Оқу бағдарламаларын халықаралық аккредитациялау мәселесі талқыланды
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Инженерлік білім беруді аккредитациялаудың Еуропалық желісі аясында жаратылыстану және техникалық оқу бағдарламаларын халықаралық аккредитациялау» ұлттық форумы өтті.
Аталмыш форум Темпус QUEECA «Орталық Азиядағы инженерлік білім сапасы» атты жалпы еуропалық жоба аясында жүзеге асып отыр. Форумға Қазақстандағы Erasmus және ұлттық кеңсе координаторы Ш. Тасболатова, IFEES Инженерлік білім беру қоғамдарының халықаралық федерациясының Президенті Х. Квадрадо, QUEECA жобасының менеджері Э. Гюберти, Ресей инженерлік білім беру ассоциациясы Инженерлік білім беруді аккредитациялаудың Еуропалық желісінің өкілі К. Толкачева және ЖОО ректорлары қатысты. Ұлттық форумның күн тәртібіндегі негізгі мәселелер Орталық Азияда жаратылыстану және техникалық оқу бағдарламаларын кәсіби аккредитациялау және EUR-ACE Label еуропалық сапа белгісін беру, сапаны қамтамасыз ету жүйесінің еуропалық стандарттарға сәйкестендіру болып табылады.
IFEES Инженерлік білім беру қоғамдарының халықаралық федерациясының Президенті Хосе Карлос Квадрадо өз сөзінде былай деді: «Осындай шараның ҚазҰУ-да болуының бір себебі бұл университет әлемнің өзге университеттерімен тығыз байланыс орнату қажеттілігін жақсы түсінгендігі. Бүгінгі өткізіліп отырған іс-шара өте маңызды жоба болып табылады. Қазақ инженерлік қоғамының рөлін нығайту және Орта Азия аймағындағы өзге қоғамдарды ынталандырып, бағыттауға жәрдем көрсету. Ұлттық инженерлік білім беру саласындағы стандарттарды мемлекеттік серіктестерді біріктіру», - деді.
Қазіргі таңда еуропалық стандарттарға сай келетін техника және технология саласындағы оқу бағдарламаларының қазақстандық аккредитациялау жүйесін дамыту мәселесінің өзектілігі экономиканың, еңбек нарығы және халықаралық білім беру кеңістігіне ену талаптарынан туындап отыр.
Осы тұста әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов мұндай форумның университетке берері мол екендігіне тоқталды. «Елбасы Н.Ә. Назарбаев Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының маңызы туралы айтқан болатын. Біз үшін бұл революциялық маңызы бар жоба. Еліміздегі ең басты бағдарлама кадр дайындау. Оларды мықты, бәсекеге қабілетті, әлемдік стандарттарға сай етіп дайындау керек. Біздің түлектер мықты болса, экономикамыз өседі. Қазіргі таңда ЖОО-ларға оқу бағдарламаларын аккредитациялау, Орталық Азияда аккредитациялау агенттігін құру, өз мамандықтарымызды әлемдік деңгейге сай етіп жасау мақсаты тұр. Біздің еуропалық стандарттарға жүгінетініміз олар алдыңғы қатарлы елдер, көптеген нәтижеге қол жеткізіп отыр», - дей келе, бұл іс-шараның ҚазҰУ-да өтуі арқылы университет мұғалімдерінің өзге елдерде біліктілігі мен әлемдік стандарттарға сай екенін мойындату, түлектердің ертең сертификатталып, Орталық Азияда, Еуропада қызмет атқара алуына мүмкіндік жасау керектігін айта кетті.
Аталмыш жоба ҚР барлық жоғары оқу орындары үшін ҮИИДМБ-дың еліміздің индустриалды-инновациялық дамуына үлес қосатын бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау бағытында маңызы зор болмақ.
Форум жұмысында Темпус QUEECA жобасының еуропалық серіктестері, ENAEE ұйымының жетекші мамандары, Орталық Азия серіктестері қатысты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі