25 ақпан 2013 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінде жыл сайын білім алып жатқан тыңдаушылары арасында «ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК» білім сайысы өткізіліп тұрады. Осы жылы тарих пәні бойынша білім сайысы өткізілді.
Сайысқа факультет тыңдаушылары Қытай Халық Республикасынан келген Асыл Ерзат, Есенғазы Жанар, Әкіш Байдәулет қатысып өз бақтарын сынады. Сайыста Қазақстан тарихы бойынша сұрақтар қойылып, оған тыңдаушылардың білім деңгейі мен ұшқырлығын байқап әділ-қазылар алқасы оң бағасын берді. Сайыс үш кезеңнен тұрды.
Бірінші кезең «Жауаптың дұрысын тапқаның, жүзден жүйрік боп шапқаның» деп аталды. Бұл кезеңде қатысушылардың білімділігі, мен ұшқырлығы анықталды.
Ал екінші кезең «Мақалдың ұйқасын тапқаның, жүзден жүйрік боп шапқаның» деп аталады. Ойынға қатысушылар мақал-мәтелдердің ұйқасын тауып өте жылдамдықпен нақты жауап беруі тиісті.
Үшінші кезең «Көненің көзі – дұрысын тапқан нағыз жүйріктің өзі» деп аталса, сайысқа қатысушыларға көнерген сөздерге байланысты сұрақтар қойылды. Сайыс өте қызықты, көңілді өтті. Халқымыздың ұлттық руханиятын еселеуге, оны дәріптеуге арналған бұл шара, шын мәнінде, мағыналы, пайдалы болды деп айта аламыз. Сайыстың қызықты өтуі білікті ұстаздың жасаған тапсырмаларының мағыналы, мазмұнды болуында. Тіпті, тең түскен жағдайда қосымша талай қызықты сұрақтар суырылып қойылды. Әсіресе, тыңдаушылар үшін алар тағлымы мол шаралардың бірі. Бәсекеге түскен, білімге шапшаңдық пен алғырлық та қажет екенін танытқан Әкіш Байдәулет мәреге бірінші боп жетіп, «Жүзден жүйрік» атанды. ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі Қ.А. Аққошқарова тыңдаушылар еңбегін жоғары бағалап, алғыс білдірді.
Әділ-қазылар алқасының мүшелері ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі профессор Қ.А.Аққошқарова, халықаралық білім беру департаменті директорының орынбасары М.Б.Әмірханов, тарих пәнінің оқытушысы Б.М.Айтуарова қатысты. Сайысты ұйымдастырушы ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының қазақ тілі пәнінің оқытушысы, ф.ғ.к. Әбішева Рыскен Рахымқызы. Сайыстың мақсаты факультетте білім алып жатқан жастарға отанымыздың тарихы мен мәдениетін жете меңгеру. Елге деген сүйіспеншілігін арттыру. Бүгінгі таңда тарих ғылымының түйткілді мәселелері мен қайшылықты пікірлері аз сала емес екені белгілі.
Сөз соңында алыстан арман қуып келген жалынды жастарымыздың баршасына мақсаттарыңа жетіп, талаптарыңа нұр жаусын демекпіз.
Халықаралық білім беру департаменті