"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

9 қаңтар, 2013

Жастар – еліміздің болашағы

09.01.13.
Қазақстан Республикасының білім берудегі жоғары оқу орындарының мақсаты - сапалы болашақ мамандармен қатар, қоғамның дамуына өзінің дұрыс септігін тигізе білетін жастарды, яғни жеке тұлғаларды дайындау. 2012 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жастар үшін тек білім беріп қана қоймай, сонымен қатар әлеуметтік бейімделу үдерісінде қолдана алатындай дағдыларды беруі тиіс екендігі сөз болды.

Сондай-ақ Қазақстан Президентінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасы, «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» мақаласы да осы идеялардың мәні мен мазмұнын толықтырушы, сабақтастырушы құжаттар болып табылады.
Расында да қазіргі таңда жастар­­­ды отансүйгіштікке тәрбиелеу, азамат­­тық-патриоттық сана-сезімге ие тұлғаны қалыптастыру маңызды мәселе бо­лып отыр. Бұл, әсіресе, дәстүр мен инно­вация арасында, соның ішінде әлеу­меттік мәдени ор­тада балансты қа­дағалау кезінде өте қажетті.
Отансүйгіштікті қалыптастыру - өз Отанының игілігі үшін адамды жасам­паз еңбекке мақсатты түрде дайын­дайтын, өз елін сүюге қабілет­­ті, оны­мен тығыз байланыс пен оның мүддесін қорғауды әрқашан сезінетін руха­ни-адамгершіліктік тұлғаны дамытуды, өз халқының құнды дәстүрлері мен мәдени құн­дылықтарын сақтап және ары қарай жалғастыратын, тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге үнемі ұмтылуды көз­дейтін, ұрпақтан-ұрпақ­қа өмірлік тәжірибемен берілетін әлеуметтік іс-әрекеттердің жүйесі. Сонымен қатар бұл жүйе ата-бабасы­на құр­мет көрсету, жерлестерін сүю жә­не олар­ға көмек беруге деген ынтасы­­ның бо­луын да қамтиды.
Жастар - еліміздің болашағы. Олардың өмірге деген ұстанымда­ры, құндылықтары, қоғамға деген көз­қарасы, ой-пікірлері, сонымен қатар оларға берілетін идеологияның да маңызы өте зор. Сондай-ақ жас­тар­дың өз Отанына деген көзқарасы да аз мәнге ие емес. Осылардың не­гізінде студент жастардың құнды­лықтық бағыттары мен рухани-адамгершілік­­тік тәрбие мәселесін зерттеу барысында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситетінің Әлеуметтанулық зерттеу және әлеуметтік инжини­ринг ор­талығы зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеу жұмысының негізін уни­верситеттің бакалавр және ма­гистра­тура бөлімдерінің 638 сту­денттеріне жүргізген сауалнама құрады. Сауал­намада қазіргі жас­тардың өмірлік мотивтерін анық­тайтын сұрақтар болды. Сауална­ма нәтижесі бойынша студенттер­дің 52,1%-ы «Адам өз Ота­нының пат­риоты және оған қыз­мет етуі тиіс» деген құндылықты таңда­са, 26,3%-ы «Адам игі істер жасауы және қор­ша­ған ортаға өз пайдасын тигізуі тиіс» деп көрсеткен. Ал қалған 16,3% «Адам тек өзі мен отбасы үшін өмір сүруі керек және біреуге бірдеңе жа­сауға міндетті емес» деген ұстанымда екен­дігін білдірген.
Сондай-ақ «Сіз үшін «Отан» деген не?» деген сұраққа студенттердің 73,9%-ы «Қазақстан Республикасы» деп жауап берген. Ал 20,9%-ы «Ота­ны» ре­тінде «өзім туылған қала неме­се ауыл» және «әке-шешем тұратын қала неме­се ауыл» нұсқаларын бел­гілеген. Қал­ған 5,2% жауап беруге қиналған.
Сонымен бірге «Қазіргі таңда патриот болу дегенді қалай түсінесіз?» деген сұраққа жастардың 40,7%-ы «Отаның­­ды сүю», 23,4%-ы дәстүрді, заңды, үл­кендерді және т.б. сыйлау, 7,8%-ы әділдік, 7,8%-ы Отанды қор­ғау пары­зын өтеу, ел мен қоғам ал­дындағы жауапкершілік, мақтаныш пен ор­тақтастық деп түсінетіндік­те­рін біл­дірген.
Сауалнаманың қорытындысы сұрауға алынған әрбір студенттің отансүйгіштік деңгейін анықтайды және отансүйгіштік сана-сезімінің деңгейі болып табылады. Мәлімет­тер­­дің нәтижесі біздің жастардың және олардың патриоттық ұста­нымының оңтайлы сапасын көрсе­теді. Патриот қаншалықты өз Ота­нын кең етіп сана­­са (тек ауылы немесе қаласы емес, республика көлемін­­де), соншалықты отандастарына көрсететін махабба­ты мен қамқор­лығы да кең болмақ. Сон­дай-ақ өзі­нің үйі, университеті мен қаласы үшін қандай жанашыр болса, соншалық­ты оның патриоттығы жо­ғары болмақ.
Гүлмира ӘБДІРАЙЫМОВА,
әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор,
Динара НҰРАНҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының қызметкері