Жетекші жоғары оқу орындары эдвайзерлерінің Қазақстан ЖОО қоғамына үндеуі

5 қараша, 2009

Жыл сайын өтетін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамының жалпы жиынында:«Білім мен ғылымның әлемдік кеңістігіне қадам басып, алдына үлкен мақсаттарды жоспарлап отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстанның студент жастарын кәсіби біліктілікке, адамгершілік пен рухани кемелділікке тәрбиелеу ісіндегі өзінің жауапкершілігін толық сезінеді және де қазақстандық зиялы қауымды Елбасы ұсынған «Интеллектуалды ұлт - 2020» жобасын жүзеге асыру жолында бар күшті жұмылдыруға шақырады. Қазіргі қоғамда тек интеллектуалды әлеуеті жоғары мемлекет қана әлемдік көшбасшылыққа ие бола алады, ал Елбасымыздың ұсынған нақты бағдарламасы - бізді сол мақсатқа жеткізудің шынайы жолы», - деген мәселелер талқыланды.

Биылғы кездесуге ҚазҰУ-да Н.Ә. Назарбаевтың оқыған «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалды секіріс» атты актілік дәрісінде айтылған іс-жоспарлар мен мақсат-міндеттер арқау болды.

«Елбасы өз дәрісінде әсіресе ғылым мен білімнің инновациялық дамуына айрықша мән берді, Қазақстанның жоғары оқу орындарында, соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алып жатқан студент жастардың ұлтымыздың болашағы үшін атқарар қызметі мен алар асуларына үлкен сенім артты. Сондықтан Елбасының бұл миссиясына толықтай жауап бере отырып Қазақстанның бәсекеге қабілетті адами қоры бар мемлекет ретінде өркендеуіне өз үлесімізді қосуымыз керек», - дейді ҚазҰУ ректоры Б.Т. Жұмағұлов.

Жыл сайын өтетін университет ректоры мен эдвайзерлердің кездесуі оқытушы-профессорлар ұжымының жасалған жұмысына баға бере отырып, университеттің дамуына жаңа бағыттарды айқындауда үлкен септігін тигізіп жатыр.

Жиында оқу жұмысы жөніндегі проректор Мұрат Орынханов білім беру жүйесіне алғаш рет енгізілген кредиттік технологияның нәтижелері бойынша есеп берді. Нәтижелер бойынша кредиттік технология жаңа сатыға көтеріліп, эдвайзерлер жұмысының сапасы артты, студенттер мен оқытушылар арасында ақпараттық орта кеңінен таралды және «Универ» жүйесі іске қосылған болатын. Жақын арада университет нормалары мен нарық талаптарына сай әрбір студент өзінің жеке оқу жұмысын жоспарлауға мүмкіндігі туындайды. Мәселен, биыл университет пен заманауи нарық талаптарына жауап беретін пәндік тізімі құрылды.

Кредиттік технологияның ажырамас бір бөлшегі эдвайзерлер институты болып табылады. ҚазҰУ-да бұл институт құрылып, студенттерді оқыту жүйесі мен болашақ мамандығының кәсіби шеберлігін шыңдау мәселелері талқыланып отырады.

Жоғары оқу орындарының білім беру сапасын арттыру және дүниежүзілік рейтінгіде беделді орындарға шығу үшін кредиттік технология жүйесі енгізілді. Жиналысқа қатысқандар кредиттік технология енгізілгеннен кейінгі жинақталған тәжірибенің пайдалы жақтарына баға берді. Олардың пікірінше, сапаны арттыру үшін факультет кафедраларының жұмыстарын жоспарлап, университеттің ақпараттық жүйесін кеңейту, әрі кредиттік технологияның идеологтары ретінде эдвайзерлердің беделін арттыру қажет.

Ректор Бақытжан Жұмағұлов университеттің оқытушы-профессорлар құрамына қойылатын талаптарды белгіледі. Интернационалды білім беру жүйесі аясында студенттер шетелдік ЖОО-ғы әр түрлі пәндерді меңгеру үшін білім алушылардың академиялық мобильділігін арттыру керек. Оған қол жеткізу үшін әлем елдерінің жетекші ЖОО-мен халықаралық қарым-қатынасты орнатып, халықаралық стандарттарға сай оқу кредиттерінің сынақты қайта тапсыру жолдарын құру, шетелде студенттердің тәжірибе алмасуы және т.б. мәселелер қарастырылуы керек деді университет басшылығы.

Ректор эдвайзер жұмысына ерекше мән бере отырып, білім беруде болашақ қоғам тұлғаларын сомдау үшін тәрбиенің маңыздылығын атап өтті. «Елбасының ұлттық университеттерге қойған басты талабы - қазақ елі арасында сауатты және интеллектуалды ұлт туралы түсінікті өзгерту үшін бар күшті ортақ іске жұмылдыру», - деді сөз аяғында Б. Жұмағұлов.

Қатысушылар бірауыздан университеттің оқытушы-профессорлар құрамы жолдаған үндеудегі Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалды секіріс» атты актілік дәрісінде айтылған іс-жоспарлар мен мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін ат салысу керектігін құптады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі