Су ресурстарын ұтымды пайдаланудың экономикалық мүмкіндіктері

25 қыркүйек, 2023

Қазір әлемдік жаhандану өте жылдам және күрделі жағдайда дамуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауында су ресурстары және ирригация министрлігін құруды тапсырды. Бұл өз уақытында қабылданған стратегиялық шешім деп қа­был­­даймыз. Себебі су ресурстарын тиімді, үнемді пайдалану мем­ле­ке­ті­міздің ұлттық экономика салаларын дамытудағы үлкен маңызды орынға ие болып отыр. Адам күнделікті тұрмыс тіршілігінде су ресурстары ау­қым­ды түрде пайдаланылады. Су – баға жетпес табиғат байлығы. Жер жүзіндегі барлық тіршілік суға байланысты. Сусыз тіршілік болуы мүмкін емес. Су – адам және жануарлар денесінде қажетті түрде кездесетін құрамды бөлік. Ересек жануардың жалпы массасының 45-70 пайызы, ал адам мен жануарлар эмбриондарының 97 пайызы судан тұрады. 

Бүгінгі кезде еліміздің ұлттық эко­но­мика салалары су тапшылығын се­зінуде. Қазақстан Республикасының 17 облысындағы 6300 елді мекеннің 65-70 пайызы шөл және шөлейтті аймақта орналасқандықтан, 19,8 млн халықтың жан басына шаққанда сумен қамтамасыз етілуі жағынан Орталық Азия елдерінде ең соңғы орында тұр. Су ресурстарымыз негізінен басқа мемлекеттерден бастау алады: ҚХР (Ертіс, Іле), Орталық Азия елдерінен (Сырдария, Талас, Шу), Ресейден (Еділ, Жайық) трансшекаралық өзен­дер арқылы келеді.

Зерттеу деректеріне сүйенсек, Қазақстан Республикасының су ре­сурс­тарының көлемі 90-100 текше км құрайды. Оның ішінде 50,8 текше км – жергілікті ағын, ал қалғаны – 39,2 текше км. Жерасты суларының қоры жылына 15,5 текше км құрайды. Елі­мізде көптеген суқоймалар бар: Бұқ­тырма, Көксарай, Нұра, Қапшағай, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ, Шар, Шар­да­ра т.б. Бұлардың ел экономика са­лалары үшін тигізіп жатқан пайдасы өте үлкен.

Бүгінгі кезде еліміздегі ауыл шаруа­шы­лығындағы суармалы жерлердің ауданы 1,8 млн га, 2025-2030 жылдарға қарай 3 млн жеткізу жоспарланып отыр. Суармалы жерлердің 80 пайызы не­гі­зінен оңтүстік экономикалық ау­дан­дағы бес облыста орналасқан: Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қы­зыл­орда. Қазақстан Респуб­ли­касын­дағы су ресурстарының шектеу­лі­лігі және климаттың өзгеруіне бай­ланысты мұз­дықтар қорының азаю үрдісінің күшеюі оны ауыл шаруа­шылығында тиімді пай­далануды қажет етеді.

Мемлекетіміз индустриалды-аграр­лық мемлекет. Елімізде егістік жер­лер­дің аумағы – 24 млн гектар, жылына орташа есеппен 17-20 млн тонна аралығында астық жиналады, оның 7 млн тоннасы ішкі қажеттілікке және 8-10 млн тоннасы экспортқа жіберіледі. Бүгінгі күні еліміздің өңірлерінде 17 тәжірибе станциясы өсімдік және мал шаруашылығы салалары бойынша өздерінің ғылыми зерттеулерін жүр­гізіп, оң нәтижелерін өндіріске ұсы­нуда. Мысалы, жаңа асылтұқымды қой­дың түрін шығаруға 10-15 жыл, көк­өністің сұрпын шығаруға 11-12 жыл уа­қыт кетеді екен.

Ауыл шаруашылығы саласында да­қыл­дардың шығымдылығы су ресурс­тарына тікелей тәуелді, яғни су ре­сурс­тарын пайдалануда озық ин­но­вациялық технология мен ұтымды әдіс­терді қолданғанда ғана дақыл­дар­дың шығымы өседі және ауыл­ша­руа­шылық құрылымдарының тиімділігі ар­тады, аймақтағы флора мен фау­на­ның саны мен түрі азаймай, тұрақты экожүйе қалыптасады. Еліміздегі су ресурстарының аздығы ауыл шаруа­шылығын дамытудағы ең басты те­жеуші фактор болып тұр.

Су ресурстарын үнемді пай­да­лануда инновация нәтижелерін пай­далануға бет бұру қажеттілігін алға тартып отыр. Үнемдеу шаралары ағым­дағы жағдайды бағалауға негіз­делуі керек. Ауыл шаруашылығында суар­малы суды пайдаланудың эконо­микалық және экологиялық тиімділігін арттырудың мәселелері мен жолдарын қарастыру міндеті тұр. Суды пайдалану тиімділігіне әсер ететін негізгі фактор­лар талдалып, нақты анықталуы тиіс. Еліміздің суды пайдаланудың негізгі мәселелерін шешу кешенді тәсілді, оның ішінде басқару мәселелерін, инвес­тициялық қажеттіліктерді анық­тауды, су пайдаланушылар қауымдас­ты­ғының институционалдық әлеуетін күшейту бойынша шараларды, 252 191 шаруа қожалықтары мен фермер­лер­дің егіншілік мәдениетінің деңгейін арттыруды талап етеді. Фермерлерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру және суды көп қажет ететін дақылдарды әртараптандыру болып отыр.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы сек­тор­ларының жедел дамуы және экс­порттық әлеуеттің өсуі еліміздің агро­өндірістік кешеніне инновациялар енгізусіз жүзеге аспайды. Еліміздегі аг­рарлық саясаттың басты мақсаты – сапалы экспортқа бағытталған азық түрлерін дайындау. Енгізілетін иннова­ция­лар, яғни «ақылды технологиялар» агроөндірістік кешеннің дамуына серпін беруге тиіс. Аграрлық ғылымды дамытуда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің инновациялық деректер базасын құру платфор­ма­сына тікелей қатысуда.

Ауылшаруашылық саласындағы су ресурстарын пайдалану тиімділігін арт­­тырудың мына бағыттарына ба­сым­дық беру керек: суды аз қажет­сінетін дақылдарды өсіру, тамшылатып суғару; дақылдар мен мал түрлерін және тұқым шығаруда отандық зерт­теулердің нәтижелерін пайдалану, ауылшаруашылық кооперативтерін мем­лекеттік қолдау тетіктерін жетіл­ді­ру, инновациялық (шикізатты терең өңдеу) жол карталарын және цифр­лан­дыруды одан әрі дамыту; жерасты суларын алу тәртібін реттеу; су алу скважиналарын территория бойынша ұтымды орналастыру; судың пай­да­лану қорының көрсеткіштерін анықтау; өз еркімен жер бетіне судың шығуын қамтамасыз жасайтын арте­зиан сква­жи­наларын орнату; эконо­мика са­ла­ла­рын сумен қамтамасыз етуді талдау және бағалау, кем­шілік­терді анықтау және оларды жою жөнін­дегі шара­лар­ды анықтау; су ресурс­тарының қолда бар көлемін, олардың сапасын және оларды пайдалану құқықтарының бо­луын айқындау; су тұтыну, су беру жә­не су қорғау тех­но­ло­гияларын же­тіл­дірудің негізгі бағыт­та­рын әзірлеу; су ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану жөніндегі басқа да тиімді шараларды жүзеге асыру кезінде оларға несие және өзге де жеңілдіктер беру; қоғамдық қорлар құру және олар­ды су объектілерін қал­пы­на кел­ті­ру мен қорғау үшін пай­далану. Су объектілерін ұтымды пай­далану мен қорғаудың бекітілген бағ­­дарла­ма­ла­рын әзірлеу және қар­жыландыру.

Келтірілген су ресурстарын ұтым­ды пайдаланудың бағыттары елі­міздің ұлттық экономика сала­ла­рын дамы­туға негізделген. Менедж­мент кафе­дра­сының профессор-оқы­ту­шы­лары Мем­лекет басшысының ел эконо­ми­касы дамуының басым ба­ғыт­­тарын анықтаған жолдауын қол­дай отырып, оны іске асыру ба­ғы­тында барлық бі­лі­міміз бен тә­жірибемізді жұмсаймыз.

Оңалбек АБРАЛИЕВ,

Менеджмент кафедрасының профессоры, экономика ғылымының докторы