География және табиғатты пайдалану факультетіне – 75 жыл
Биыл алғашқы ғылыми географиялық мектеп 75 жылдық мерейтойын атап өтуде. География және табиғатты пайдалану факультетінің қалыптасу кезеңі мемлекет тарихында орын алған маңызды айтулы оқиғалар мен қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келді.
Факультет 1948 жылы 18 тамызда С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қабырғасында құрылған геологиялық-географиялық факультетінің құрамында ашылды. Оның қалыптасу кезеңі соғыстан кейінгі жылдармен сәйкес келді. Сол кезеңде республика геологиялық бейіндегі инженерлер мен ғылыми қызметкерлерге, жоғары және орта жалпы білім беретін мектептің география пәнінің оқытушыларына аса мұқтаж еді. Республиканың халық шаруашылығы үшін географиялық бейіндегі мамандарға да қажеттілік зор болды.
Бастапқыда факультет геологиялық-географиялық бейінде ұйымдастырылып, екі кафедраның құрамында, яғни Жалпы геология және Жалпы географияда ашылды. Факультеттің алғашқы кезеңінде студенттерді негізінен геологиялық бөлімге қабылдаудың артуына сәйкес, жаңа кафедралар ашыла бастады.
1953 жылға қарай геология-география факультетінде жалпы саны 530 студентті құрайтын алты кафедра жұмыс істеп, сол жылы алғашқы түлектерін түлетті. Сол кезеңдегі кафедралар: Жалпы геология, Минералогия және кристаллография, Пайдалы қазбалар кен орындарының геологиясы, Мұнай және газ геологиясы. 1961 жылы география факультетінің құрамында екі кафедра – Физикалық география және Экономикалық география болды, кейін Метеорология кафедрасы ашылды.
Бүгінгі таңда қазіргі заманның басты сын-қатерлерін – тіршілік ету ортасының жаһандық және өңірлік өзгерістерін ескере отырып, география және онымен байланысты ғылымдар: геодезия және картография, жерге орналастыру, кадастр, ГАЖ технологиялар, метеорология, гидрология және туризм ұлттық қауіпсіздік пен еліміздің орнықты дамуының аса маңызды салалары болып табылады. Климаттың өзгеруі мен бейімделуі, су және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері алдыңғы қатарға шығады.
Тек география кеңістікті, аумақты, ресурстық әлеуетті жан-жақты бағалауға, болып жатқан процестерді үнемі бақылау негізінде шешім қабылдауға, бейімделудің және тұрақтылықты арттырудың тиімді тетіктерін жасауға мүмкіндік беретін маңызды тенденцияларды анықтауға көмектеседі.
Бүгінгі таңда география және табиғатты пайдалану факультетінің ұжымы республика экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Факультет деканының міндетін атқарушы – Әлия Сағындыққызы Ақтымбаева. Факультет құрамына: География, жерге орналастыру және кадастр; Рекреациялық география және туризм; Картография және геоинформатика; Метеорология және гидрогеология; Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедралары кіреді.
Факультетте жетекші шетелдік университеттермен әріптестік негізінде ТМД кеңістігіндегі бірегей әрі алғашқы тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО-ның халықаралық кафедралары құрылғанын, оның басты міндеті Қазақстан Республикасының тұрақты инновациялық, энергоэкологиялық даму саласында бірегей мамандарды даярлап шығару болып табылатынын ерекше атап өткен жөн.
Бүгінде факультетті бітірген оның көптеген түлектері жоғары және орта білім беру мекемелерінде, «Қазгидромет» жүйесінде, сондай-ақ бүкіл ел бойынша экономикалық, су шаруашылығы, жерге орналастыру бейініндегі көптеген ғылыми-зерттеу және жобалау институттарында табысты еңбек етуде.
География және табиғатты пайдалану факультетінің ұжымын мерейтойымен құттықтаймыз! Сіздерге табыс және одан әрі шығармашылық өсу тілейміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі