"Қазақ" газетінің 100 жылдығы өтті

1 ақпан, 2013

«Қазақ» газеті- 1913-1918 жылдарыОрынборқаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым (№11913жылы 2 ақпанда шыққан).1915жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шыққан. Бастырушысы - «Азамат» серіктігі. Газетке қаржылай көмектескендердің көшбасында Мұстафа Оразайұлы бар. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы -А.Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкіліМ.Дулатұлыболды. Бір сәт тарихқа көз жүгіртіп, парақтап өтсек осындай деректерге қанығамыз. Күні кеше ғана қазақ басылымдарының абызына айналған «Қазақ» газеті 100 жасқа,қазақ руханиятының ұлы тұлғасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 140 жыл толуына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультеті, Қазақстан Журналистер Одағы, Қазақстан Журналистика Академиясы, Бас редакторлар клубы қолдауымен «Қазақ журналистикасы тарихын зерттеу мен даму үдерісінің өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға еліміздегі БАҚ-ның басым көпшілігі қатысы. Халықаралық конференцияның ашылу салтанатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техн.ғ.д., профессор, академик Ғ.Мұтановтың алғы сөзін ҚазҰУ-дің Бірінші проректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор М.Бүркітбаев жеткізді. Алғы сөзде: « «Қазақ» газетінің жүз жылдығы – бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде газет-басылымдарының қай арнада дамып, қандай белестерді бағындырып, нені ұту керек деген сияқты сұрақтарды дәстүрді жалғастыра отырып сараптаудың кезеңі десек болады.»,-деп толғамды пікірін бөліссе, журналистика факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы « «Қазақ» газеті – қазақ халқымен тұтасып кеткен абыз басылым. Бүгінгі конфенцияға дейін «Қазақ» газеті жайлы айтылмады деп айта алмаймыз. Бірақ, бұл жолы Ахмет Байтұрсынұлының қызмет жолын, «Қазақ» газетін ұйымдастыру жолдарын арықарай зерттеу керектігін және оны қалыптастыру жолдарын жасауды іздестурге күш салуымыз қажет»,-деп өз ойын ортаға салды.

Арнайы қонақ ретінде келген Қазақстан Журналистер одағы Басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев жиын барысында « «Қазақ» газеті ХХ ғасырдың басында тұтастай жалпы ұлттың ықыласпен оқитын басылымына айналған. Әуел бастан-ақ басылымға айналған. Әуел бастан-ақ басылым өз бағдар –мұратын ұлт азаттығының жолына жұмсап, барша қазақ зиялыларына тынымсыз соғылған қоңырау сияқты халықтың қалғи бастаған рухын оятып, мыңдаған зерделі жасты тәуелсіздік туының астына жинай білді. Дегенмен 1918 жылы жабылып қалған «Қазақ» газеті араға 88 жыл салып, 2006 жылы наурыз айында қайта жарық көріп, шыға бастады. Міне, кезінде халықтың үні, құлағы, көзі болған бұл басылым сол игі дәстүрді жалғасытырып келді»,-деп журналистің пайымын жеткізді. Сондай-ақ, конференцияда сөз алған «Бас редакторлар Клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті: Кенжеболат Жолдыбай мырза: «Бүгін біздің жалпы қауымның мәдени, саяси, әлеуметтік өмірінде үлкен оқиға болып отыр. Бұл «Қазақ» газетінің 100 жылдығы, Ахмет Байтұрсыновтың 140 жылдығын тойлап жатқандығымыз. Осы конференцияда өте орынды, орнықты ойлар айтылып жатыр. Мен солардың барлығына қосыламын. Мысалы, бүгінгі биіктен қарап отырсаң, осыдан 100 жыл бұрын айтылған әңгімелердің төркіні бүгінге дейін өзінің мәнін жоғалтқан жоқ. Менің ойымша бүгінгі ең басты алда тұрған мақсат – сондағы айтылған әңгімелер мен бүгінгі айтылған әңгімелерді қабыстыра отырып, сол мәселелердің шешіміне, солардың шешілуіне бірлесіп жұмыс жасауымыз керек сияқты. Сондықтан мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастырушыларына, басшылығына, факультетіне үлкен рахмет айтқым келеді.Өйткені, бүгін барлығымыздың басымыз қосылып, бір үлкен «қазаққа» керек мәселеде бас қосып отырмыз. Журналистика мәселесі, қазақ журналистикасының мәселесі төңірегіндегіні біріктіретін, бірлесе шешетін, алғышарттары жасалады деп ойлаймын.Бүгінгі конференция сол алғашқы қадамдардың бастауы іспетті»,-деп кешегі «Қазақ» газетінің көтерген мәселерімен қазіргі қоғам тынысын салыстырып, өз ойын қорытты.

