ҚазҰУ-да түлектің құзыреттік үлгісі талқыланды

19 қаңтар, 2013

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ЕлбасыН.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауындағы тапсырмалар аясында «Заманауи үздіксіз кәсіби білім беру жүйесіндегі түлектің құзыреттік үлгісі» атты 43-ші ғылыми-әдістемелік конференцияның ашылу салтанаты өтті.


Білім беру бағдарламаларының мәселелері мен даму жолдарын қарастыруға арналған конференцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 700-ден астам профессор, доцент, оқытушылары қатысуда.

«Экономиканы нығайтудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың жаңа міндеттерін алға тартқан Елбасы жолдауынан дамуымыздың жаңа көкжиегі көрінетіндей. Оның ішінде басым бағыттың бірі – адам капиталының сапалы өсуі. Ал, біз қалай бәсекеге қабілетті бола аламыз? Ол әр адамның құзыреттілігіне тікелей байланысты», – деген ректор Ғалым Мұтанұлы конференцияның жыл сайын кеңінен қанат жайып келе жатқанын тілге тиек етті. Сөз кезегі үздік университет қызметін жандандыру және оның түлектерінің құзыреттілігін, бәсекеге қабілеттілігін арттырудың өзіндік жолдарын ұсынған оқытушы профессорлар қауымына берілді. Бірінші проректор Мұхамбетқали Мырзабайұлы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауындағы басым бағыттарының ҚазҰУ-да орындалуына тоқталды. Оқу ісі жөніндегі проректор Уәлихан Әбдібековтің баяндамасы білім беру үдерісі: оқытудың пәндік ұстанымынан құзыреттілік ұстанымға қарай ауысуға арналды. Ал, елдің жоғары білікті маман ресурстарын дайындаудағы ғылыми-инновациялық зерттеулердің рөлі туралы ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректор Тілекқабыл Сәбитұлының баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ тәрбие жұмысы жөніндегі департаменттің директоры Меңдігүл Сағатқызы көпшілік назарын «Қазақстан-2050» стратегиясы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы әлеуметтік даму мен тәрбие жұмысының жаңа мақсаттары мен міндеттеріне аударды.

Пленарлық мәжіліс соңында Университет басшысы Ғалым Мұтанұлы оқытушы профессорлар тарапынан түскен сұрақтарға жауап бере отырып, қорытынды сөз сөйледі.

Конференцияның жұмысы келесі бағыттар бойынша екі күнге жалғасады: «Модульдік-құзыреттік форматта оқытудың мәселелері және даму жолдары», «Халықаралық стандарттарға сәйкес білім беру кәсіби бағдарламаларды жетілдіру: Батыс Еуропа елдері мен АҚШ тәжірибесі», «Инновациялық білім беру технологиялары мен іске асыру әдістері».

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі