әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменті және «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздары Орталығының ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӘЙЕЛ» атты республика ЖОО студенттерінің шығармашылық өнер фестивалі өтті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінен, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университеті, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенттері бірнеше бағытта шығармашылық өнер жарысына түсті. Белгілі қаламгерлер, өнер адамдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары шақырылған байқауға Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, сыншы Әлия Бөпежанова, республикалық «Айгөйлек» журналының бас редакторы, ақын Қымбат Әбілдина, жазушы Нұрлан Қами, «Қоңыр» тобы қазылық жасады.
Осыдан 75 жыл бұрын 1937 жылы Жолсыз жазаға ұшыраған қазақтың қайраткер тұлғалары бір сәт үнсіздікпен еске түсіріліп, олардың қазақ әйелінің тағдырына қатысты ұстанымдарынан шағын сахналық көрсетілім қойылып, әрі қарай фестивальдің ашылу рәсімінен кейін 2011 жылы құрылған «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздар Орталығының жұмыс бағыты таныстырылып, студенттерге арналған әдеби-танымдық альманахтың Елбасы Жолдауына орай арнайы шығарылған кезекті нөмірі, «Ай-Ару» Орталығының шаралары, жұмыс жүргізу реті мазмұндалған әдістемелік құрал таратылды.
Фестиваль шарты бойынша алдын-ала түскен өтініштерге сәйкес қатысушылардың фильм-жобалары көрсетілді, қоғам және әйел тақырыбындағы өзекті мәселеге құрылған жоба-жарыс өтті.
Оқу орындарының «Ой алаңы» сөз айтысына әзірленіп келген өкілдерінен аралас «Ақтұйғын», «Айтұлпар», «Ақсауыт» топтары жасақталып, қазіргі кезеңдегі бойжеткен қыздар тәрбиесіндегі ықпалды факторлар туралы ойларын ортаға салды. Қазақ әйелінің тағдыры арқау болған ХХ ғасыр басындағы әдеби туындылар бойынша «Кім? Қайда? Қашан?» зияткерлік сайысына қатысты.
Шығармашылық сайыс әрі қарай дәстүрлі «Ай-Ару» ашқан дарын» концерттік бағдарламасына жалғасты.
Жиын қорытындысында жеңімпаздар арнайы жүлделер мен марапатталып, сертификаттар мен дипломдар берілді.
Бас жүлде – Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университеті «Шашы ағарған қыз» фильміне; Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Мектептегі қыз бала киім үлгісі» жобасына берілді. Аталым бойынша Бас жүлдені «Айрықша таңдау талғамы үшін» Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Лондон олимпиадасының чемпионы Илья Ильиннің анасы туралы түсірілген «Алып туған ана» фильмі алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің «Бүгінгі қазақ әйелі» фильмі мен «Ерке-Нұр» сән үлгілерін насихаттаған жобасы жүлделі бірінші орындармен марапатталды. «Ұстаздық-өнегелі өмір» фильмі аталым бойынша бірінші орын алды.
Шығармашылық жарыста «Отбасы институты», «Шаңырақ», «Үміт сәулесі», «Көп балалы ана», «Айналайын баладан», «Қазақ қыздарының көркем әдебиеттегі тұлғалық бейнесі», «Әдіскер ұстаз Нұрша Оразақыноваға», «Ақынның жары», «Дәстүр мен жаңашылдық» атты фильм-жобалар жүлделі 1, 2, 3 орындармен, Аталым бойынша арнайы дипломдармен, ынталандыру сыйлықтармен аталып өтілді.
Құрама топ мүшелері де марапатталды.
Байқау ЖОО студенттерінің шығармашылық әлеуетінің жан-жақтылығын танытты. Фестивальға қатысушылардың жетекшілері тарапынан «Ай-Ару» Орталығы осындай шараларын облыс орталықтарындағы оқу орындарына келіп өткізіп тұрса болар еді деген ұсыныстар да айтылды.
Фестивальдің өткізілуіне университет басшылығы, «Жер-Су» корпорациясының президенті Б. Оспанов, «Қарқара» Сауда Орталығының директоры Б.Жақсымбетов, Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры Б. Қапалбеков мырзалар демеушілік жасады.
Фестиваль қонақтары атынан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Ұлжан Жанбершиева сөйлеп «Ай-Арудың» осындай игі шараларға ұйтқы болып отырғанына ризашылық білдіріп, келешекте басқа да оқу орындарында «Ай-Ару» бастамасымен көшпелі жиындар өтіп отырса деген ұсыныс айтты.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен профессор Темірхан Тебегенұлы фестивальді ұйымдастырушы ұжым- қарашаңырақ ҚазҰУ-ге алғыс сезімін жеткізді.
Қазіргі қоғамда әйел тұлғасына қатысты жан-жақты ой қозғаған шығармашылық өнер сайысы жастарды жақсы істерге баулудың жаңа бір бастамасы болды.
Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент