ҚазҰУ ғалымдары «Ядролық қарусыз әлем» идеясын қолдайды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні және Қазақстанның рөлі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Жиынға ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық орталығының басшысы Властимил Самек, ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.
Бүгінде ҚазҰУ-да Тұрақты дамудың барлық 17 бағыты (ТДМ) бойынша көптеген іс-шаралар атқарылуда. Дөңгелек үстел отырысы тұрақты даму мақсаттарында көрсетілген климатты жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес бағыты бойынша жүзеге асуда.
Шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты мен Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы ұйымдастырып отыр. Конференция отырысын университет басшысы Жансейіт Түймебаев ашты.
«29 тамыз – Семей полигонының жабылған күні. Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн. Полигонда 1949-1989 жылдар аралығында 470-тей ядролық жарылыс жасалды. Сынақ аймағында экологиялық апат орын алып, табиғатқа және адам денсаулығына орасан зор зиян келтірілді. 1989 жылы ядролық жарылысқа қарсы «Невада – Семей» халықаралық қозғалысы құрылды. Қозғалысты мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын, ҚазҰУ түлегі Олжас Омарұлы Сүлейменов басқарды. Осыдан 32 жыл бұрын, 1991 жылы 29 тамызда бұл ядролық сынақ алаңы өз жұмысын ресми тоқтатты. Қазақ даласына қасірет алып келген полигон зардабы әлі күнге дейін толық жойылған жоқ. Біздің мақсатымыз – осы ғаламдық мәселені ғылыми тұрғыдан талдап, сараптама жасау, «Ядролық қарусыз әлем» идеясын кеңінен насихаттау», – деді ректор.
Өз кезегінде БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық орталығының басшысы Властимил Самек сөз сөйлеп, өз пікірін ортаға салды.
«Қазіргі кезде әлемнің жартысы ядролық қарудан азат аймақ болып саналады және бұл нәтижеге қол жеткізуде Қазақстанның үлесі зор. Осыдан 32 жыл бұрын әлемдегі ең ірі ядролық полигонның бірі – Семей ядролық полигоны жабылған болатын. Бұл адамзат тарихында ядролық сынақтар өткізуге заңдық тұрғыда тыйым салған алғашқы қадамдардың бірі еді. Семей полигонынан кейін дүниежүзі бойынша басқа да полигондар жабылып, тоқтатылды. Ядролық сынақтарға тыйым салу жаһандық сипатқа ие болды», – деді Властимил Самек.
Дөңгелек үстел отырысының мақсаты – Семей полигонын жабу тәжірибесіне ерекше назар аудара отырып, «Ядролық сынақтар, қоршаған орта және тұрақты даму» тақырыбын мұқият талқылау.
Жиын барысында қатысушылар ядролық сынақтардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсерлері туралы баяндама жасап, өзара пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі