БІЛІМНІҢ БИІГІ
Қанипаш МӘДІБАЙ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, ф.ғ.д.
– Жоғары мектептің жастар тәрбиесіне айрықша ден қойып отырғаны қуантады. Ширек ғасырдан бері өзіңіз еңбек етіп келе жатқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұл бағытта да көшбасшылық орында. Кейінгі кезеңде білім беру мен ғылыми жұмыстар жүргізуде ҚазҰУ-де орнығып отырған жаңашыл үдерістер туралы да айтып өтсеңіз.
– Біздің университет осы жүйелер бойынша әлемдік стандарттарға сай жұмыс жүргізуде шын мәнінде көшбасшы болып отыр деп ойлаймын. Тәуелсіздік тарихымызда тағдыр нәсіп еткен игіліктерді білім мен ғылым көріп отыр. Соңғы ширек ғасырда қилы дағдарыс атаулыға ден бермей, дағдылы қалпын бұзбай, дамымаса – дағдармаған жақсы мағынасындағы жанкештілік те осы салада ғана сияқты. Қазақ әдебиетінің тарихы қазір жалтақтамай еркін оқытылады, көненің көзі, арғы бабалардың ой сәулесі сақталған құндылықтарымызды зерттеу де көш ілгері озды. Кейінгі кезеңде жоғары мектеп оқытушыларына талап күшейген. Шет тілін білу керек. Дүниедегі білім бағыттарына сай біліктілік қажет.
– Әңгімеңізге қарасам, өз мамандығыңызды қалауыңызбен таңдаған сияқтысыз...
– Шынымды айтсам, бала күннен журналист боламын, кинорежиссер боламын деп армандайтынмын. Орта мектепті бітіргенде конкурсы үлкен журфактен гөрі филологияға бар, онда білімің толығады, бітірген соң журналист те болып кете аласың деп нағашы ағам кеңес берді. Расымен де, филология факультетінде оқығаным үшін бір сәт те өкінген емеспін. Қазақ, әлем әдебиеті тарихымен кеңірек танысып, көбірек білуге ынталандым. Ана тіліміздің құны бөлек байлығы мен сұлулығын, ғылыми қисындау негіздерін бойға сіңірдім. Зерттеу жұмыстар, әдеби сын мақалалар жазуға дағдыланып, бейімделдім. Көпшілікпен тіл табысып, ортада өмір сүру қағидаттарын үйренуім өз алдына қайырлы олжа. Мамандық бізді өмірге салғырт қарай алмайтын, жауапкершіліктен қашпайтын, сергек адам болып қалыптасуға міндеттеді.
Ауыл мектебінде, республикалық кітап баспаларында, «Жалын» журналында, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде қызмет атқарып келе жатқан уақытымда таңдаған мамандығымның ұшан-теңіз игілігін көрдім.
Білікті филолог маманның келешек өрісі кең. Қажетті білім қырын жиған, ана тілінде сауатты жаза білетін, шешен, шебер сөйлеуге төселген, ойын жеткізіп, жүйелі айтуға жаттыққан, ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтарды құнттау әлуеті мығым, шет тілде де білім алған маман қазіргі заманғы өмір сүру қалпымыз бен салтымыздың қай саласында да өзіне орын таба алады.
ҚазҰУ қазіргі заманғы Қазақстанның бітім-болмысымен тұтасып кеткен басты тұғырларының бірі. Білімнің биігі.
Жыл сайын университетке қабылдау уақытында талапкерлермен кездесу сәтінде әңгімені өз факультетіме, өзім ширек ғасырға жуық еңбек етіп келе жатқан қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасына бұра айтамын. Қазақстандағы филологиялық білімнің бастау көздерінде тұрған тарихи тұлғаларды айтамын. Әуезовтің әйгілі әдебиет тарихын зерттеу мектебі. Бейсембай Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Рымғали Нұрғали, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Алма Қыраубайқызы... Әдебиет теориясын: Зейнолла Қабдолов. Бақытжан Майтанов.
Әдебиет сыны тарихын оқыту мектебі. Өмірімдегі аса ықпалды тұлға Тұрсынбек Кәкішұлы туралы сөйлеймін. Кафедрадағы дәстүр сабақтастығы, бүгінгі әдебиеттанудың алымды өкілдерімен бірге еңбек етудің ғибратын құлаққағыс етемін.
Жазылып жатқан еңбектер, жарық көрген әдебиет тарихы мен сынына қатысты, теориялық бағыттағы оқулық, оқу құралдарын, монографиялар мен әдістемелік құрал, нұсқаулардан мағлұмат беремін.
Оқуға түсе қалған жағдайда шәкірттің қандай ортаға тап болатынын білсе дегенім.
Осыдан 2 жыл уақыт бұрын Малика атты аяулы қыз әкесі Сүлеймен екеуі келіпті. Баласының болашағы осы күндердегі мамандық таңдау шешіміне де аса қатысты екендігін әке жүрегі қатты сезінеді. Сұрақ үстіне сұрақ жауады.
– Қызым мектепті өте жақсы аяқтады. Ақтөбеден келіп отырмыз. Алдында осындағы №123 мектеп-гимназияда оқыған. Сіздерде оқу бізге не береді?
Мен де іркілмеймін.
– Айтып тауыса алмастай игілік қой білім деген. Малика біздің факультетке оқуға түссе қазіргі заман талаптарына сай, сұранысқа ие, жан-жақты білікті маман, жақсы адам болып шығады. Факультетімізде бұған қажетті жағдайдың бәрі бар.
Бірінші курсқа түсісімен біз шәкірттеріміздің қыр соңынан қалмаймыз. Қыркүйек басталар-басталмастан жүріс-тұрыстары, ауыздан шыққан әр сөзі «аңдуда» болады. Қорықпаңыз, жақсы мағынасында аңду.
Бізде балалардың бірден университет өміріне араласып, жатырқамай кірігіп кетуінің қолайлы жағдайлары жасалған. Түрлі үйірме, клуб, орталықтардың жұмысына тартамыз. Шаралар ұйымдастыруға баулимыз, ғылыми зерттеу жұмыстардың бағытын үйретеміз, бойындағы қабілет, дарынын дер кезінде шыңдап, жетілдіру қамына кірісеміз.
Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде екі шәкірттің бірі – ақын, бірі – әнші, бірі – ғалым.
Маликаның көкесінің ынта қоя тыңдағанын көріп отырған соң, тоқтаймын ба. Айта беремін...
Әңгімемізге құжат тапсыруға келген басқа да талапкерлер, ата-аналар қосылды. Сұрақтар қойылды.
Мен тағы да қадірі асқан ҚазҰУ туралы бүгінгі білім мен ғылымға елімізде жасалып отырған жағдайлар, олардың нәтижесі, келешек бағыты туралы сөйледім.
– Университеттің, ұстаздардың қандай артықшылықтарын айтасыз сұрағандарға? Қандай бағдарламалар студенттерге ерекше ықпал етіп, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуға мүмкіндік береді?
– Университеттегі «Студент оқитын 100 кітап», «Айналаңды нұрландыр!», т.б. қозғалыс жобалардың жас адамның қалыптасу жолында жағымды ықпалы, рухани пәрмені даусыз.
Біздің студенттердің шетелдерден тағылымдамадан өтуге белгілі бір уақыт аралығында студент алмасу бойынша оқып қайтуға мүмкіндігі бар. Жыл бойында шет елден белгілі мамандар келіп дәріс оқиды.
