ҚазҰУ-да «Elsevier Days» семинары басталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің ұйымдастыруымен «Elsevier Days» атты семинар басталды.
Шараға оқытушы-профессорлық құрам мен докторант, магистранттар қатысты.Семинардың алғашқы күні «Жоба мен зерттеудегі өзекті тақырыпты таңдау», «ЖЭК мақұлдауы дегеніміз не және оны қалай алуға болады?» деген тақырыптарға арналды. Онда Elsevier Орталық Азия және Әзірбайжан бойынша кеңесшісі, MD, MPH, PhD кандидат Рабиға Хожамқұл және ЖЭК орталығының директоры, қауымдастырылған профессор, м.ғ.к., Гайнель Усатаева баяндама жасады.
Семинардың басты мақсаты – жас ғалымдар мен докторанттарға Scopus деректер базасын өз бетінше пайдалану техникасын үйрету мен ақпараттандыру. Elsevier – әлемдегі ең ірі төрт ғылыми баспа үйінің бірі. Scopus және Science Direct-ғалымдар үшін ғылыми зерттеулерді талдауға, визуализациялауға мүмкіндік беретін Elsevier компаниясының екі өнімі. Семинар барысында Elsevier Орталық Азия және Әзірбайжан бойынша кеңесшісі Рабиға Хожамқұл ғалымдарды жарияланымдар жасауда ғылыми журналдарды іздеу әдістерімен таныстырып, Elsevier компаниясының Scopus және Science Direct аналитикалық базаларының мүмкіндіктері туралы жан-жақты айтты.
«ҚазҰУ-да мұндай семинарлар мен тренингтер сұранысқа байланысты жарты жылда бір рет өткізіледі. Ғалымдар өздерінің ғылыми мақалаларын жариялап, оң нәтиже көрсетуде. Қазақстан бойынша орта есеппен 150 семинар, Орталық Азия бойынша 100 семинар өткіземіз. Бүгін біздің тыңдаушылар алған білімдерін дұрыс қолданып, өз жемісін береді деген сенімдемін», – деді кеңесші Рабиға Хожамқұл.
Семинар барысында қатысушыларға халықаралық гранттарды іздеу жолдары, шетелдік бағдарламаларға қатысу үшін өтінім беру ережелері де айтылды. «Бүгінгі таңда Эразмуз желісі бойынша 47 халықаралық бағдарлама бар, сондай-ақ әрбір ғалым грантқа үміткер бола алатын басқа да көптеген байқаулар бар», – деді ҚазҰУ-дың Баспалық белсенділік басқармасының басшысы, қауымдастырылған профессор, PhD Мөлдір Исанова.
Жас ғалымдарға арналған семинар мазмұнды әрі пайдалы өтуде. Атап айтқанда, Q1 және Q2 жоғары импакт-факторы бар журналдарда ғылыми мақалаларды жариялау ережелері мен техникасы туралы да ақпарат берілді. Қатысушылар Scopus және Science Direct арқылы іздеудің жаңа мүмкіндіктері туралы мағлұматқа қанық болды. «Биыл офлайн форматта өтіп жатқан шеберлік сыныбында практикалық сабақтар көрсетілді және спикерге сұрақтар қоюға мүмкіндік мол болды. Үш күндік семинар барысында біз көптеген пайдалы ақпарат аламыз деп үміттенемін», – деді шығыстану факультетінің ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі декан орынбасары Салтанат Жақұбаева.
Аталған семинар жұмысы 28 қыркүйекке дейін жалғасады. Онда спикерлер «Шолу мақалаларын жазу бойынша Elsevier-ден әдебиеттерді тиімді іздеу және лайфхактар», «Ынтымақтастық пен тең жетекші іздеу», «Гранттық мүмкіндіктерді іздеу», «Ғылыми өнімдер нарығын талдау», «Мақала жариялау үшін журналдар іздеу» сынды тақырыптарда баяндама жасайтын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі