Кітап — рухани ақылшың
Университет ректоры академик Ғ.Мұтанов қолдап, қуаттаған бастамаға алғашқы белсене атсалысқан филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті. Факультет деканы Қ.Әбдезұлы «Алаш айнасы» газетінде әдебиетті электронды почтаға енгізіп оқыту мәселесін көтерген болатын. Әзірше университет студенттеріне әлем және қазақ әдебиетінен 100 таңдаулы шығарманы өз талғам-талабына сай оқу ұсынылып отыр. Оны барлық факультеттер студенттері оқуы тиіс. Бұл болашағы зор, өрісті де өнегелі бастама.
«Кітаптар тәрбиенің маңызды жақтарының бірі ретінде тәрбие жоспарына енуге тиіс» деп көрнекті сыншы, ғалым В.Г.Белинский сонау ХІХ ғасырда-ақ әдебиеттің қоғам, адам өміріндегі маңыздылығын атап көрсеткен еді. Ресей мектептері мен жоғары оқу орындары А.С.Пушкиннің «Ұлы адамдардың ойларына бой ұру – өте бір қызғылықты ғылым» деген тұжырымына сүйене отырып, орыстың көрнекті тұлғаларының тағылымды ой-пайымдауларын оқытуды жалғастыруда. Жас ұрпақты әдебиетке құштар етуге, тәрбиелеуге жіті көңіл бөлінуде. Осы мақсатта кейбір көлемді классикалық туындылардың мектепке арналған ықшамды түрлері жасалуда.
Алайда ғылым мен техниканың қарышты дамуы жағдайында әдеби кітаптар өркениеттегі рухани қажеттіліктен қалып барады. Ал Э.Лаубе болса өткен ғасырда «Өркениеттің жалпы көрінісінде әрбір халықтың орны оның оқыған кітабының санымен анықталады» деп терең пайымдаған. Мұндай құнды ойларды уақытында ескермеудің зардабын тартып келе жатырмыз.
Соның бірі – жеткіншектердің көркем шығармалар оқымауы, туған тілінде жазылған туындылардан бейхабар болуы. «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы дер кезінде қозғалып отыр. Мұны кітап оқуға міндеттеу дегеннен гөрі көркем әдебиетті ақыл-ойға серік ету деп түсінген жөн. Ал әдеби шығармаларды жаппай оқытудың, кітапқа қызықтырудың тиімді бір тәсілі — көркем туындыны пікірталас өзегіне айналдыру. Сонда ғана кітапқа құмарлық арта түседі. Мұны барлық факультеттерде, әр курста жылына екі-үш рет өткізу пайдасын тигізбек. Пайдалы болатыны, көркем шығарманың мазмұнын талдау барысында кейіпкерлердің іс-әрекеттері, мінез-құлықтары сарапталады. Әркім өзіне жақын ұнамды кейіпкері туралы пікір білдіреді. Кейіпкер қандай қасиетімен ұнайды, қандай өнегелі құндылықтары, ерекшеліктері бар? Шығарма несімен қызықтырады? Осы және басқа да сан алуан сауалдар қойып, оған жауаптар берілсе, қандай жақсы!
Кітаптың әрбір жасқа тигізетін үлкен өнегелі ықпалы бар. Біріншіден, ол ойды дамытады, тілді жетілдіреді, сөйлеу мәдениетін қалыптастырады. Тіпті кейбіреулерінің жазуға деген құлшынысы туады. Осындай қызығушылық салдарынан әдебиетке деген ықылас арта түседі. Әдеби кітапты жиі оқыды деген кеңестік кезеңде де жастар тілінің шұбарлануына байланысты академик, жазушы Ғ.Мүсірепов қатты алаңдаған. Ол: «...жастарымыздың үлкен бір кемшілігі бар. Ол мынау: сөйлесе кетсең, көпшілігі-ақ мүдіріп, аузына сөз түспей, білген сөзінің өзін бұзып айтып, қиналады да қалады. Ана тілінде таза сөйлей алмайтыны, сөйлемдерінің басы мен аяғы араласып, сөздері шұбарала келетіні бірден байқалады. Бұның өзі, әрине, тілін ұстартуға зер салмағандықтың салдары» деп өткір көтерген. Бұл — сол кезеңнен бүгінге жалғасқан ұрпақ қасіреті.
Ұлттық тілді үйреніп, білудің қажеттілігін қанша айтып жүрсек те, әлі күнге тілді шұбарлап сөйлейтіндер немесе қазақша әр сөздің басын шалып, ойын жеткізе алмайтындар да жетеді. Әдеби кітап жастарымызды осындай қиындықтардан құтқарады. Сондықтан көркем шығармаға деген құлшыныс университет деңгейінде ғана бастама болып қалмай, бүкіл республикамыздың жоғары оқу орындарында қызу қолдау табатын жарқын іске айналуы тиіс.
Әнуар Тарақов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
филология ғылымдарының докторы.