Оқытушы профессорлардың заман талабына сай жаңа технологиялармен жұмыс істеуі біліктілік жетілдіріп отыру, белсенді еңбек етуі міндеттеліп, университет басшылығы тарапынан ұдайы қадағаланып отырады. Соған сай қолайлы жағдайлар жасалған.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің жыл сайын ЖОО үздік 200 оқытушысына бөлінетін грантты қаржыландыруы оқытушылардың зерттеу еңбектерін шығаруына, шетелдерден тәжірибе алмасып қайтуына, т.б. оқыту мен ғылыми-зерттеулер жүргізуінде қомақты көмек болып отыр.
Осыған қоса түрлі ғылыми жобалардың гранттарын ұтып алуға мүмкіндік бар. Ол жобаларға студенттер де қатысады. Студенттердің ғылыми-зерттеу мақалаларының жинағын шығарып отыру факультетімізде дәстүрге айналды.
Біздің кафедра ежелгі, дәстүрлі, қазақ руханиятының киесі тұнған кафедра болғандықтан республика аумағында да, алыс-жақын шетелдерде де жұмыс бағытымызды хабарлап, мүмкіндігінше өзімізге тартып, ортақ шаруалар атқаруға жұмылдыруға ұйытқы болып отыруды да естен шығармаймыз.
Университетте оқытушы профессорлардың жан-жақты жұмысын қадағалап отыру, еңбегіне қарай бағалау, үстемақы төлеу жолға қойылған. Осы бағытта оқытушының кәсіби-тұлғалық деңгейін тұтас ашуға мол мүмкіндік бар.
ҚазҰУ-ден жоғары білім ордасы жоқ деп ата-аналары бағыттап отырған жас талапкерлердің қайсыбіріне қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы Дина Әлкебаеваның тынымсыз еңбегін үлгі еттім.
Халықаралық деңгейде қазақ тілінің мәртебесін айғақтау бағытындағы ғылыми мақалалары жарық көруде.
Ата-аналар да, балалар да елеңдесіп қалғанын байқап отырмын. Тіпті, «Шіркін, қайтадан студент болар ма едім. Сіздерден өзіміз оқығымыз келіп отыр», – деген адамдар да болды.
Адамзат тарихында алып империялар, алға озған елдердің сөз өнері, сөз ғылымы әрдайым оқшау тұрған, орасан ықпалы болған. Руханисаяси экономикалық даму бағытында бастаған тұтқа тұлғалардың ақылманы болған.
Сөз ұстаған шешен, билер білімді, білікті маман есебінде банкте де, басқару органдарында да, баспасөзде де, баспада да, балабақшада да, барлық жоғары оқу орындарында да, басқа елдерде де жұмыс істей аласыз. Сауатты жазатын, сауатты сөйлейтін, білімді, зерек филологты қажет етпейтін мекеме болмайды. Осы тұста өз өмірімнен де мысалдар келтіруге тура келді. Халықта ең кәделі мамандық заңгер, қаржыгерлер, т.б. деген ұғымдар басым, бірақ өз таңдауынан ғұмыр бойы игілік қана көріп келе жатқаныма шүкір дейтінімді айттым. Өз тәжірибемде көркем аударманың да қанағатын сезінгенмін. Американ жазушысы Теодор Драйзердің «Сестра Керри» романын, орыс халық ертегілерін, Киплингтің шағын ертегілерін, қырғыз, беларусь жазушыларының көркем туындыларын аударуым арқылы да көп рухани олжаға кенелгенмін. Күнкөріске қажет қилы аудармалардан да реті келгенде бас тартпаймын.
Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің әр кезеңдегі түлектері еліміздің айтулы тұлғалары болып қалыптасты. Белгілі қаламгерлер, көрнекті ғалымдар, мемлекет қайраткерлері шыққан филфак қой.
Ертеңіміз де сендіреді. Шәкірттерімізді жақсы көреміз. Сағынып жүреміз. Олар да қадірімізді біледі, сенімнен шығып отырады.
– Оқытушылық жұмысыңыздың нәтижелі болуына тілектеспіз.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан Шынар ЖҮНІСҚЫЗЫ.