ЭНЕРГИЯНЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

14 сәуір, 2023

ХХ ғасыр – электр энергетикасының дамыған ғасыры. Негізінен, адамзаттың осы тарихи технологиялық даму кезеңінде қол жеткізген барлық жетістіктері – техникалық прогрестегі орасан табыстар, физикалық еңбекті жеңілдету, жаңа байланыс құралдары мен өндіріс процестерін автоматтандыру – электр энергиясын пайдалануға негізделген.

Электр энергиясын өндіруге арналған энергия ресурстарын тұтыну қарқыны технологияның дамуымен үнемі өсіп келеді. ХХ ғасырдағы бастапқы энергия ресурстарының әлемдік жалпы тұтынуы 10 еседен астам өсті, бұл энергияны үнемдеу қажеттілігіне әкеледі, өйткені болашақта энергия ресурстарын ысырапсыз пайдалану энергия мен энергия ресурстарының тапшылығына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты энергия ресурстары мен энергияны үнемді және ұтымды пайдалану әлемнің барлық елдерінде басымдыққа ие, сондықтан энергияны үнемдеуге ерекше көңіл бөлінеді.

Энергияны үнемдеу – электр энергиясын үнемдеу, табиғи ресурстарды сақтаудың маңызды міндеті. Энергияны үнемдеу өнеркәсібі дамыған елдердің энергетикалық саясатына қазірдің өзінде күшті әсер етуде.

Ең тиімді тұрмыстық техниканы пайдалану, жаңа үнемді шамдарды, автоматтандыру құрылғыларын енгізу және басқа да энергия үнемдеу шаралары, әдетте, жаңа электр станцияларын салу арқылы қуаттылықты арттыруға қарағанда арзанырақ және тезірек жүзеге асырылады. Отын-энергетикалық ресурстарды үнемдеу әсіресе олардың ең ірі тұтынушылары болып табылатын салаларда маңызды.

Энергияның тиімділігін арттыру бағытында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ғалымдары зерттеулер жүргізуде. Олардың бірі – суперконденсаторлар. Суперконденсаторлар кәдімгі аккумуляторлар мен конденсаторларға қарағанда тезірек зарядталатын және разрядталатын және заряд-разряд циклдері көп болатын электр энергиясын сақтау құрылғылары болып табылады. Наноматериалдарды қолданудың арқасында суперконденсаторлар жеңіл, шағын және қуатты болғандықтан, мобильді құрылғылардың барлық түрлерінде, электрлік көліктерде қолдануға болады. Жаңа смартфонның аккумулятор заряды бастапқыда толық күнге жететін болса, уақыт өте келе ол 1-2 жыл ішінде жарты күнге, тіпті бірнеше сағатқа дейін азаяды. Бұл кәдімгі аккумуляторлардың 1000- 2000 зарядтау-разряд циклінен кейін сыйымдылығын жоғалта бастауымен байланысты. Ал суперконденсаторлар өз сыйымдылығын жоғалтпай, ұзақ уақыт тиімді жұмыс істейді.

Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бағытында ҚазҰУ, Физика-техникалық факультетінің, «Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика» кафедрасының ғалымдары жұмыс жасауда. Соның бірі – үнемді шамның дайындалу технологиясын жаңғыртып, энергия үнемдегіш шамның жаңаша үлгісі. Бұл жұмыстың нәтижесі газдық разряд плазмасының жарық беру интенсивтілігін жоғарылатып, нанотехнологияға сүйене отырып, газдық разрядты электр үнемдегіш шамдардың жаңа нұсқасын жасау болды.

Университет ғалымдары дайындап шығарған шамдарда бұрынғыдай адам денсаулығына кері әсері бар таза сынаптың орнына амальгамма (небәрі 7 пайыз сынаптың басқа металдармен қосындысы) қолданылады. Қазіргі таңда осы шамдарға оқу орындары және мемлекеттік мекемелерден сұраныс бар. Осы үнемді газ разрядты шамды қою тұтынушылар үшін әлдеқайда тиімдірек, себебі мұндай ұйымдардың көбінде газ разрядты шамдар қойылғандықтан, оның орнына басқа шамды ауыстыру үлкен шығынды қажет етеді.

Энергияны үнемдеу және оны тиімді пайдалану – әрқайсысымыздың ісіміз. Энергияны үнемдеуді және оны тиімді тұтынуды өзімізден бастайық.

Абдиева Шолпан Әсетбекқызы