ХІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЛТАЙ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ СИМПОЗИУМЫ

4 шілде, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде  04 -08 шілде аралығында “Алтай халықтарының жер-су атаулары” атты ХІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЛТАЙ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ СИМПОЗИУМЫ өтті.

Симпозиум көне заманнан бүгінге дейін жазылған жазба және ауызша дереккөздер мен жер-су атауларының қойылу себептері (географиялық және табиғи ерекшеліктері, тарихи оқиғалар, әлеуметтік-мәдени ықпалдар), діни наным-сенімдер, ру-тайпа, кісі аттары (ономастика) сонымен қатар, жер-су атауларындағы фонетикалық және морфологиялық өзгерістер және т.б. тақырыптарды талқылау мақсатын көздеді.

«Халықаралық Алтай қауымдастығы симпозиумы» атауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан академиялық іс-шарамыздың жалғасы болып табылатын бұл симпозиумның жұмысы тарих және мәдениет, әдебиет және өнер салаларына, түркітану және көне жазба мұраларды ғылыми тұрғыдан зерттеу мәселелеріне, адамзаттың өмір сүретін мекенімен, қоршаған ортасымен біте қайнасып кетуін қамтамасыз ететін жер-су атауларына (топонимика) арналады.

Түркі және шетелдік ғалымдар мен зерттеушілер мың жылдан бері түрлі жағынан зерттеліп келе жатқан асқақ Алтай әлеміне деген қызығушылық ешқашан толастаған емес. Бұл бағыттағы жұмыстар түбі бір түркі мемлекеттері тәуелсіздіктерін алғаннан кейін жанданып, тереңдей түсті. Түркі елдері мен халықтары бір-бірін жақынырақ тануға, жалпы түркі әлемін бірігіп зерттеуге құлшына кірісті.

Симпозиум салтанатты ашылуы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор (Қазақстан) Жансейіт Түймебаевтың алғы сөзімен ашылып, баяндамалар және секция жұмыстарымен, мәдени бағдарламамен жалғасын тапты. Симпозиум бағдарламасына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Венгрия, Корей, Жапон, АҚШ, Ресей және т.б. мемлекеттерден 200-ден аса қатысушы тіркелген, олар төрт күн бойы 10 (он) секция бойынша ғылыми өзекті мәселелерді ортаға салып, талқылады.

Симпозиум нәтижесінде Халықаралық Алтай қауымдастығы ұйымдастыруымен өткізілетін симпозиумға қатысушыларының сөйлеген сөздерінің, баяндамаларының, мақалаларының жинағы жарияланады, ол ұйымдастырушылардың сайтында қолжетімді болады. Екіншіден, түркітану мен алтайтану саласындағы  зерттеудің дәстүрлі және дискуссиялық аспектілеріне ғылыми қызығушылықты арттыруға жағдай жасау жолдары қарастырылды. Алтайтанушылар мұраларын зерттеудегі жинақталған білім, идея, өзекті мәселелер арасында өзара тәжірибе алмасуға қол жеткізу бойынша ұсыныстар әзірленіп, алтайтану ғылымымен айналысып жүрген жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту тетіктері қарастырылды. алтайтанушылардың ғылыми және мәдени халықаралық ынтымақтастығын қалыптастыруда  ғылыми жобаларды іске қосу туралы келісімге қол жеткізілді.

Симозиум ұйымдастырушылары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология факультеті, «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасы мен «Түркітану және алтайтану ғылыми зерттеу институтына» ғылыми шығармашылық табыстар тілейміз. 

https://twitter.com/avrasyagundem_/status/1676573785992962048?s=46&t=SQBsCmnQaW5N7nvsjS_mFg

https://t.me/avrasyagundem/5646

https://www.youtube.com/watch?v=pPGjRnfXnig