Халықаралық қатынастар факультетінде Алматы-Вашингтон бейнеконференциясы өтті
«Қазақстан 2050» стратегиясында біздің еліміздің Ауғанстанның тез арада қайта құрылуы мен тұрақтануына мүдделі екендігі айтылған болатын. Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті Орталық Азия бойынша «әл-Фараби-Карнеги» халықаралық ғылым мен білім беру жобасының қолдауымен «2014 жылдан кейінгі Ауғанстанның тағдыры: Орталық Азия үшін АҚШ әскерін шығарудың салдары» атты Вашингтон қаласымен бейнеконференция өткізген болатын.
Бұл шара 2014 жылы Ауғанстаннан одақтастық күштер шығарылғаннан кейінгі елдегі жағдайды тұрақтандыру мәселелеріне арналған болатын.
АҚШ жағынан бейнеконференцияға қатысқандар: Скотт Смит, АҚШ-тың Бейбітшілік институтының Ауғанстан бағдарламасы директорының орынбасары, директор Фредерик Грар, Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының Оңтүстік Азия бағдарламасының директоры, Қазақстан Республикасының АҚШ-дағы елшілігінің қызметкерлері, Омар Самад, Silkroad Consulting LLC президенті, Ауғанстанның Франция пен Канададағы бұрынғы елшісі, Марта Олкотт – «әл-Фараби – Карнеги» жобасының бірлескен директоры.
Қазақстан жағынан аталған іс-шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығы мен оқытушы-профессорлық құрамы, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті - Елбасы қорының Әлемдік экономика мен саясат институты, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының және басқа да отандық институттар мен сараптамалық құрылымдардың мамандары қатысқан болатын.
Кездесуге Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті - Елбасы қорының Әлемдік экономика мен саясат институтының директоры С.М. Акимбеков пен тәуелсіз журналист И. Аманжолов жетекші спикерлер ретінде атсалысты.
Бейнеконференция жоғарғы теориялық деңгейде өтіп, пікір алмасу барысында екі жақтың өкілдері Ауғанстандағы тұрақтылық пен 2014 жылдан кейінгі аймақтық қауіпсіздікке қатысты бірқатар көкейтесті сұрақтарды талқыға салған болатын.
Халықаралық қатынастар факультеті