Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 1965 жылы бітіріп, осы оқу орнында қол үзбей 50 жыл еңбек еткен Нұртай Торманұлын ұлағатты ұстаз, білікті ғалым деп баға беруге толық құқығымыз бар.
Нұртай Торманұлы Қызылорда облысы Қармақшы ауданы бұрынғы Жетінші ауыл, Чкалов атындағы колхозда (қазіргі Ақжар совхозы) 1940 жылы дүниеге келеді. 1932 жылғы ашаршылық, 1937 жылғы жаппай жазалау шараларының зардабы мен екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылдар арасында жаңа дүниеге келген жандардың бірі. Сондықтан төрт жылдық Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі қалпына келер жылдардың қиындығын көріп, оған төзіп өскен. Өсіп, өніп, білім алып, еліне, халқына аянбай еңбек етіп, үлкен белестерден көрінген көптеген тұлғалар сол жылдары қазақ жастарының арасынан шыққан. Нұртай Торманұлы да осындай айтуға тұрарлық, болашақ жастарға үлгі бола білген жан.
Ол университет қабырғасында дипломдық жұмысын қазіргі Санкт-Петербург қаласындағы Жданов атындағы мемлекеттік университеттің адам және жануарлар физиологиясы кафедрасының лабораториясында ғылыми тәжірибелер жүргізу арқылы «Бас миы қыртысының күйіс қайырушы малдардың асқазан бөліктерінің жиырылуына әсері» деген тақырыпта қорғап, мемлекеттік комиссия мүшелерінің «өте жақсы» деген баға алды. Оны бітіргеннен кейін Киров атындағы мемлекеттік университеттің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) адам және жануарлар физиологиясы кафедрасының жанындағы ғылыми-зерттеу проблемалық лабораториясына жұмысқа қалдырылды. Сөйтіп, оның 1966 жылдан бастап үлкен ғылым саласына алғашқы қадамы басталды.
Сол жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) шешімімен «Халықаралық биологиялық бағдарламасы» қабылданып, осы бағдарлама бойынша ол проблемалық лабораторияның ғылыми жобасына сәйкес «Адам және жануарлардың әртүрлі эколого-географиялық аймақтарға бейімделуінің физиологиялық, биохимиялық механизмдерін зерттеумен» айналысады. Ғылыми тәжірибелерін Орта Азия мен Қазақстан, Қырғызстанның таулы аймақтарында (Памир, Іле, қырғыз Алатауы) және Қазақстанның шөлді, шөлейтті аймақтарында (Маңғыстау түбегі) мекен етуші тұрақты тұрғындарымен уақытша келушілердің бейімделу механизмдерін зерттеуге байланысты ұйымдастырылған ғылыми экспедициясына қатысып, 1966 – 1972 жылдар бойы ғылыми материалдар жинақтады. 1974 жылы б.ғ.д., профессор М.Авазбакиеваның басшылығымен «Гипоксия мен сыртқы ортаның жоғарғы температурасының адам және жануарлар қанының құрамындағы белоктар мен белок фракцияларының жас ерекшеліктеріндегі өзгерісі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, екі айдың ішінде «СССР ВАК» (жоғарғы аттестациялау комиссиясы) шешімін алады.
Әрине, осының бәрі ерен еңбектің, жатпай тұрмай ізденіп, табиғаттың ыстығына да, суғына да шыдап, тауға да, шөл даланың аптаған ыстығына да төтеп беріп жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі.
Нұртай Торманұлы 1969 жылдан бастап, педагогикалық қызметін де абыроймен атқара бастады. Өзінің бойындағы адамгершілігі, іскерлігі де еленіп, 1975 жылы 35 жасында Биология және география факультетінің кешкі және сырттай бөлімінің деканы болып тағайындалды. Декандыққа тағайындалу алдындағы кейбір оқиғаларды да ағамыз еске алады. Сол кездегі университет ректоры Өмірбек Жолдасбеков сеніммен қараса, сол кездегі университеттің партия комитетінің хатшысы Е.А.Кузнецов оның декан болуына қарсылық білдіріп, арызына қол қоймайды. Мұны естіген Өмекең, оны шақырып алып былай дейді: «Евгений Александрович, сіз Н.Тормановтың декан болуына не үшін келісіміңізді бермедіңіз? Себебін айтыңыз» дегенде ол нақты жауап бере алмайды. Сонда ректор тұрып,«бұл жұмыс партиялық емес, әкімшілік жұмыс, сондықтан да ойланыңыз» дейді. Содан кейін партком хатшысы үндемей қолын қояды.«Кейіннен кездесіп, Евгенийдің өзінен сұрағанымда, ол екеуміз жатақханада бірге тұрған жылдары (1964-1965) ол аспирант мен 4 курс студенті) екеуміздің арамызда келіспеген жайды он жылдан бері ұмытпаған екен. Әрине, кейіннен татуласып кеттік. Бұл жердегі ерекше айтып отырғаным, сол кезде компартияның қылшылдап тұрған заманында Өмірбек ағамыздың қорықпай өзінің, пікірін нақты айтқандығы еді, – дейді Нұрекең ағамыз.
Кейіннен (1983 – 1989 ж.ж.) биология факультетінің күндізгі бөлімінің деканының орынбасары, ал 1989 – 1995 жылдар арасында Биологияны оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушілік қызметін атқарды.
Профессор Н.Торманұлы 1984 жылдан бастап Қазақстанның экологиялық проблемаларының бірі «Қоршаған ортаның әртүрлі ксенобиотиктермен, оның ішінде гербицид, фунгицид және инсектициттермен ластануынан мониторинг жүргізіп» күріш және мақта егетін аймақтарында Қызылорда, Шымкент облыстарының аудандарында да зерттеулер жүргізіп, оның салдарынан туындайтын әсерлерін әкімшілік орындарға, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне тиісті ұсыныс жасап, шара қолдануын талап етті.
Нұрекең педагогикалық еңбек жолында да ауыз толтырып айтарлықтай қызмет етіп келеді. 1985 – 1991 жылдар аралығында Ы.Алтынсарин атындағы білім беру проблемалары ғылыми-зерттеу институтымен бірігіп «Биология пәнін тереңдетіп оқытатын гимназиялар мен жеке сыныптарына арнап оның әдістемелік кешен жасау» мәселелерімен айналысып, оқу-әдістемелік құралдар жасауға белсенді қатысты. Профессор Н.Торманұлы өзінің білімі мен тәжірибесін, оқу үдерісіндегі инновациялық технологияларды мектеп оқушыларымен, оқытушыларына, бакалавр, магистр, доктаранттарға үйретуде.Оның дәлелі 1985 жылдардан бастап, Алматы қаласының көптеген мектептерінде (РФМШ, №140, 161, 145, 118), Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті Қарасай аудандық Корпоративтік қорының басқаруымен мектеп оқушылары мен оқытушыларына оқу әдістемелік көмек көрсетумен қатар, биология пәнінен олимпиадалар өткізуге соңғы бес жыл бойы белсене қатысуда. Республикамыздың басқа да облыстарындағы мектеп оқушыларымен оқытушыларына өзінің білімін, біліктілігін, тәжірибесін үйретуде.
2008-2009 жылдары Маңғыстау облысының білім беру департаментінің сұранысы бойынша биология пәнінен 30 мұғаліммен апталық семинар дәріс оқып, тәжірибе алмастырды. Облыстық «Дарын» орталығында, дарынды оқушылармен биология пәнінің күрделі тарауларынан дәріс өткізілді. 2009 жылының ақпан, наурыз айларында Қызылорда, Талдықорған облыстарында Республикалық деңгейде пәндік олимпиадалар өткізуді басқарды. 1998 жылы Білім, ғылым және мәдениет министрлігі жанынан Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығын ұйымдастыруға үлесін қосты.Сол ашылған орталыққа алғаш рет Республика деңгейінде дарынды балаларды тартып, халықаралық деңгейде өтетін биологиялық олимпиадаға дайындауға атсалысты. 1997-1998 жылдарда профессор Н.Торманұлы Халықаралық биология олимпиадасына (1997 жылы Ашхабад, 1998 жылы Германия, Киль қаласы) Қазақстан командасының координаторы болды. 1998 жылы Германия, Киль қаласында өткен олимпиадада Қазақстанның командасындағы үш оқушы қола медаль жеңіп алды, бір оқушы мақтау грамотасына ие болды.
Н.Торманұлы кафедраның, факультеттің және университеттің қоғамдық жұмыстарына да белсене атсалысады. 2004 – 2008 жылдары факультеттегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, факультет ғылыми кеңесінің, оқу әдістемелік бюросының мүшесі болып қоғамдық жұмыстарға қатысады. 2005 жылдан осы уақытқа дейін ҚР білім және ғылым министрлігі жанындағы стандарттау және ұлттық тестік орталығында эксперттік комиссияның мүшесі. Республикалық ғылыми-педагогикалық «Биология және салауаттылық негізі» журналының редакция кеңесінің тұрақты мүшесі. 2007 жылдан Қазақстан дәрігерлер және провизорлар ассоциациясының мүшесі.
Ұлағатты ұстаз студент жастарға өзінің білімін, біліктілігін, тәжірибесін аянбай беруде. Биология және биотехнология мамандықтары бойынша ІІІ және ІV курс студенттеріне «Адам және жануарлар физиологиясы» және «Биологияны оқытудың инновациялық әдістемесі» атты жалпы курстерден студенттерге жиырма жылда астам уақыт қазақ тілінде дәріс оқуда. Бакалавр, магистрлерге де таңдамалы арнаулы курстарды дайындайды. Сонымен қатар бакалаврлық, магистрлік диссертация қорғауға басшылық етеді. Соңғы 10 жылдың ішінде 30-дан астам магистрлер дайындап, өмірге жолдама алуға үлесін қосты. Н.Торманұлының тағы да бір ерекше қасиеті, өзінің студенттерге оқыған пәндерінен бір-екі жылдан кейін міндетті түрде қазақ тілінде оқулық, оқу құралдарын баспадан шығарып шәкірттеріне ұсынып отырады. Н.Тормановтың қаламынан 200-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік мақалалар жарыққа шықты. Оның ішінде 11 оқу құралдары мен оқулықтар, әдістемелік нұсқаулар қазақ бөлімінде оқитын студенттерге, магистранттарға арналып жазылды. 2014 жылғы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойына арналған «Үздік оқу басылымы» байқауында «Сатылымдар көшбасшысы» номинациясы бойынша 1 дәрежелі диплом және 100 мың теңге сыйлығына ие болды.
Республикалық баспасөз беттерінде және телевизор «Хабар агенттігі» арқылы білім арнасы, «Жаңашыл алаң» бағдарламасынан биология, физиология ғылымдарының жетістіктері және салауатты өмір салтын насихаттау жайлы бірнеше рет дәрістер оқып, сұхбаттар жасады.
Жастарға білім, тәрбие берудегі еңбегін және факультет, университет деңгейіндегі белсенді жұмыстары бағаланып, университет ректорларының бұйрығымен бірнеше дүркін (20 рет) алғыс жариялануымен қатар, 1984 жылы «Қазақ университетіне 50 жыл» мерекелік төсбелгісімен, 1994 және 1996 жылдары, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», 1996 жылы «әл-Фараби атындағы Ұлттық университетке 75 жыл» құрмет белгісімен, 1996 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2014 жылы «әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталынды. Нұр-ағамыз жастарға білім және тәрбие берудегі өзінің білімін, тәжірибесін әлі де жалғастырып келеді.