"Дала мен қала" қазақстандық қоғамдық-саяси апталық

20 ақпан, 2013

Оқу үдерісі: бейімдеу мен ынталандыру

Жоғары оқу орнына түсуде жаңа әлеуметтік-мәдени ортаға бейімдеу – білім беру үдерісінің тиім­ділігін анықтайтын негізгі фактор­лардың бірі. Қазіргі таңда шетелдік студенттер мен шетелден келген қазақ диаспорасын қазақстандық әлеуметтік-мәдени ортаға бейімдеу мәселесі білім беру жүйесінің алдында тұрған маңызды міндет.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­вер­ситетінің ЖОО-ға дейінгі дайын­дық факультетінің ЖОО-ға дейінгі дайын­дық кафедрасы осы салада ауқымды жұ­мыс тәжірибесіне ие. Елбасымыз Н.Ә. На­зарбаевтың 1996 жылғы «Шетелдерде тұратын отандастарды қолдаудың мемле­кеттік бағдарламасы» атты Жарлығына сәйкес факультетте қазақ диаспорасы өкілдерін 2001 жылдан бері Қазақстанның ЖОО-ларына оқуға түсуге дайындау қолға алынған. Сонымен қатар Қазақстан­ның жоғары және орта арнайы білім беру орындарында Ауған Ислам Республика­сының жастарын оқытуға арналған білім беру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап кафедрада ауған жастарын оқу орындарына даярлау ісі жүзеге асырылып келеді. Қазақ диаспорасы өкілдері мен АИР-дан келген азаматтар факультетке тыңдаушы ретінде қабылданып, әлеумет­тік-мәдени ортаға бейімделе бастайды. Тыңдаушылардың жаңа әлеуметтік және тілдік ортаға бейімделуінің өз ерекше­ліктері мен қиындықтары бар. Еліміздегі жоғары оқу орындарында білімін жал­ғастыратын тыңдаушылардың жаңа ортаға бейім­деліп, оны меңгеруі үшін уақыт және бірқатар іс-шаралар кешенін жүзеге асыру керек.
Жаңа ортаға бейімделу барысы оқу үдерісі шеңберінде, сондай-ақ аудитория­дан тыс уақытта өткізілетін шаралар ке­зінде де жүзеге асады. Аудиториядан тыс шаралар осы үдерістің қарқындауына ықпал етіп, тыңдаушылардың тілдік және әлеуметтік-мәдени құзыреттіліктерін қалыптастырады.
Факультеттің тәрбие жұмысы универ­ситеттің тәрбие жұмысы жөніндегі тұ­жырымдамасына сәйкес ұйымдастырыл­ған. Осы ретте әрбір тыңдаушының білім алуы мен әлеуметтік ортаға бейімделуінде куратор-эдвайзердің атқарар еңбегі ерек­ше. Факультет эдвайзерлерінің тәрбие жұмысы тыңдаушылардың университет­тегі оқу-тәрбие жұмыстарына толыққанды қатысуы үшін жағдай жасау, шетелдік азаматтар мен шетелден келген қазақ диаспорасын әлеуметтік-мәдени ортаға және білім алу жағдайына бейімдеу, тың­даушылардың ғылыми шығармашы­лығын дамыту мен жетілдіру сияқты мін­деттерді қамтиды. Әрбір эдвайзер тың­даушы топтарда эдвайзер сағаттарын өт­кізіп, онда тыңдаушыларды оқу жүйесі­мен, университеттің тарихымен және дәстүрімен, жатақханада тұру ережесімен таныстырады, оқу орнында өзін қалай ұстау керектігі жайлы, жеке бас тазалығы мен денсаулық күтімі, жол жүру ереже­лері туралы және т.б. тақырыптарда әң­гіме-сұхбат өткізеді. Ол әрбір тыңдаушы­ның жатақханаға тіркелуіне, кітапханадан қажетті оқулықтарын алуына, емханаға, құжаттамалары бойынша басқа да құзыр­лы органдарға баруы кезінде де көмектесіп отырады. Факультетте тыңдаушыларға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету мақсатында эдвайзерлердің жа­тақ­ханада кезекшілік ету жүйесі де жолға қойылған.
Сонымен қатар тыңдаушылар ара­сында түрлі тақырыпта танымдық, тәлім-тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Атап айтсақ, «Қазақ­станға қош келдің!», «Жаңа жылдық ду­манды кеш», «Жыр мүшәйрасы», «Қош келдің, әз-Наурыз!», түрлі қоғам, өнер қайраткерлерімен кездесулер, дөңгелек үстелдер, бітіру кеші және т.б. Аудито­риядан тыс мәдени шаралардың барлығы да әлеуметтік-мәдени бейімдеу үдерісіне өз әсерін тигізері сөзсіз.
Түйіндей келгенде, шетелден келген студенттерді әлеуметтік-мәдени бейімдеу мәселесін шешуде аталмыш мәдени ша­ра­ларды мақсатты түрде жоспарлау тиім­ді және оны жүзеге асыруда куратор-эдвай­зерлер институтының рөлі айрықша.

Жібек АБДУЛЛАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты.