"Алматы ақшамы" қоғамдық-саяси газет

21 ақпан, 2013

«Инновациялық ойлау жүйесi сөз болды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан — 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын насихаттау, түсiндiру мақсатымен ҚР Парламент Сенатының депутаты, ҚР ҰҒА академигi Ғарифолла Есiм келдi.

«Қазақстан – 2050: инновациялық ойлау жүйесi» тақырыбында өткен кездесуде Сенат депутаты, алдымен «Қазақстан — 2030» Стратегиясының жетiстiктерiне тоқталды.

– Бұл аралықта, бiрiншiден, елiмiз мемлекет ретiнде қалыптасты. Екiншiден, нарықтық қатынастарға ендiк. Оның нәтижесiнде бәсекелестiк заманы келдi. Үшiншiден, халық санасы өзгердi, – деп, халықаралық рейтинг бойынша 51-орынға аяқ тiреген Қазақстанның ендiгi басты межесi – 30 елдiң санатына ену екендiгiн, ол үшiн ХХI ғасырдың жаһандық он сын-қатерiне төтеп беру керектiгiн айтты.

Жиын барысында академик үшiншi индустриялық революция, табиғи ресурстардың сарқылуы мәселесiн кеңiнен әңгiмелеп, әлеуметтiк ойлау мен экологиялық ойлаудың ерекшелiктерiн және өмiр сүрудiң табиғи негiздерiн қорғау түсiнiктерiн көпшiлiк қауымға нақты мысалдармен жеткiздi.

– Өмiрдiң өзi бiзден ой-санамызды дамытып, құндылықтарымызды арттыруды талап етiп отыр. Бұл әлемдегi дамыған 30 елдiң қатарынан орын алуға бастайтын басымдық. Ал, университет елiмiздiң жаңғыруында, оның экономикасын дамыту мен әлеуметтiк саласында, технологиялық база құруда зор мүмкiндiкке ие, – деп, Жолдауда айтылған экономикалық прагматизм, кәсiпкерлiктi дамыту, заманауи бiлiм беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесiнiң негiзгi бағдарларын жiктеп, қазақстандық демократия, жаңа қазақстандық патриотизм, интеллектуалды ұлт дамуының стратегиялық мiндеттерi аясындағы қазақстандық ғылымның дамуын, оның iшiнде «бiлiм қоғамын», инновациялық ойлау жүйесiн қалыптастырудың өзектi мәселелерiн алға тартты.

Кездесуге оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерi қатысып, Жолдауда қозғалған өзектi мәселелерге қатысты пiкiр айтып, сұрақтар жолдады.

Айкерiм РАЙЫСҚЫЗЫ