ҚазҰУ-да «Ермұхан Бекмаханов» атты кітаптың тұсаукесері өтті
ҚаҰУ-да ұлы ғалымның өмірі мен қызметіне, туғанына 100 жылдығына орай Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына арналған «Өнегелі өмір» сериясы бойынша жарық көрген «Ермұхан Бекмаханов» кітабының тұсаукесері болып өтті. Бұл шара ғылыми ортаға жақсы таныс «Бекмаханов оқулары» аясында өткізілді.
Таныстыруда ҚазҰУ ректоры академик Ғ.Мұтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Жазылбеков, ғалымның жары Х.Бекмұхамедова, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры профессор Х.Әбжанов, жазушы М.Сәрсеке сөз сөйледі, сонымен қатар университет оқытушылары мен студенттері де белсене қатысты.
ЖОО ректоры Ғалым Мұтанов: «Ермахан Бекмаханов қазақстандық тарихнамада көрнекті орын алады. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, республикадағы алғаш рет Қазақстан тарихы кафедрасының негізін қалаушы. Ерекше таланты, сарқылмас қажыр-қайраты әрі туған халқының тарихына орасан зор сүйіспеншілігінің арқасында өзінің аз ғана ғұмырында тарих ғылымына баға жетпес үлес қосты», – деп атап көрсетті.
Басылымға әр жылдардағы Е.Бекмахановтың өмірбаяндық мәліметтері, мақалалары, фотосуреттері, сонымен қатар ғұлама ғалым туралы тарихшылардың және де шәкірттерінің естеліктері мен пікірлері енгізілген. Кітап көпшілік оқырман қауымға әрі ғылыми-білім беру орталықтарында жұмыс атқаратын қызметкерлер мен студенттерге арналған. Қазақстанның көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметі туралы «Өнегелі өмір» университеттік сериясы бойынша кітаптар басылымы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановтың бастамасымен жүзеге асырылып отыр.
Медеу Сәрсеке оқуға қатысушыларға өзінің Бекмаханов туралы – қазақ тілінде «Ноқталанған тарихшы» және орыс тілінде «Необузданный историк» кітаптарын ұсынды. Оларда өзінің батыл көзқарастары және тарихи шындықты көрсеткені үшін қуғындалып, сотталған ғалымның ауыр тағдыры баяндалады. Ол сонымен бірге тарихшы-ғалымның 100 жылдығының ғалымның тікелей қатысы бар тақырып, Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын мерекелеумен сәйкес келіп отырғандығының символдығы мен маңыздылығын атап көрсетті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Жазылбеков: «Ермұхан Бекмаханов ХІХ ғ.– ХХ ғ. басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси тарихы мәселелерін зерттеп, ғылымға баға жетпес үлес қосты. Оның ғылыми мұралары жан-жақтылығымен, тарихи үдерістерді зерделеуде кеңдігімен ерекшеленеді. Ол отандық тарих ғылымының негізін салушылардың бірі де бірегейі, көне дәуірден бастап қазақ халқының тарихын жүйелі түрде зерттеумен айналысты. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» кітабы үшін Қазақстан мен Орта Азияда ол алғаш рет ғылым докторы дәрежесі мен профессор атағына ие болды», – деп атап өтті.
Е.Бекмахановтың жұбайы Халима Адамқызы ғалымды еске ала отырып, оның жеке өмірі туралы тың мәліметтер келтірді. «Мен Ермұханмен жиырма жыл өмір сүрдім, одан көп нәрселерді үйрендім. Ол үнемі маған ақылшы және демеуші болды. Абылай-ханның ұрпағы ретінде ол өз Отанының нағыз патриоты болды. Менің ойымша, оның өмірі мен қызметі тек ұлдарына ғана емес, бүкіл қазақ жастарына үлгі», – деп айтты.
Іс-шара барысында ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов Х. Бекмұхамедова мен М. Сәрсекеге «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 80 жыл» мерейтойлық медалін, ал Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты Н. Жазылбеков «Ақ жол» партиясының атынан тарих, археология және этнология факультетінің үздік студенттеріне Е. Бекмаханов атындағы шәкіртақыны тапсырды.
ҚазҰУ Баспасөз қызметі