"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
25.12.12. |
Талғат МЕКЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы: Кәсіподақтың негізгі міндеті - өз мүшелерінің мүддесін қорғау
- Талғат мырза, кез келген мекеме немесе ұйымның әлеуметтік жауапкершілігі болатыны аян. Осы ретте әңгімемізді еліміздегі әлеуметтік жауапкершілік һәм әріптестік жөнінен бастасақ...
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында - «Барлық жұмыс мемлекеттің, бизнес пен азаматтың өзара тығыз іс-қимылы негізінде құрылуы тиіс. Бұл жерде биліктің міндеті - мемлекет, қоғам мен жеке адам мүддесінің рационалды тепе-теңдігін қамтамасыз ету. Шынайы әділеттілік дегеніміз, міне, осы. Әлеуметтік әріптестікті белсенді дамыту, елдің мемлекеттік емес секторын, бірінші кезекте, әлеуметтік саланы жаңғыртуға қатысуын кеңейту үшін жағдай жасау маңызды» деп атап көрсетті. Одан әрі сонау 1993 жылы қабылданған «Кәсіптік одақтар туралы» заң мәтінінде әлеуметтік әріптестік туралы, ұжымдық шарттарды жасау мен орындау тетіктері туралы түсінік жоқ болғандығына баса назар аударды. Елбасы осылайша Қазақстандағы кәсіподақ институттары еңбек дауларының алдын алу және шешудің тиімді құралдары ретінде өз міндеттерін әр кездері толық әрі дұрыс атқара алмай келе жатқандығының басты себебін дәл көрсете білді. Бүгінде әрбір мекеме әлеуметтік жауапкершілік пен әлеуметтік әріптестікке баса көңіл бөліп, серпінді жұмыстар атқаруда. Әлеуметтік жетістіктерді нәтижелі жүзеге асыру міндеті - кәсіподақтар жұмысына да жаңа серпін бергендігін атап өтуге тиіспіз. Республика Үкіметі 2012 жылға кәсіподақтарға арналған заң шығару мәселелерін кешенді түрде талдаудан өткізіп, жаңа заң жобасын дайындау мен оған өзгертулер енгізуде. Аталған заң болашақта еліміздің әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан дамуының негізгі тетіктерінің бірі болатындығына сеніміміз мол. Еліміздің дамуындағы қол жеткізілген жетістіктер мен оң өзгерістер университет ұжымын шығармашылық еңбекте, қазақстандықтардың жас буынын тәрбиелеу мен білім беру ісінде жаңа табыстарға қол жеткізуге шабыттандырып отыр.
- Еліміздегі бірегей университет - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әлеуметтік серіктестік қағидалары негізінде қандай жұмыстар атқарылады?
- ҚазҰУ-дегі әлеуметтік серіктестік қағидасын іске асыру формалары негізінен қоғамдық-кәсіби кеңестер және қоғамдық комиссия түрінде құрылған. Университеттік деңгейде бұл - Ақсақалдар кеңесі, Гуманитариландыру кеңесі, Имидждік саясат кеңесі, Ақпараттық технологиялар кеңесі, факультеттердегі этика жөніндегі кеңестердің жұмыстары негізінде атқарылып келеді. Сонымен қатар куратор-эдвайзерлер кеңесі, оқу-әдістемелік бюро сияқты қоғамдық-кәсіби кеңестер қызметі де орасан зор тәжірибе жинақтаған. Осылайша әлеуметтік серіктестік қағидаларын жүзеге асыруда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымы, «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, ҚазҰУ әйелдер одағы тәрізді қоғамдық ұйымдар белсенді қызмет атқарып отыр.
Кәсіподақтың негізгі міндеттері - өз мүшелерінің кәсіби, еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын және мүдделерін қорғау. Бұл - жұмыскерлердің лайықты жалақысы, еңбекақы төлеу жүйелерін жетілдіру арқылы тұрмыс деңгейін көтеру, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту, жұмыскерлердің еңбегі мен денсаулығын қорғау, жұмыс орнының сақталуымен байланысты мәселелерді шешу, мүгедектерге, еңбек ардагерлеріне көмек көрсету. Жұмыс беруші мен еңбек ұжымының арасында бекітілген Ұжымдық келісімшартта жұмыс берушінің жұмыскер алдындағы нақты міндеттері жазылған. Жаңа шартта әкімшілік жұмыскерлердің емделуіне және денсаулығын жақсартуға байланысты шараларды қаржыландыруға арналған қосымша қаражат бөлу арқылы кәсіподаққа көмек көрсетеді.
- «Парасат» кәсіподағы университет қызметкерлеріне тікелей бағытталған. Кәсіподақтың негізгі міндеттері мен мақсаттары қандай? Нақты қандай іс-шараларға көңіл бөлінеді?
- «Парасат» кәсіподағы мен университет басшылығы арасындағы әлеуметтік серіктестік қағидалары негізінде жүзеге асырылған нақты істер бүгінде өз нәтижесін беруде. Мәселен, өткен жылғы оқу жылының аяғында университет ректоры Ғ.Мұтановтың қолдауымен осы оқу ордасы қызметкерлері балаларының оқу төлемақысына жеңілдік жасау туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, кәсіподақ комитеті құрылымдық бөлімшелерінің тікелей ұйымдастыруымен университет қызметкерлері 15% жеңілдікке қол жеткізді. Кәсіподақтың тікелей бастамасының нәтижесінде университетте көптен бері қордаланып келе жатқан автотұрақ мәселесі де оңтайлы шешімін тапты. Барлығы 450 автокөлікке арналған екі автотұрақ іске қосылды. Айта кетерлік бір жағдай, студенттік кәсіподақ та бұл мәселеден шет қалған жоқ. Студенттердің ұсынысымен оларға арналған жеке автотұрақ қарастырылды.
Кәсіподақ балаларға арналған мерекелік шараларға үлкен мән береді. Жаңа жылда қызметкерлердің балаларына берілетін сыйлықтарды толығымен бақылау жасап, таратып отырады. Кәсіподақтың маңызды жұмыстарының бірі - студенттердің кәсіподағымен бірлесіп жұмыс жасауы. Әрине, кәсіпорын мәдени шараларды ұйымдастырудан тыс қалмайды.
Елбасы Н.Назарбаев атап көрсеткендей, әлеуметтік саланы жаңғыртуда табысқа жетудің басты кілті ынталандыру болып табылады Университетте жұмыскерлердің еңбегін дұрыс бағалау қағидасымен жүргізіледі. Бұл - рейтинг жүйесі. Әр жұмысшы істеген жұмысының қорытындысына қарай марапатталады. Бұл мұғалімдердің жыл сайын өз еңбек көрсеткішін көтеруге ынталандырады.
Сондықтан бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мақсаты - мемлекеттік саясатта инновациялық дамуды жүзеге асырып, әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттерінің қатарына кіру. Бұл бағыттағы қол жеткізген табыстар мен жетістіктеріміз университет ұжымын еліміздің әлеуметтік жаңғыру жолындағы міндеттерін табысты жүзеге асыруға жұмылдырып отыр.
Спортпен шұғылдану, белсенді демалу үшін үлкен көңіл бөлінеді. Әр жыл сайын денешынықтыру кафедрасымен кәсіподақ бірлесіп «Денсаулық» атауымен спартакиада өткізеді. «Парасат» кәсіпорны екінші жыл
Наурыз мейрамы қарсаңында университетте «Тазалық аптасы» байқауын өткізіп, ең жақсы факультет, кафедра, корпус, бөлім, жатақхана арасында таңдау жасалынды.
- Қазақ Ұлттық университеті - Орталық Азиядағы ең беделді университеттердің қатарына енетіні белгілі. Осы ретте халықаралық талаптарға сай бағыттағы кәсіподақтың қызметіне тоқталсаңыз...
- Халықаралық талаптарға сай бағыттағы нәтижелі жұмысты жолға қоя білген «Парасат» кәсіподағы өз мүшелеріне толыққанды қолдау көрсетуді жалғастыруда. Университетте түрлі бағыттағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың барлығында студенттер мен қызметкерлердің колдануына мүмкіндік жасалған. Еліміздің дағдарыс жағдайына қарамастан экономикалық өсу жолын сақтап қалғандығының бір көрінісін ҚазҰУ-дан көруге болады. Мәселен, әлемде күн санап жұмыссыздар саны артып жатқан алмағайып заманда университетте 270 жаңа жұмыс орындары іске қосылды. Әлеуметтік салаға тағайындалған нысандарын ұстау шығыны - 618,7 млн теңгені құрайды.
Өндірісті ұйымдастыруда ең маңызды қағидаттардың бірі - қауіпсіз және зарарсыз еңбек жағдайын жасау. Еңбекті қорғауды басқару - бұл керекті техникалық, санитарлық-гигиеналық және емдеу-профилактикалық шараларды ұйымдастыру, қауіпсіздікті қамсыздандыру, денсаулықты сақтау мен жұмысқа қабілеттілікті арттыру. Еңбекті қорғауды басқару келесі шаралар бойынша іске асады: еңбек жағдайының баға параметрін, мақсат-міндеттің қойылуын қалыптастыру, бағдарламалар құру, бағдарламаларды жедел басқару, бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінің бағасын және ынталандыруды атқарушы болып саналады.
- Жасыратыны жоқ, баспана мәселесі - еліміздегі өткір мәселелердің бірі. Әсіресе, ұстаздар қауымы баспананың жоқтығынан зардап шегуде. Қазақ Ұлттық университетінің қызметкерлері бұл мәселені қалай шешуде?
- Бүгінгі күні ең басты әлеуметтік мәселелердің бірі - баспана мәселесі екендігі баршаға белгілі. Университет қызметкерлерінің тұрғын үй мәселелері үлестік құрылыс ұстанымы негізінде шешімін тапты. «Ақкент» тұрғын үй кешенінен университет қызметкерлеріне 118 пәтер берілді, әр шаршы метрі университеттің қолдауымен 350 АҚШ долларын құрайды, ал 7 қызметкер жеңілдетілген ипотека алды. Бұл оқиға ҚазҰУ тарихында сонау Ө.Жолдасбеков ректор болып тұрған кезеңнен бергі жүзеге асырылған елеулі оқиға болды.
- Сонымен қатар студенттерге де қандай да бір әлеуметтік көмек көрсетілетін шығар?
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттерге жан-жақты әлеуметтік қолдау мен көмек көрсетіліп келеді. Бұл әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін топқа жататын студенттердің барлық категориялары үшін оқу ақысын төлеудегі жеңілдіктерден бастап, материалдық, тегін медициналық көмек көрсету, жатақханамен қамтамасыз ету, санаторийлық-курорттық ем қабылдау мен демалуды ұйымдастыру және студенттерді жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге дейінгі аралықты қамтиды. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының әлеуметтік серіктестік бағдарламасы қабылданған. Аталған бағдарламаның аясында 100-ден астам студенттік әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Студенттер жалпы сомасы 5,5 млн теңге көлемінде грант ұтып алды және 9,8 млн теңге көлемінде демеушілер көмегіне ие болды. Еріктілер бағдарламасы бойынша студенттердің халықаралық тәжірибе алмасуы ұйымдастырылды.
- Бұдан бөлек, қызметкерлерге көрсетілер әлеуметтік көмектер бар ма?
- Мәселен, бір қызметкердің әлеуметтік жиынтығы жылына 200 мың теңгенің үстінде. Биылғы жылы қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мақсатында үстеме ақыларға және өтемақыларға арнайы қаржы бөлінді.
2012 жылы кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмек көрсету үшін, санаторийлық-курорттық ем алу үшін де арнайы қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар мыңнан астам қызметкер Ыстықкөл жағасындағы спорттық-сауықтыру лагеріне жеңілдігі бар жолдамалармен жіберілді. Университет ұрпақтар сабақтастығымен, дәстүрлерінің беріктігімен даңқты. Сондықтан университет ардагерлері де қaмқорлықтан тыс қалған емес. Университет түлектері мен серіктестері де ғылым мен білім ордасында орын алып отырған оң өзгерістерден шет қалмайды.
- «Парасат» кәсіподағының алға қойған мақсаттары мен міндеттері қандай?
- Ғылым мен білім беру саласындағы міндеттерді табысты шешіп келе жатқан университет ұжымы алдында әлеуметтік бағыттағы дамуды да жалғастыру міндеттері тұр. Сондықтан болашақта жаңа медициналық орталық салу, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлеріне арналған жеңілдікпен тұрғын үй алу, Ыстықкөл жағасындағы сауықтыру аймағының материалдық-техникалық базасын нығайту тәрізді маңызды мәселелердің оңтайлы шешім табу күн тәртібінде тұр.
- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