Үздік студентке үлкен құрмет
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде үздік студенттерге деген құрметтің орны ерек. Осы орайда аталған қарашаңырақта 29 сәуірде Үздік студенттердің слеті өтті. Слет университет басшылығының оқуда және мәдени шарада озат жастарды марапаттауына арналды.
Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін білікті маман қажет екендігі айдан анық. Ал білікті маман үздік студенттен құралмақ. Үздік студент тек оқуда ғана озат болып қоймай қоғамдық-мәдени іс-шараларда да белсенді болуымен өз қатарындағы білімгерлерден оқ бойы озық тұрмақ. ХХІ ғасырдың талабы да осындай даралықтармен ерекшеленетін кадрларға басым болатындығы да орынды. Бұл ғасыр жаңашылдық пен белсенділікті, терең білім мен қабілеттілікті талап етеді. Ал аталмыш игі шаралар жоғары оқу орындарындағы жастардан шықпақ. Жас келсе іске, жастар жаңашылдықтың бастауы деген ұғымдар да осындайдан пайда болса керек. Ендеше атаулы игі қасиеттер бойынан табылатын үздік студенттердің еңбегін бағалап отыру студент белсенділігін арттырып, ынталандыра түспек. Бір сөзбен айтқанда жастарға Мағжанша сене біліп, ғасыр сұранысына қалыптасып келе жатқан студенттерді замандастарына паш ете білген нұр болмақ. Ол дегеніміз Кеңес Одағы кезеңінде көрініс тапқан Үздік студенттер слетінің ғұмырын жалғастыру болып табылады. Және мұндай игі шара дәстүрге айналып, еліміздің барлық жоғары оқу орындарында жүзеге асуын қолға алған пайдалы болары сөзсіз. Себебі қазақ даналығында көрсетілгендей адам адаммен тек білім, ғылым арқылы ғана озбақ емес пе. Бұл орайда жақсы істердің бастамасы, еліміздегі үздік оқу ордасы ҚазҰУ Үздік студенттердің слетін араға ширек ғасыр қалдырып қайта жалғады. Республикамыздағы Алма матер білім ордасының бұл жаңалығы өзге әріптестеріне де үлгі болар деген үміт қылаң береді.
Атаулы шара ҚазҰУ-да соңғы рет 1984 жылы көрініс тапқан болатын. Содан араға ширек ғасыр қалдырып бүгінгі күні қайта жанданып отыр. Игі шарада әрқашан жастардың оң бастамаларына қолдау танытып, студенттердің талғамды сұраныстарын орынды бағалай білетін ҚазҰУ ректоры, академик Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы үздік студенттерді құттықтап: “Үздік оқу бұл оңай шаруа емес, десек те біздің шаңырақтың студенттері әрдайым үздік болуды алға қоятындығы мені қуантады. Бүгін біз алдыңғы буын ағалардың жақсы дәстүрін жандандырып отырмыз. Келер уақытта бұл шара жалғасын табады деген ойдамын. ҚазҰУ әрқашан түлектерімен мақтанады. Осы орайда бүгінгі қуанышымызды бөлісе келген кешегі түлектерімізге соның ішінде кезіндегі кировтік, сталиндік және лениндік шәкіртақы иегерлеріне алғыс айтқым келеді” деп жалғады. Одан кейін шығыстану факультенінің 4 курс студенті Неверная Галинаны оқудағы үздік жетістіктері үшін құрмет грамотасы және бағалы сыйлықпен марапаттады.
Ректордан кейін сахнаға университеттің мақтанышына айналған химия факультетінің кешегі түлегі, 1970 оқу жылының В.И.Ленин атындағы стипендия иегері, ҚР бірінші сыртқы істер министрі, тарих ғылымдарының докторы Арыстанбекова Ақмарал Хайдарқызы туған білім ордасына арнайы ат басын бұрып, кешегі игі дәстүрдің жанданғанына ризашылығын білдіріп, студенттерге жылы лебізін жеткізді. Түлектеріміз өз оқу ордасына осылайша жақсы баға беріп жатқанда, оқуда озат 13 студентке ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректоры Орынханов Мұрат Қадесұлы магистратураға жолдама тапсырды. Жолдама ҚазҰУ-дың Э.М.Сабырғалиева, М.А.Копытина, М.М.Ошакбаева, Г.Ж.Жанабекова, Г.М.Неверная, Б.Б.Ешметова М.Б.Абдрахманова, А.М.Асанханова, Н.Р.Бердалы, А.Д.Жүндібаева, Л.А. Ахметова, Е.С.Калачёва және Н.Е.Гнеденко ізді үздіктеріне берілді.
Сонымен қатар еліміздің үздік оқу ордасының студенттері біліммен қатар мәдени-көпшілік іс-шараларда да белсенді екендігін ескеріп, тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Джаманбалаева Шолпан Ерболқызы университеттің мәдени-көпшілік іс-шараларына белсенді қатысқаны үшін студенттер: С.Қ.Әлімбекова, Д.Т.Сәдуақасова, Н.А.Құрмановты “Құрмет грамотасымен” марапаттады. Ал “Үздік-көшбасшы” номинациясы бойынша Құрмет грамотасымен студенттік өзін-өзі басқару көшбасшылары - үздік-көшбасшы студенттері: Ғ.Ө.Серім, А.Н.Мұңайтпасова, А.С.Даулетова, А.Зейділда марапатталса, «Үздік-зерттеуші» номинациясы бойынша Құрмет грамотасына ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін үздік-зерттеуші студенттер Э.М.Сабырғалиева, Н.И.Байғараев, Е.В.Журавлева лайық деп танылды.
Ал «Үздік-спортшы» номинациясы бойынша Құрмет граматосымен спорттағы жетістіктері үшін үздік-спортшы студенттер Е.А.Мурадова, С.Турысбеков номинациялары бойынша “Құрмет грамотасымен” марапатталды. Сондай-ақ осы күні Ресейлік «Janus» компаниясының өкілі Светлана Исаева сахнаға шығып, ҚазҰУ дың 4 курс студенті А.Жумахановаға жұмысқа шақырту құжатын ұсынды. Содан кейін сахнаға көтерілген «Казкоммерцбанк» АҚ ның өкілі Г.Құлсариева шығып 4 курс студенті Ж.Бимендеевке жұмысқа шақыру ұсынысын тапсырса, «Финансовая группа «Амулет»» ЖШС нің өкілі Д.Архипов 4 курс студенті А.Кошелеваны серіктестікке жұмысқа шақырды. Бұл салтанатты рәсім болашақ түлектерге қуаныш сезімін ұялатып, болашақтарына үміт сезімін тудырды. Бұл жағдай әрине әлемдік дағдарыс кезеңінде еліміздегі үздік университетттің өз білімгерлеріне деген ерекше қолдауы болып табылады. Бұл құрметтен кейін кезкелген біліми ізденушінің үздік студент атанып бәйгеге шабуына қамшы болатындығы сөзсіз. Үздік студенттер өздеріне көрсетілген құрметтен кейін замандастарына үндеу жолдады. Әр салтанатты рәсімнен кейін университеттіміздің өнерпаз жастары ән шырқап, би биледі, үздік студенттерге құрмет жасады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отырған “Үздік студенттер слеті” “Атамекен” әнімен қорытындыланып, ҚазҰУ ректорының қатысушыларға гүл шоғын ұсынумен аяқталды.
Саягүл ҚАБЫЛБЕКҚЫЗЫ