Ұлттық университетте - ұлттық мейрам ұлықталды
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ халқының барлық салт-дәстүрін сақтай отырып, үлкен деңгейде «Наурыз-жыл басы» атты мейрам өтті.
ҚазҰУ-да өткен Наурыз тойына шетелдік қонақтар, шетел дипломатиялық корпусы өкілдері үлкен қызығушылықтарын тудырды. Бұл мерекеге Алматыда тіркелген халықаралық ұйым және дипломатиялық миссия басшылары арнайы қатысты. Ректорат алдында оқытушылар, студенттер мен қонақтарды театрландырылған көріністер, наурыз көже, бауырсақ және басқа да ұлттық тағамдардан дәм татты.
Мерекелік думанда «Фараби сазы» ұлт аспаптар оркестр, «Бақыт» би ансамблі, оркестр сүйемелдеуімен және Д.Алтынбеков пен студенттік хордың орындауында халық әні «Қыздар-ай», С.Жанатқызы мен студенттік хордың орындауында Ә.Есбаевтың әні «Қыз қуу», халық әні «Бүлдірген», Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» күй поэмасынан үзінділер айтылды.
Одан кейін дәстүрлі мерекені университет ректоры Ғ.Мұтанов өзінің мерекелік сөзімен жалғады. Ректор мерекелік құттықтауында: «Наурыз-бұл рухани мереке. Ол ізгілікті, мейірбандықты, парасаттылық пен дархандықты, ауызбіршілікті, жақсылықты дәріптейтін мейрам. Сондай мәні ізгі мейрамды біздің университетімізде де жыл сайын ата дәстүрімізді барынша сақтай отырып өткізіп келеді. Сайып келгенде бұл 20 мыңнан астам жалынды жастары бар университеттің студенттеріне рухани мән сыйлайтын мереке»,- деді.
Тіпті, бұл мейрамды әр факульет өзінше бір ерекше әсермен жандандыра түсті. Мәселен, «Көктем, көктем нұрын төккен» тарих, археология және этнология факультеті, «Гүлденген кең дала» физика-техникалық факультеті, «Керуен, көш» заң факультеті, «Наурызға ән шашу» журналистика факультеті, «Тұсаукесер» филология, әдебиеттану және әлем тілдері факульеті, «Аластау» дәстүрі философия және саясаттану факульеті, «Дәм мен дидар ғанибет» халықаралық қатынастар, «Достық» химия және химиялық технологиялық факультеті, «Қара жорға» шығыстану, геогрфия, экономика, механика, биология факультеттерінің көркем – шығармашылық композицялары келген қонақтарды ерекше шаттыққа бөледі. Сондай-ақ, Ана тілі аурулары мен жігіт сұлтандарының көрінісі мен «Қазақ елі осындай» әні және «Қыдыр атаның» батасы мерейлі күннің мерейін өсірді. Нағыз қазақы дәстүр сақталған шарада көздің жауын алатын, әсем 18 киіз үй тігілген болса, ал айналасына жиналып, мерекенің мейірін сезінген жұрт дәмнен ауыз татып, әсем әндер мен мың бұрала билеген бишілердің биін, сазды әндерін тыңдап, таңданып,тансанып, ұлттық мейрамды ұлттық университте қарсы алғандарына қуаныш білдірді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі