"Ана тілі" газеті

12 наурыз, 2015

«ТҮРКСОЙ» кафедрасы ашылды

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде «ТҮРІКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен «Алматы – ислам мәденитінің астанасы-2015» бағдарламасы аясында ТҮРКСОЙ кафедрасының ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізілді.

Кафедраны «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ашты. «ТҮРКСОЙ кафедрасы Қазақстан мен түркі елдері арасындағы тағы бір көпір болмақ.

Оның қызметі туыс түркі халықтарының бірігуіне, гуманитарлы-мәдени және ғылыми-техникалық интеграцияның тереңдеуіне, ғылыми-білім беру байланыстарының дамуына алып келеді. Кафедра түркі халқының тілдерін, мәдени мәселелерін, әлеуметтік-экономикалық және саяси процестерін зерттеу орталығы болады», - деді өз сөзінде Дүйсен Қасейінов.

«Кафедраның ҚХА-ның 20 жылдығын тойлау қарсаңында ашылуының өзі бір ерекшелік, себебі республикадағы тұрғындардың біраз бөлігі түркітілдес ұлттық өкілдері болып келеді және олар Қазақстанды өз үйлері деп санайды. Кафедраның негізгі мақсатының бірі тілтану, әдебиеттану, тарих, саясаттану, философия, мәдениеттану саласында түрлі зерттеу жүргізуші жоғары білікті оқытушылар мен ғалымдардың көмегімен түркітану саласында бәсекеге қабілетті маман даярлауға бағытталған», - деді Ғалым Мұтанов.

Іс-шараға Түркия, Әзербейжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстанның елшіліктері мен консулдықтарының қызметкерлері, Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған түркітілдес этномәдени бірлестіктер, сонымен қатар, ҚазҰУ ғалымдары, оқытушылары мен студенттері қатысты.

ҚР Түркияның бас консулы Субхи Атан университетті кафедра ашылуымен құттықтап, мұндай іс-шараның Қазақстан мен Түркия арасындағы маңыздылығын атап өтті. «Екі ел арасындағы әріптестік үш бағытта қалыптасып келеді ол – мәдени, экономикалық және саяси өзара алмасу. Мәдени орталық пен кафедра осы барлық бағыттарға жақсы негіз болады, сонымен қатар қазақ-түрік, жалпы түркі елдері арасында қарым-қатынастың ары қарай артуына септігін тигізеді», - деді ол.

ТҮРІКСОЙ кафедрасының басты бағыттарының бірі тілтану, әдебиеттану, тарих, саясаттану, философия, мәдениеттану саласында түрлі зерттеу жүргізуші жоғары білікті оқытушылар мен ғалымдардың көмегімен түркітану саласында бәсекеге қабілетті маман даярлау болып табылады.

Алматы қаласында түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы («ТҮРКСОЙ») 1993 жылдың 12 шілдесінде түркітілдес елдердің басшылығымен құрылған. «ТҮРКСОЙ» құрамына егеменді елдер, федералды субъектілер және автономды аймақтар кіреді, жалпы 16 қатысушысы бар. Ұйымның көпқырлы қызметі тек мәдени өзара алмасу мен «ТҮРКСОЙ-ға» мүше-елдер ауқымындағы әріптестікпен шектелмей, жер бетіндегі тұрақтылық пен бейбітшілік, келісімнің орнауына да ат салысады.