"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Елімізде жоғары оқу орындарын қайта жаңарту жолын іздестіру көптеген бағыт бойынша жүріп жатыр.
Қазір қазақстандық ЖОО-да жаңаны ендірудің тиімді жолының бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегідей зерттеу университетін құру. Бұл тұрғыда шетелдік тәжірибе жоғары маңызға ие, әсіресе, Ресей тәжірибесі, ондағы ғылыми-техникалық даму, инновациялық экономиканың қалыптасуы, ғылым мен білім интеграциясы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ресей мемлекеттік әлеуметтік университетімен тығыз қарым-қатынаста. Егер ЖОО тек қана өмір сүруге емес дамуға да талпынатын болса, оның басшылығы сыртқы және ішкі өзгерістерге үнемі бейімделіп отыруы қажет.
Инновация деген не? Бұл жаңа қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған іс-әрекет (немесе бұрынғыны қанағаттандыруға жаңа жол ұсыну), оның негізінде жаңа білімді жаңа технологияға, ноу-хауға айналдыру жатыр.
Тәуелсіздік алған уақыттан бастап Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауларында, дәрістерінде идеологияның маңызды үлгілерін жүйелі түрде ұсынып отырды. Бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты – интеллектуалдық ұлт қалыптастыру. Сондықтан «Интеллектуалдық ұлт – 2020» ұлттық жобасында Президент жаңа қазақстандықтарды тәрбиелеу мақсатында білім беру үдерісін зияткерлендіру қажеттігі идеясын алға тартты. Сол интеллектуалды ресурстың бірі – бүгінгі жоғары мектеп педагогы. Біліктілігі мен шеберлігін шыңдай түсу мақсатында еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары Президенттің инновациялық саясатымен тағайындалған талантты жастарды шетелде оқытудың арнайы халықаралық «Болашақ» бағдарламасы аясында дүниежүзінің жетекші университеттерінде және ғылыми-зерттеу ұйымдарында тағылымдамадан өтуде.
Әлеуметтік педагогтарды даярлау – педагогикалық әрекеттің жаңа бір саласы. Әлеуметтік білім беру тәжірибесін жинақтау ондағы әлеуметтік білім беру мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға, елдің адами капиталының қалыптасуына, азаматтардың бәсекеге қабілеттілігін, инновациялық ептілігін, белсенділігін арттыруға ықпалын тигізу ұлттық мүддеге сәйкес екендігін көрсетті. Осы тәжірибенің негізгі бөліктерін саралап көрейік. Көпшілікке мәлім, әлеуметтік педагогика институты 1990 жылы ендірілген болатын. Оған әлеуметтік өмірді ізгілендіру және демократияландыру үдерістерін пайымдау алғышарт болды. Соңғы 20 жыл ішінде әлеуметтік педагогиканың институтының құрылуы мынадай үш міндетті шешуді талап етті: қоғамда әлеуметтік педагогтардың кәсіптік қызметі саласын қалыптастыру, ғылыми білімнің сәйкес саласын дамыту және маман даярлаудың жүйесін жасау.
Қазақстан үшін әлеуметтік педагогтарды даярлау тәжірибесі пайдалы және қажет. Ресейлік әлеуметтік білім беру жүйесі үздіксіз, оның тұрақты құрылымы бар. Қазақстан үшін Ресейдегі әлеуметтік педагогтарды даярлаудың тәжірибесі қоғамның әлеуметтік жаңғыруымен ұштасқандықтан аса маңызды. Бұл тәжірибенің негізгі идеологтары социология ғылымдарының докторы, Ресей білім академиясының академигі С.Григорьев, философия ғылымдарының докторы А.Егорычев, Ресей ғылым академиясының академигі В.Жуков, педагогика ғылымдарының докторлары Л.Мардахаев,
М. Галагузова, И.Липский, А.Мудрик және басқалар Ресей Үкіметімен тығыз байланыста барлық әлеуметтік жағдайларға, шетелдік жүйелерге талдау жасап, белгілі бір тұжырымдарды тиянақтап отырады. Сондай-ақ жинақталған тәжірибе адамның әлеуметтік өмірін қамтамасыз ету үдерісін бағалау өлшемдері тұрғысынан ерекше және өзіндік жүйе. Осы тәжірибенің құрамдас бөлігі – қоғамда әлеуметтік педагогтың кәсіптік қызметі саласының қалыптасуы. Педагогикалық қызметтің жаңа саласы әлеуметтік- педагогикалық әрекет әлеуметтену дағдарысы көрініс бергенде, девиантты мінез-құлықты жасөспірімдер және ересектер саны көбейгенде пайда болады. Бұл тәжірибедегі ең маңыздысы әлеуметтік білім беруді мемлекеттік деңгейде көре білу және әлеуметтік педагогтарды даярлаудың үш құрамдас бөлігінің де үйлесімді дамуы. Оған мысал ретінде, Ресей Федерациясындағы 2020 жылға дейін әлеуметтік білім беру Тұжырымдамасын айтуға болады. Тұжырымдамада қалыптасқан бай әлеуетті, терең тарихи тамырлы ынтымақтастықтың, мейірімділіктің, әлеуметтік қамқорлықтың, өзара көмектің, мемлекеттің, қоғам мен жеке тұлғаның өмірінің кепілі әлеуметтік білім берудің жүйелі талдамасы берілген. Онда әлеуметтік білім берудің міндеттері, қызметтері, ұстанымдары, мақсаттары және негізгі бағыттары нақтыланды.