Ал, журналистика факультеті, баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгерушісі Сағатбек Медеубекұлы: «1913 жылы, 2 –ақпаннан бастап шыға бастаған «Қазақ» газеті» - сол дәуірдегі қазақ ұлтының оянуына, қазақ зиялыларының топтасуына, қазақ халқының отарлау саясатына қарсы күресінің, «азаттыққа» деген ұмтылысының күшеюіне игі ықпал жасады, жалпы өркениетке ұмтылудың басы болды. Баспа, полиграфия деген ұғымдар арқылы, тасқа басылған сөздер арқылы қоғамдық санаға қозғау салуға болатындығын және сол арқылы шындығында қозғау салған «Қазақ» газеті – Алаш зиялыларының басын біріктірді. Алаш зиялыларының басын – ұлттың азаттығына, ұлттың теңдігіне, ұлттың болашағына ұйысуына мұрындық болды. «Қазақ» газетінің – тарихи миссиясы солай болған»,- деп газет жайлы тарихи толғанысын білдірді.

Ғылыми конференция барысында ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзі, қазақ журналистикасы тарихы, Алаш баспасөзінің ұлттық сананы оятудағы қызметі, «Қазақ» газетінің ұлттық баспасөз дамуындағы орны, сондай-ақ ұлт санаткері Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси һәм мәдени –ағартушылық қызметіне арналған мәселелер талқыланды.

Конференция жұмысы барысында «Алаш» мұрасын насихаттауға ерекше үлес қосқан көсемсөзші елдегі жалпыұлттық журналистік сыйлық –«Алтын Жұлдыз» белгісі салтанатты табысталды. Бұл жолғы «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Қайсар Әлім. Ол Қазақстан журналистер академиясының «Алтын Жұлдыз» жалпыұлттық сыйлығымен арнайы марапатталды. Сондай-ақ, «Уақыт Таңдауы» агенттігі мен республикалық қоғамдық саяси «Президент және Халық» газетінің бірлескен жобасы бойынша Ұлт басылымдарының атасы «Қазақ» газеті (Бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев) шыға бастағанына 100 жыл толуына орай және тарихи сабақтастықты жүйелі жалғастырғаны үшін «Жылдың үздік басылымы» деп танылды.

Конференцияда Қазақ журналистикасы тарихын зерттеудің теориялық және тәжірибелік незідері, «Қазақ» газеті және қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық мәселелер, А.Байтұрсынов және Алаш баспасөзі, қазіргі қазақ көсемсөзінің қоғамның саяси, мәдени және рухани дамуындағы қызметі, А.Байтұрсыновтың қоғамдық ағартушылық қызметі, қазақ әліпбиінің қалыптасу тарихы, бүгінгі ахуалы, болашағы деген бірнеше өзекті тақырыптар бойынша секциялық отырыстар жүргізілді.

Қазақ қоғамындағы айтулы оқиғаға орай Журналистика факультеті телерадиокешенінің директоры Молдахан Абдраевтың басшылығымен, студенттердің қатысуымен жасалған «Ұлт санасының зергері » атты бейнефильмін көпшілікке ұсынды. Әсіресе, үлкен қаламгер ағаларының жолын жалғап келе жатқан журфактың студенттері де конференцияда сөз алып, өз ойларымен бөлісіп отырды. «Мұндай конференцияда жас журналистерді қатысқаны өте дұрыс. Олардың шыңдалуына мүмкіндік береді»,-дейді конференция барысында сөз алған Баспасөз және Электорнды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Құдайберген Тұрсын мырза.

Ұлт баспасөзінің атасына айналған басылымның мерейтойына жиналған жұртшылық көп. Әсіересе, жастар жағы. Жастар да ұлттың руханиятын оятқан басылмның тарихын тани отырып, конференцияда белсенділік көрсетті. Ақсақал аталары мен айтары мол ағалары оларға ақ тілектерін білдіріп жатты.