"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Ел болашағының жаңа бағыты
«Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы елімізді өркендету жолындағы өте маңызды бағдарлама болып саналады. Мұндай ұзақ мерзімге бағытталған Жолдау тарихымызда болған жоқ. «Қазақстан – 2050» стратегиясы еліміздің, саяси әлеуметтік бағыттарын одан әрі дамыту жолындағы Қазақстанның болашағын көрсететін келешегі зор бағдарлама. Егемендік алған 21 жылдың ішінде Елбасымыздың ғажап кемеңгерлігінің, дұрыс саясатының, еңбегінің арқасында еліміз үлкен табыстарға жеткені айдан анық. «Қазақстан – 2030» стратегиясы мерзімінен бұрын орындалып, барлық салалар бойынша үлкен жетістіктерге жеттік. Еліміз халықаралық дәрежеде танылып, зор абыройға ие болды. Елімізде ішкі саяси тұрақтылығы мен ұлттық бірлікті сақтап, оны нығайттық. Елімізде демократиялық даму үлгісі негізінде азаматтық қоғам институттарын дәйекті түрде қалыптасып, одан әрі дамығаны барлық қазақстандықтарға белгілі. Елімізде көппартиялы Парламент жұмыс істейді. Түрлі бағыттағы 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұжымдар жұмыс істейді. 2,5 мыңдай БАҚ болса, оның 90% -ы жеке иелікте. Бұл стратегияда негізгі бағыт нарықтық экономикаға негізделген. «Қазақстан – 2030» стратегиясы мемлекетіміздің қалыптасуы үшін жасалған болатын, қазіргі таңда ол толық орындалды. Жолдаудың маңыздылығы елімізді одан әрі дамытудың негізгі жолдары нақты көрсетілен. Ел Президенті ұсынып отырған «Қазақстан – 2050» стратегиясы ұзақ мерзімді барлық бағыттар бойынша Қазақстанның даму стратегиясы болып саналатыны бізді қуантады, жаңа белестерге жетуге ынталандырады. «Қазақстан – 2050» стратегиясында білім беру жүйесін заманауи талаптарға байланысты дамыту және кадрларды дайындаудағы басты бағыттарға зор көңіл бөлінгені, білім-ғылым салаларында еңбектеніп жатқан оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерден үлкен жауапкершілік қажет етеді. Білім беру саласы және зерттеу жұмыстары заманауи талаптарға байланысты жедел дамып еліміздің экономикасы жақсы дамыған 30 елдің қатарына қосатын негізгі көрсеткіштердің бірі болып саналады. Қазіргі кезеңде білім саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі оның сапасын көтеру. Елбасы өзінің Жолдауында білім салаларының сапасын жетілдіру ең басымды мәселелердің бірі екенін әрдайым көрсетіп келеді. Осыған байланысты отандық білім беру жүйесіндегі инновациялық әдістерді кең көлемде дамыту сатылары анықталған. Инновациялық жұмыстарды дамыту арқылы өндіріспен байланыстарды күшейту негізгі бағыттардың бірі болып саналады. ЖОО-да оқитын студенттердің білім сапасын көтеру арқылы оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағыттау қазіргі таңда өзекті мәселелердің қатарына жататыны белгілі. Жаңа технологияларды енгізе отырып инновациялық жұмыстарды белсене жүргізу өте қажетті екені анықталып отыр. Бұл салаларда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті өте маңызды жұмыстар жүргізуде. Университет көптеген ғылыми-зерттеу жобаларға, оның ішінде халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене қатысып, жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Жылдан-жылға білім және ғылым салаларына бюджеттен бөлініп, қаржы көлемі өсе түсуде. Білім министрлігінің бюджеті бойынша білімге бөлінген қаражат 2012 жылы – 399897,2 миллион теңгені құрады. Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің 400 университетінің қатарына қосылып, үлкен жетістікке жетті. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университет білім және ғылым салаларындағы ЖОО-ның көшбасшысы ретінде Елбасымыз белгілеген «білім – ғылым – инновациялар» бағдарламасы бойынша көптеген маңызды жұмыстар атқаруда. Қуандық САПАРОВ, әл-Фараби атындағыҚазақ Ұлттық университетінің профессоры,биология ғылымдарының докторы, Жаратылыстану академиясының академигі |