"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

17 қаңтар, 2013
 Ғұмыры ғибратты ғалым
Image

Президент Н.Назарбаев еліміздің жаңа саяси бағытын белгілеген «Қазақстан – 2050» стратегиясында прогрессивті идеалдар қоғамын құру барысында интеллигенцияның рөліне айрықша тоқталған. Бұл Жолдауда интеллигенцияның жалпы ұлттық құндылықтарды айқындауда жетекші күш болу керектігіне баса назар аударылған. Ал осы интеллигенцияның басында тұрған ғалым, мұғалімдердің және де осы екі мәртебені бір басына сыйдыра алған жоғары оқу орындарының оқытушылары халқымыздың рухани дамуын, бағытын белгілейтін авангард екені сөзсіз. Сондықтан да 2005 жылдан бері Елбасы тапсырмасымен бекітілген «ЖОО үздік оқытушысы» атты грант ғалым ұстаздардың ғылыми және оқытушылық қызметтерін жоғары деңгейде атқаруға деген талпынысқа бастаған үлкен ынталандыру деп білеміз.

Бұл гранттың арқасында көп ұс­­таздар ғылыми еңбектерін, пе­да­гогикалық жетістіктерін ба­сы­лымға беру мүмкіндігімен қоса, шетелдік тәжірибелермен та­ны­сып, қазақстандық ғылымның дү­ниежүзіне таныла түсуіне септігі тиіп жатқанына куәміз. Аталған грант отандық ғылымның жаһан­дану заманында кешеуілдеп қал­май, әлемдік деңгейде та­нылуына ғана емес, сондай-ақ Қа­зақ­станның бо­лашағын бел­гілейтін жас ма­ман­­дарды дайын­дауда да өз үле­сін қосып келеді. Ұстаз білікті, за­манауи талаптарға сай болса, ол өмір атты қатаң сұрып­тау­дан сү­рінбей өтіп, бәсекеге тө­теп бе­ре алатын маман дайын­дай ала­ды.

«ЖОО үздік оқытушысы» гран­тының 2012 жылғы иегері болған профессор Б.Жұбатова – ұстаз­дық жетістіктерімен де, ғалымдық игі нәтижелерімен де биіктен кө­рініп, қазақ интеллиген­ция­сы­ның алдыңғы сапында жүрген азамат­тардың бірі. Қазақ мемлекеттік университеті түлегінің әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің оқытушысынан бастап, қа­зіргі таңда Шығыстану факуль­тетінің деканы қызметіне дейін өсу жолы жиырма жылдан астам уақытпен өлшенеді. Қазақтың қа­ра шаңырағында араб тілін, әде­биетін оқытып, шығыстанушы ма­мандарды талмастан дайын-дап, ұстаздық еткен Баян Нұр­сұлтанқызының шәкірттері араб тілінің жетік мамандары ретінде Қазақстанның жарқын болашағы үшін еңбек етуде. Біршамасы ұс­таз үлгісімен бала тәрбиелеу ісін­де ат салысып жүрсе, бірша­масы елшілік қызметтің бел үстін­де. Сондай-ақ ғылым жолында еңбек етіп жүргені қаншама!

Б.Жұбатова академик Рабиға Сыздықтың жетекшілігімен 2001 жылы «Қазақ қисса-дастанда­рын­дағы араб, парсы сөздері» та­қы­ры­бында кандидаттық жұмысын қорғаса, 2010 жылы «Қазақ ті­ліндегі араб, парсылық кірме фра­­зеологизмдер» атты док­тор­лық диссертацияны ойдағыдай қор­ғап шықты. Бұл еңбегінде Б.Жұбатова қазақ тіліндегі «шы­ғыстық қабат» дейтін араб, парсы сөз­дерінің түпнұсқа тілдердегі эти­мондарының ерекшеліктерін саралап, сол арқылы қабылдаушы тілге енген бірліктердің «екінші өмірі» туралы тарихи-эти­мо­ло­гия­лық талдаулар жасаған. Ол өзінің зерттеуінде қазақ тіліндегі араб, парсы кірме бірліктерін тек тілдің еншісіндегі дүниелер ғана емес, сондай-ақ халықтың белгілі бір ке­­зеңдерде кімдермен, қандай ха­лықтармен қарым-қатынас жа­сады, рухани дүниесіндегі, ойлау әлеміндегі өзгерістер қалай жүрді деген секілді сауалдарға жауап беретін, әртүрлі мәдениет өкіл­де­рінің арасындағы тарихи-мәдени байланыстар туралы деректер ретінде қарастырады.

Ғалым Б.Жұбатова көтерген тақырыптың сонылығы туралы ҚР ҰҒА академигі, филология ғы­лым­дарының докторы, профес­сор Р.Сыздық былай дейді: «Қазақ тілі сөздік қорының араб, парсылық лексикалық қабаты біршама анықталса да, фразеологиялық қордағы кірмелер қабаты арнайы қарастырылмағанын айттық. Шығыс әдебиеті арқылы қалып­тас­қан образдар, сол образдар ар­қылы сөз тіркестері бар екені же­келеген пікірлер түрінде ай­ты­лып келсе, Б.Жұбатованың зерт­теуі осы маңызды да қызық тақы­рыпты алғаш рет қозғайды». Қарап отырсақ, Б.Жұба­това­ның ізденген тақырыбы да Елбасы белгілеген «Қазақстан – 2050» ст­­­ратегиямен үндесіп жатыр. Президентіміз рухани қазығымыз деп көрсеткен қазақ тілін зерттеу – келешек ұрпаққа қалдырар мұ­рамызға ие болу, дамыту, жетілдіру болып табылады. Осы тұрғыда Б.Жұбатова кез келген тілдің тірі ағза екенін, тіл үнемі қарым-қа­тынасқа түсе отырып дамиты­нын көрсете келе, тілдің тарихы ха­лық­тың тарихымен сабақтас екенін дәлелдей түсті.

Б.Жұбатова қазақ ғылымына бер­генінен берері көп ғалым, қа­зіргі таңда ол «Түркі әлемі және Шы­­ғыс: мәдени-тілдік қатынас­тар (диахроникалық аспект)» атты жоба аясында біршама зерттеу жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ биыл оның жетекшілігімен PhD док­торант Ы.Палтөре «Абай Құ­нан­байұлының шығармаларында Құран және хадис мәтіндерінің ин­терпретациялануы» және Қ.Қы­­дырбаев «Қазақ онимдерін ара­б­ тіліне транслитерациялаудың ғылыми-теориялық негіздері» де­ген тақырыпта докторлық дис­сер­тацияларын қорғап шықты. Бұл да ғы­лыми ізденістің үлкен жемісі деп білеміз.

Қазақстандағы шығыстану ғы­­лымының дамуы әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ Шығыстану фа­культетімен байланысты. Ә.Дер­бісәлиев, Л.Рүстемов сынды ға­лым қайраткерлердің ат са­лысуы­мен ашылған бұл факультет мәуелі жемісін енді-енді жинай бас­тағанымен, білім, ғылым, сая­сат саласындағы үлесі айтарлық­тай. Осы ағаларымыздың еңбегін жал­ғастырып, факультетті он алты жыл басқарған профессор Н.Ал­дабек осы эстафетаны Б.Жұба­то­ваға ұстатқан. Шығыстану факуль­тетін басқаруды тапсырған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рек­торы Ғ.Мұтановтың да, өз ізба­са­рын нақ таныған Н.Алдабектің де, факультет ұжымының да сенімін Баян Нұрсұлтанқызы ақтай білді деп айта аламыз. Жұбатованың басқаруымен Шығыстану факуль­теті қазақ ғылымына, еңбек айды­нына қызмет ететін мамандарды дайындауда жоғары көрсеткіш­термен келе жатыр. Араб елдері, корей университеттерімен, Иран, Үнді, Қытай, Жапония мемле­кет­терінің ғылым ордаларымен жа­са­ған тығыз байланыстар негі­зін­дегі қарым-қатынастар арқа­сында факультет студенттері, магис­тр­лері, докторанттары тіл ұстарту, ғы­лыми тәжірибе жинақтау, білім алу сияқты үдерістерді тілдік ор­тада жүзеге асыра алады. Дип­ломатиялық қатынасты құрудың үлгісі болған Б.Жұбатова студент­тер­дің де, оқытушылардың да жағ­­­дайын жасауда талмай қызмет етуде. Ол басқарған екі жылда «Шы­ғыс өркениеттері және түркі әле­мінің мәдени мұрасы», «Қа­зақ­стан және Шығыс елдері: тарихы мен бүгіні», «Әлем кеңістігіндегі түр­­кітану ғылымы» т.б. халық­аралық конференциялар, се­ми­нарлар өткізіліп, қазақ ғылымын, білімін шетелге таныту жұмысын ат­қарған факультеттің беделі арту­да.

Факультет жас болғанымен, оның да өзіндік тарихы бар. Б.Жұ­батованың бастамасымен жа­қында Шығыстану факультетінің негізін салушының бірі – профес­сор Л.Рүстемовтің 80 жылдығына орай оның есімінде дәрісхана ашыл­ды. «Өнегелі өмір» серия­сымен профессор Л.Рүстемовтің өмірі мен ғылыми еңбегіне арнал­ған кітап жарық көрді.

Б.Жұбатова – арабтанушы ре­тінде бірнеше оқу құралының ав­торы. Студенттерге арналған «Араб тілінің теориялық курсы», «Шығыстануға кіріспе», «Араб тілі» сияқты кітаптарды жазумен бірге, қа­зақ мектептерінің 11-сынып оқу­шыларына арналған «Араб тілі» оқулығын құрастырған.

Профессор Б.Жұбатованың «ЖОО үздік оқытушысы» атағын алуы – ұстаздың, ғалымның еңбе­гінің жоғары дәрежеде бағалануы дер едік. «2050 жылдың Қазақ­станы – бұл Жалпыға Ортақ ең­бек қоғамына қарай 20 қадам» деп Елбасы Н.Назарбаев көрсет­кендей болашақтың Еңбек қоға­мы қазіргі заманның Б.Жұ­ба­това сияқты ғалымдарының еңбек­те­рімен белгіленері сөзсіз.

Ақбота АХМЕТБЕКОВА