"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

20 наурыз, 2013

Шетелге жол ашық

«Ғылым-теңіз, білім-қайық» деп атадан қалған асыл сөзде айтылғандай, заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім және ғылыммен бағала­на­тына бәріміз куә боп отырмыз. Кісінің кісілігі білегімен емес, білімімен бағаланатын заманда инновацияға негізделген индустриализацияны адал еңбекпен және терең біліммен ұштастырған жан ғана табысқа жете алатыны аян.

Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы № 1394 Жарлығы­мен «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылған болатын. Бағдарламаның пайда болуы уақыт талабына сай келді. Мемле­ке­тіміз енді ғана тәуелсіздік алысымен көптеген реформалардың өмірге келуін талап еткен экономикадағы еркін нарықтық қаты­настар жолына, демократия және әлемдік қоғамдастыққа то­лыққанды ену жолына түсті. Кез келген реформаны жүргізу өзде­ріне жүктелген міндеттерді орындауға қабілетті білікті кадрлар­дың болуын талап ететіндігі барлығымызға белгілі. 2008 жылдан бастап ғылыми және педагог қызметкерлерге ғылыми тағы­лым­дамадан өту мүмкіндігі ұсынылды, сондай-ақ ауыл жастары, мемлекеттік қызметшілер, ғылыми және педагог қызметкерлер үшін квоталар енгізілді. Бағдарлама шеңберінде алынатын білім сапасын арттыру мақсатында «Болашақ» халықаралық сти­пен­диясы иегерлерін оқыту және ғылыми тағылымдамадан өткізу үшін ұсынылатын шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтары мен зертханаларының тізімі нақтыланып, оған әлемдік рейтингіде жетекші орындарда тұрған үздік уни­вер­ситеттер кіретін болды. Сондай жобалардың бірі – «Педагогикалық диагностика, білім беру сапасын бағалау және басқару» мамандығы бойынша «Болашақ» бағдарламасымен Рединг университетінде (Ұлыбритания) шет тілін оқыту және ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткер ретінде өз кандидатурамызды ұсынған болатынбыз және ол өз оң нәтижесін берді. Бұл, ең алдымен, бізге сенім артқан университет басшылығының жеңісі деп білеміз.

Елбасымыз – Президенттің Болашақ халықаралық шә­кіртақы­сына ие болу арқылы педагогикалық кадрларды тағы­лымдамадан өткізу, біліктілігін жетілдіру бойынша ұстанған сарабдал саясаты, ең алдымен, білімге негізделіп отырғаны бел­гілі. Білім – елдің экономикалық ресурс көзі, ал сапалы адам капиталын құру білімді қоғам қалыптастыруға негіз.
Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына аяқ басқан еліміз үшін постиндустриалды әлемде үстемдік ететін «білім-ғылым-инно­вация» үштағанын нық ұстану өзекті мәселе. Ол үшін сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман даярлау маңызды міндет. Бұл тұста жоғары оқу орнының алар орны зор. Біздің университетте әлемнің озық университеті санатына ену жолындағы қыруар іс-шаралар атқарылып жатқаны және жекелеген нәтижелерге қол жеткізгенi бесенеден белгілі. «Озық университеттер ол ең алдымен дербес­тікке, академиялық еркіндікке ие әрі ғылыми-зерттеу қызметіне бағытталған болуы тиіс» деп Елбасы өз дәрісінде атап өткендей, біз, университет ұжымы интеллектуалды – инно­вациялық клас­тер құру, ғылыми-зерттеу нәтижесін коммерция­лизациялауда бір кісідей атсалысамыз деп сендіре аламыз.

Маия АРЗАЕВА,
«Болашақ» стипендиясының иегері,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
экономика және бизнес жоғары
мектебі Қаржы кафедрасының
меңгерушісі