Ғылым қоры ҚазҰУ ғалымдарымен семинар өткізді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ғылым қоры» АҚ өкілдерінің қатысуымен 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру туралы конкурстың өткізілу шарттары бойынша түсіндіру семинары өтті.
Жиынға университет басшылығы мен ғалымдары, «Ғылым қоры» АҚ Инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Құрманғазы Омаров, сондай-ақ кәсіпкерлер қатысты.
Кездесу барысында Құрманғазы Омаров конкурсқа қатысты барлық талап-шарттар жайлы толыққанды ақпарат беріп, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.
Конкурстық құжаттама «Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті» ММ, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ және «Ғылым қоры» АҚ сайттарында орналасқан.
Конкурстық өтінімдер Сараптама орталығының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы www.is.ncste.kz сілтемесі бойынша өтінім берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық түрде қабылданады.
Бір жобаны жүзеге асыру үшін бөлінетін гранттың максималды сомасы 350 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Өтінімді қабылдау 2023 жылдың 1 маусымынан басталып, 30 маусымына дейін жалғасады.