«Springer» баспа үйі ҚазҰУ ректоры кітабының тұсаукесерін өткізді

5 желтоқсан, 2014

Әлемдегі ең танымал «Springer» баспа үйі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтановтың «Экономикалық жоспарлау, басқару және бюджеттеудегі математикалық әдістер мен үлгілер» («Mathematical Methods and Models in Economic planning, Management and Budgeting») атты кітабының тұсаукесерін өткізді. Кітап ағылшын тілінде басылып шықты.

Тұсаукесер рәсіміне «Шпрингер» компаниясының бас атқарушы директоры Дерк Хаанк, академиялық және үкіметтік секторының сатылым бойынша президенті Сайед Хасан, Таяу Шығыс елдеріндегі, Түркия және Орталық Азия бойынша сатылым вице-президенті Аздаа Котани, ҚР БжҒМ Ғылым Комитетінің өкілі Сансызбай Жолдасбаев, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ президенті Әділ Ибраев, танымал қазақстандық ғалымдар, ҚазҰУ магистранттары мен докторанттары қатысты.

«Шпрингер» компаниясының бас атқарушы директоры Дерк Хаанк жиынның ашылу сәтінде бұл кітаптың осы баспадан шыққан және бір автор жазған алғашқы қазақстандық ғалымның еңбегі екендігін ерекше атап өтті. «Қазан айында біз Германияда өткен «Frankfurter Buchmesse 2014» халықаралық кітап көрмесінде профессор Ғалым Мұтанов кітабының тұсауын кестік. Ол жүргізген көлемді ғылыми зерттеулердің көпжақтылығы, жаңашылдығы және инновациялық тәсілі әлемдік ғылыми қоғамның үлкен қызығушылығын тудырды. Бұл монографияның шығуы қазақстандық ғылымның әлемдік озық жетістік деңгейіне шығуына ықпал етері сөзсіз», – деді Дерк Хаанк.

Ғ. Мұтановтың кітабы жайлы академиктер және танымал ғалымдар Әбдіғаппар Әшімов, Төлеген Қожамқұлов, Ораз Баймұратов, Жұмаділ Байғұншеков, Сағындық Сатыбалдин, Алексей Чеховой, Мақсат Қалимолдаев, Болат Мұхамедиев және тағы басқалар өз пікірлерін білдіріп, зерттеу нәтижесіне жоғары баға берді. ҚазҰУ ректорын шетелде ғылыми монографиясының шығуымен құттықтады.

«Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысушы ғалым ретінде айтарым, «Шпрингер» сияқты беделді баспа үйінен ғылыми кітаптың жарық көруі – үлкен жетістік. Қазақстандық эконометриканың дамуында маңызды мәнге ие аса күрделі әрі салмақты жұмыс жасалды», – деді тұсаукесерде академик Әбдіғаппар Әшімов.

Қатысушылар зерттеу тақырыбының бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайындағы өзектілігі мен аса маңыздылығын атап өтті. Кітапта көптеген жылдар бойы жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесі микро-және макроэкономикалық процестер деңгейінде экономиканың өзекті мәселелерін шешу үшін қолдануға болатын математикалық үлгі және әдістер түрінде келесі бағыттар бойынша жасалған: зерттемені басқару және кез келген деңгей мен мемлекеттің бюджетінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, энерга-энтропиялық тәсілді пайдалана отырып экономикалық жүйелерді басқару және бағалау, валюталық операцияларды болжау және валюта курстарының теңгерімділігі, инновациялық жобаларды бағалау, мемлекеттік бағдарламаларды талдау, инвестициялық процестердің қауіп-қатерін басқару, ресурстарды бөліп таратуда шешім қабылдау, бәсекеге қабілетті индустриалды кластерлерді сәйкестендіру. Бұдан басқа аймақтық және салалық ерекшеліктері ескерілген кластерлік тәсіл негізінде экономиканы басқарудың методикалық ережелері ғылыми дәлелді жасалған. Мұның барлығы кітапты басқару және экономика саласындағы көптеген мәселелерді шешуде баға жетпес тәжірибелік көмекшіге айналдырады.

«Ғылыми қауымдастықта Ғалым Мұтанов атақты ғалым және еліміздің аса ірі университетінің білікті басшысы ретінде танымал. Оның технологиялық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерді модельдеу және басқару саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі отандық, сонымен бірге шетелдік ғалымдардың, соның ішінде экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Джон Нэштің мойындауына ие болды», – деді іс-шара модераторы, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов.

Тұсаукесер аясында «Шпрингер» компаниясының өкілдері ҚазҰУ оқытушыларына, магистранттар мен докторанттарына арнап семинар өткізді. Онда олар баспа туралы, ғылыми жұмыстарды басып шығаруға қойылатын талаптар жайлы пайдалы ақпараттарға қанығып, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.

Баспасөз қызметі