Бүгін 23 қаңтарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (механика-математика факультетінде KIUCEE, Жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін арттыру мен қайта даярлауға арналған Қазақ-Үнді-Америка жобасы аясында «Жасанды интеллект және робот жүйесіндегі өзекті мәселелер» атты II халықаралық оқу семинары өз жұмысын бастады.
Семинарды ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры, профессор У. Әбдібеков құттықтау сөзімен ашып, ұйымдастырылып отырған семинар жаңадан еңбек жолын бастап келе жатқан жас магистранттар мен докторанттарға өз біліктіліктерін арттыруда, білімдерінің тереңдете жетілдіруде көмектесетіндігін, ғылыми ізденісте жол ашып, қандай бағытта жұмыс керектігіне бағыт-бағдар береді деп атап өтті.
Механика-математика, физика-техника ғылымындағы соңғы даму үдеріс күн санап қанатын кеңге жайып, үнемі ілгерілеп келетіні рас. Осы орайда механика-математика факультетінің деканы Д. Ахмед-Заки: «Бүгінгі семинардың басты ерекшелігі ҚазҰУ базасында жоғары деңгейде маман даярлауда ректор басшылығымен бағдарлама жасалған болатын. Соның белгісі осы семинар арқылы біліктілікті арттыру» - деді декан өз сөзінде.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқу семинары жасанды интеллект саласындағы өзекті мәселелер және роботтық жүйелер саласындағы өзекті мәселелер талқыланады.
Арнайы келген жасанды интеллект саласындағы өзекті мәселелер бойынша семинарды Арканзас университетінің PhD докторы, Acxiom корпорациясының мәліметтерді интеллектуалды талдау, машиналық тәсілде оқыту және мәліметтерді басқару жөніндегі кеңесшісі профессор Сяовей Сюй «Бұл ғылым енді ғана дамып, жаңадан қалыптасып келеді. Осы орайда жоба аясында кеңінен тәжірибе алмасу болғаны жақсы. Екі жақты байланыс артып, біліммен бөлісу өте қажет нәрсе. Сіздердің студенттеріңіз ағылшын тілін жетік меңгергенін байқап отырмын, өте білімді жастар барына сенімдімін. Бұл сала бойынша мамандарыңызбен танысып, байланыс орнатсақ деген ниеттемін. Тағы атап өтейін, қазақ халқының қонақжайлығына қуаныш шексіз», - деді.
Ал екінші модуль бойынша семинарды Бриджпорт университетінің құрметті профессоры, Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және ғылыми зерттеулер жөніндегі вице-президенті, Инженерлік және компьютерлік ғылымдар факультетінің деканы, Пәнаралық интеллектуалды алдын-ала байқау және басқару робототехникасы зертханасының негізін қалаушысы және директоры, доктор PhD М. Т. Собх жүргізді. Семинар екіжаққа да тиімді ұсыныстарға толы, роботехника, жасанды интеллект саласында қызу талқылаулар ауқымды деңгейде пікір алмасу процесінде өтетіндігіне сенім білдірді.
ҚазҰУ оқытушылары мен профессорлары, студенттері семинардың ашылу салтанатынан соң, секциялық жұмыстарға белсене қатысып, өз ойларын ортаға салып, лекция оқып, өз білімімен бөлісуге келген қонақтармен емін-еркін әңгімелесе отырып, сұрақтарына жауап ала алды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі