Студенттердің конституциялық сауаттылығын көтеруге бағытталған іс-шара

4 ақпан, 2013

20 жыл бұрын 1993 жылдың 28 қаңтарында жас тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа бағытта дамуының іргесін қалауға негіз салған тарихи оқиға орын алды - тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Конституциясы қабылданды. Бұл Конституцияның кемшілікке толы болғанына қарамастан оған қоғамдық даму тарихында маңызды орын беріледі. Осы Конституцияның тарихи орны, маңызы мен мәні туралы бүгінгі жас буынның хабардар болуын қамтамасыз ету мақсатында ҚазҰУ заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының мүшелері 31 қаңтар күні №18 студенттер үйіне барып «Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясына – 20 жыл: оның тарихи-құқықтық маңызы» тақырыбында ой-толғау өткізіп қайтты.

Ой-толғауда осы Конституцияны қабылдау процесі, ондағы кездескен қиындықтар айтылып, оның қабылдану себептері талданды. Сонымен қоса, 1993 жылғы Конституцияның кемшіліктері мен жаңалықтары да қарастырылды. Кафедра оқытушылары бірқатар кемшілік, қайшылықтардың орын алғанына қарамастан Қазақстан Республикасының бұл Конституциясының құқықтық мемлекетті қалыптастыру мен қоғамды демократияландыру жолындағы тарихи маңызды белес болғандығын студенттерге түсіндірді. Ашып айтсақ, 1993 жылғы Конституция Республикамыздың егемендігінің қалыптасуын конституциялық деңгейде тиянақтаған, заң жүзінде аяқтаған, мемлекетіміздің жаңа экономикалық бағытта дамуының құқықтық негізін қалаған, жалпы адамзаттық құндылықтарды таныған, шынайы конституционализмнің орнығуын жалғастырған алғашқы Конституция болып табылғандығы айтылды.

Кафедра мүшелері тиісті Конституцияның тарихи маңызын студенттерге түсіндіре отырып оларды Конституцияны сыйлауға, құрметтеуге шақырды. Мемлекетті, елімізді сыйлау Конституцияны сыйлаудан басталатыны, ал Конституцияны сыйлау үшін оны оқып, білу, түсіну қажет екендігі, Конституцияны оқымаса, түсінбесе, білмесе, оның не үшін қажет екенін ұғынбаса оны сыйлап, қадіріне жеттім деп айту да бекер екендігі студенттерге баса айтылды.

Заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,

конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасы