Мазмұны тың, өрісі кең жаңа жолдау ел болашағы мен мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге бағытталған.
Осыдан 15 жыл бұрын Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын қабылдаған болатын. Осы 15 жыл ішінде елімізде ауыз толтырып айтарлықтай, жемісті де жетістікті істер көп. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыз еркін еңбек етуде. Міне, осындай саяси мәні бар құжаттан соң өмірге талай-талай мемлекетіміздің қарыштап дамуына септігін тигізетін өміршең бағдарламалар дүниеге келді. «Қазақстан-2030» стратегиялық құжаты еліміздің экономикалық тығырықтан шығуына, өркендеп өріс алуына ауқымды жол ашты. Бағдарлама аясында қыруар шешімдер қабылданып, жүзеге асты, өзге мемлекеттер жүздеген жылдарда жеткен жетістіктерге Қазақстан ондаған жылдарда жетті. Бірақ әлемнің даму өрісі бір қалыпты емес және әрқилы. Биылғы Жолдаудың пісіп жетілуінде субстанциялық себеп болып, «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты барша Қазақстан халқы мен Әлем елдеріне жолданды. Бағдарламада қалыптасқан Қазақстан Республикасының Әлемдік түрлі үдерістердегі келелі дамуы мен өркендеуі тайға таңба басқандай айқындалып берілді. Жолдаудың негізгі сипаты:
Біріншіден, еліміздің мемлекеттілігі, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміз қалыптасты және оны бүкіл Әлем мойындады. Кезек, жеткен жетістіктерді одан әрі жетілдіру, сындарлы кезеңдерден сүрінбей өту болмақ.
Екіншіден, ХХІ ғасырдың он сын-қатерлерінен сақтану, олардың елімізде көрініс таппас үшін алдын алу. Олар: тарихи уақыттың жеделдеуінен қапы қалмау; жаһандық демографиялық теңгерімсіздікте заңсыз еңбек мигранттары мен көші-қон қысымына дайындалу, ұлттық демографиялық мәселелерді үдету мақсаты; жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіндегі біздің тиімді шешімдеріміз; су тапшылығын және трансшекаралы өзендер су ресурстарын саясаттандыруға жол бермеу; жаһандық энергетикалық қауіпсіздік – энергияның жаңғыртылған көздеріне негізделген жаңа дәуірге бейімделу; табиғи ресурстардың сарқылуы – олардан түскен қаржыны экономикалық өсімге барынша тиімді кіріктіру; үшінші индустриялық революция немесе еліміздің нанотехнология, заманауи ғылыми жетістіктердің белсенді қатысушысы болуы; үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық – әлеуметтік қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылық мәселелерін нығайту; өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы – мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілді болу, Шығыс пен Батыстың үндестігі мен өзара іс-қимылы үшін көпір болу; әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупі − мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдау қажеттіктерін көрсетеді.
Үшіншіден, «Қазақстан-2050» стратегиясы – тым құбылмалы тарихи жағдайдағы жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыт болады. Бағдарлама Қазақстанның ғана емес, Әлемнің бағдарлаған уақыттық даму межесі екенін көрсетуде. Стратегияның ядросын «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап табу және келер ұрпақ пен ел азаматтарының нақ осыған мүдделігі. Ал стратегияны 7 негізгі басымдықтар құрайды: 1) Түгел қамтитын экономикалық прагматизм; 2) Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау; 3) Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік; 4) Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары; 5) Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту; 6) Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту; 7) Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі. Өз кезегінде Қазақстанның жаңа кезеңдерге бағытталған жаңа даму жоспарын, бағдарын меңзейді. Негізгі сарын қалыптасқан мемлекеттілігіміздің іргесін одан ары нығайту, азаматтарымыздың сапалы, толыққанды өмір сүруі.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы – «Қазақстан-2030» Стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы екенін Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап көрсетті. Түйіндеп айтқанда, Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізін қалаушы жоспар болды. Ал, «Қазақстан-2050» бағдарламасы еліміздің өркендеуіне ерекше мән, сапа беріп болашақ кемел даму жолына бастайтын, бағдарлама болайын деп отыр. Елбасы қазақстандық шынайы патриотизмді қалыптастыруда, елімізде салауатты өмір салты мен мәдениетін дамытуда кешенді іс-шараларды жүзеге асыруды, жалпы алғанда Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуының жан-жақты байыпталған дәйекті тұжырымдамасын ұсынып отыр. Осының бәрі еліміздің рухани-әлеуметтік, саяси-экономикалық тәжірибесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Біздің мақсатымыз осы тұрғыдағы мақсат-міндеттердің нәтижелі болуына бір кісідей атсалысу.
Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында атап көрсеткендей, әлеуметтік қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылық мәселелерін нығайтуда; мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілді болуда, Шығыс пен Батыстың үндестігі мен өзара іс-қимылы үшін көпір болуда; мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдауда − білім мен ғылымның, соның ішінде әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың өзіндік қосар үлесі зор. Өскелең ұрпақтың рухани болмысын, ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді оятып, жаңаша инновациялық білім-ғылымды меңгерген интеллектуалды ұлтты тәрбиелеп шығару гуманитарлық білім саласына тиесілі. Осы ретте, өзімізге сеніп тапсырылған жауапкершілікті сезіне отырып, қоғамымыздың алдына қойып отырған стратегиялық мақсат-міндеттерді іске асыруға бар күш-жігерімізді салып, ортақ ғылыми жетістіктерге қол жеткізуге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессор-оқытушыларымен қатар біздің де сеніміміз мол.
Жақыпбек АЛТАЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Философия және саясаттану факультеті, философия кафедрасының меңгерушісі