Әлеуметтік педагогтарды даярлаудың тәжірибесінің екінші құрамдас бөлігі – әлеуметтік педагогиканың ғылыми білімнің саласы ретінде дамуы. С.Липскийдің зерттеуі бойынша, 1971-2008 жылдар аралығында әлеуметтік педагогика мәселелерінен 1646 кандидаттық және докторлық диссертацияларда әлеуметтік педагогиканың ғылыми пән ретіндегі жалпы құрылымы, әлеуметтік педагогика тарихы, теориясы, адамның әлеуметтік даму теориясы, әлеуметтік қолдау теориясы, әлеуметтік-педагогикалық инфрақұрылым теориясы тақырыптық-мәселелік тұрғыдан талданған. Әлеуметтік педагогиканың теориялық-әдіснамалық негіздері, ғылым ретіндегі дамуы жайлы монографиялық жұмыстар; әлеуметтік педагогтарға арналып даярланған оқулықтар, оқу құралдары, сөздіктер, энциклопедиялар жарияланды. Ғалымдар әлеуметтік педагогиканың мағынасын, нысанасын және пәнін, ұғымдық-түсініктік аппаратын нақтылауда. Ресей мемлекеттік әлеуметтік университетінің аясында «Ұлттық әлеуметтік зерттеу университетінің 2018 жылға дейін даму Бағдарламасы» жасалып, жүзеге асырылуда. Желілік әлеуметтік технопарк құрылған, Ресурстық орталық, студенттік бизнес-инкубатор, Отбасының қонақ күту кеңістігі, Қабілеттер паркі, Әлеуметтік ғылымдардың Студенттік академиясы жұмыс жасайды, «Парламенттік дебаттар» атты интеллектуалдық ойындар өткізіліп тұрады.
Тәжірибенің үшінші құрамдас бөлігі әлеуметтік педагогтарды кәсіптік даярлау жүйесін құру болып табылады. Мұндай даярлау 1990 жылдан кейін жаңа мамандық ретінде 1995, 2000 және 2005 жылдары қабылданған стандарттар негізіндегі нормативтік құжаттарға енгізілген және даярлық басталған-ды. Қазіргі уақытта стандарттар төртінші рет жасалуда. Әлеуметтік педагогтарды даярлау жүйесі толығымен оқу-әдістемелік әдебиетпен қамтамасыз етілген. Әсіресе, студенттердің кәсіптік практикасын ұйымдастыруы көңіл аударарлық. «Әлеуметтік университет» атты студенттерге және оқытушыларға арналған газеттер, ғылыми журналдар шығып тұрады.
Қазақстан Республикасында әлеуметтік педагогтарды даярлаудың жинақталған тәжірибесін бейімдеп енгізуге бірқатар мазмұнды алғышарттар бар. Олар, біріншіден, Қазақстанда әлеуметтік педагогтарды даярлау 90-жылдардың ортасынан жүргізілді де, төрт жылдай үзілістен соң, 2010-2011 оқу жылынан «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» атты жаңа мамандық ашылды. Бұл мамандық қазақстандық қоғамның әлеуметтік сұранысынан туындап отыр. Оның үстіне, Егеменді Қазақстанда мәңгілік мәселе – өзін-өзі тану білім беру бағдарламасы бойынша жаңа мәнге ие болды. Ол Қазақстан Республикасының Бірінші Ханымы Сара Алпысқызының бастамасымен 1992 жылы құрылған «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы мен оның «Өзін-өзі тану» пәнін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін 2001 жылы ұйымдастырылған Адамды үйлесімді дамыту институты арқылы жүзеге асырылып отыр.
Қазіргі кезде Қазақстанда мемелекетті дамытудың жаңа әлеуметтік-мәдени контексінде мектептегі және жоғары оқу орындарындағы «Өзін-өзі тану» пәнінің басты мақсаты – рухани сауатты адам, өзінің ұлттық әлем бейнесін сақтай және дамыта отырып, жаһандану дәуірінде өмір сүруге және бақытты болуға қабілетті, қоршаған ортаны қорғай алатын, өмір салты өзгеше адамдарды сыйлай білетін, түрлі мәдениет пен өмір тәжірибелерін құрметтейтін планета азаматын қалыптастыру болып табылады.
Екіншіден, оқытушыларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жұмысы жүйеленуде. Айталық, «Өзін-өзі тану» пәні педагогтарының біліктілігін арттыру «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының Адамды үйлесімді дамыту институты мен университеттердің ғалымдарының тікелей араласуымен жүргізілуде.
Үшіншіден, жастарды әлеуметтендіру және оларға рухани-адамгершілік білім беру бағытында зерттеулер ұйымдастырылуда. Қазақстанда әлеуметтік тәрбие, жасөспірімдердің әлеуметтік белсенділігін дамыту, тәртібінде ауытқулары бар жеткіншекті тәрбиелеу, жастарды әлеуметтендіру, этникалық әлеуметтендіру, әлеуметтік педагогтарды даярлау, болашақ педагогтарды әлеуметтік-педагогикалық жұмысқа даярлау, әлеуметтік педагогиканың оқу пәні ретіндегі құрылымын нақтылау, әлеуметтік педагогика тарихы , әлеуметтік қызметті ұйымдастыру, педагогтарды деонтологиялық даярлау, болашақ педагогты тәрбие жұмысына дайындау, отбасындағы әлеуметтік жұмыс, әлеуметтік психология мәселелері зерттелуде.
Төртіншіден, Білім және ғылым министрінің 2005 жылдың 19 наурызындағы №185 бұйрығына және 2010 жылдың 8 ақпанындағы №42 бұйрығына сәйкес Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мәселелері бойынша жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім берудің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі секциясы жұмыс жасайды. Секция «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану», «Педагогикалық өлшемдер» мамандықтары бойынша жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарын, типтік оқу бағдарламаларын және оқу-әдістемелік әдебиеттерді даярлауды ұйымдастыру бағытындағы жұмысқа басшылық етіп келеді.
Бүгінгі күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және этникалық педагогика кафедрасында әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану саласы мамандары бакалавриат және магистратура деңгейінде даярлануда. Сондай-ақ кафедрадағы соңғы жылдары ендірілген «Тұлғаның дамуына арналған білім беру», «Тұлғаның әлеуметтенуі», «Әлеуметтік-педагогикалық акмеология», «Жеке тұлғалық және кәсіби өсу» атты таңдау пәндері әлеуметтік білім беру мазмұнын, жастардың өмірлік тұжырымдарын байытуда. Осы саладағы тәжірибелерді білім беру үдерісінде қолдану жұмыстарын жүргізудеміз. Университетте конференцияларда, әдіснамалық семинарларда, радиода және баспасөзде Елбасының идеяларын, ресейлік тәжірибенің ұтымды тұстарын насихаттаудамыз.
Ғылыми тағылымдама барысында Ресей мен Қазақстандағы жоғары білім берудің және ғылымның даму бағдарларын салыстырып, озық идеяларын сынай екшеп, пайымдап, алып келдім және біздің елдің білім беру жүйесінің шығармашылықпен өрістеу үдерісін жете түсіндік. Ғылыми ізденіс пен қалыптасқан тәжірибе нәтижелерін маман даярлауда тиімді пайдаланып, алдымен отандық ғалымдардың шебер-сыныптарын өткізу жүйесі қарастырылғаны абзал. Содан кейін ғана елімізде әлі де нақты зерттелмеген мәселелер бойынша жақын және алыс шетел ғалымдарын шақырып, тәжірибе алмасқан дұрыс болар еді. Шетел ғалымдары да бізге тағылымдамаға келетіні анық, себебі мұндай үдеріс екі жаққа бірдей қызмет еткенде ғана пайдалы болмақ.
Тағылымдама нәтижелерінің маңыздылығы – отандық ғалымдарымыз бен ұстаздарымыздың парасат көшінің алдыңғы лебінде келе жатқандығына, олардың тәжірибесінің инновациялық әлеуетінің өркениеттілігіне және осыларға мақтаныш сезіміміздің негізділігіне, еліміздегі білім мен ғылымның, жастардың жарқын болашағына деген сеніміміздің нығаюында.
Ш. ТАУБАЕВА,
К.ҚОЖАХМЕТОВА,
педагогика ғылымдарының докторлары, профессор, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының академиктері