Академиялық ұтқырлық – үлкен мүмкіндік

8 қазан, 2023

«Метеорология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Сәнімгүл Назарбекова таяуда академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Жапонияның Цукуба университетінде білімін шыңдап қайтты. Осыған орай, біз Сәнімгүлмен аз-кем әңгімелескен едік. 

– Сәнімгүл, Жапониядағы Цукуба университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алмасып келдіңіз. Қандай ой түйдіңіз?

– ҚазҰУ мен Цукуба университеті ара­сындағы ынтымақтастық енді бас­тау алып жатыр. Негізгі ақпаратты уни­верситеттің әлеуметтік желідегі па­рақ­шаларынан көрген едім. Алайда ол кезде аса мән бермедім. Кейін кафедра мең­герушісі Жапония мемлекетінің Цу­ку­ба университетінде оқып келуге мүм­кіндік бар екенін жеке кездескенде айтты. Мен уақыт оздырмай, келесі күні құжаттарымды дайындап, жауапты тұл­ға­ларға табыстадым. Осындай шұғыл сәт­терде дайын түйіндеме, мотива­циялық және ұсыныс хат, ең бастысы, ағылшын тілін қажетті деңгейде мең­гер­геніңізді растайтын сертификат сияқ­ты құжаттардың дайын болуы өте маңызды.

– Білім алмасуға неге Жапония мемлекетін, Цукуба университетін таңдадыңыз?

– Алғашында екі университет ара­сын­дағы ынтымақтастықтан хабарсыз бол­дым. Ал Жапония елін оған дейін білім алу үшін қарастырып көрмеген едім. Күншығыc елі жоғары білім беру жүйесімен танымал екенінен құлағ­дар­мын. Сондықтан бағалы тәжірибе алатыныма күмәнім болған жоқ және барлығы ойымдағыдай өтті.

– Жапониядағы білім беру жүйе­сінде қандай өзгерістер байқадыңыз?

– Жапонияда сабақ ұзағырақ жүреді: Қазақстанда бір сабақ 50 минут болса, оларда бір сабақ 75 минутқа созылады. Сонымен қатар жаңа оқу жылы қыр­күйек­тен емес, сәуірден басталады.

Студенттер оқитын бағдарлама­ла­рын мамандықтарына байланысты өз­дері таңдайтындықтан, бір топта негізгі білімі, тәжірибесі әртүрлі курстағы сту­денттер жиналады. Профессор­лар­дың әрбір студентке және оның зерттеу аймағына байланысты түсіндіру жолы, тәсілдері ерекшеленеді.

Негізгі байқаған ерекшелігім – жа­пон­дықтар тек теория жүзінде емес, прак­тика жүзінде де ақпаратты то­лық­тай меңгеруге назар аударады. Белгілі бір тақырыпты түсіндірген жағдайда бол­сын, әр сабақтан кейін берілетін тапсырмалар арқылы болсын, студент алған білімін күнделікті өмірде қолдана алуына және сыни тұрғыда ойлау қабі­летін дамытуға күш салады. Сонымен қатар университет тек студенттердің ғана сапалы білім алуын қамтамасыз ет­пей, профессорлардың да үнемі да­мып отыруына жағдай жасап отырады.

– Метеорология саласы Жапо­ния­да қалай дамыған?

– Мемлекет аралда орналасқан­дық­тан, онда әр кезеңге сәйкес, түрлі та­биғи апаттар болып тұрады. Мысалы, маусым-қазанда тайфун жиі болады. Олар жел жылдамдығы 55 м/с дейін болатын дауылды алып келуі ықтимал және тайфун кезінде бір тәулікте 150-200 мм жауын-шашын мөлшері түсуі мүмкін (бұл Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс аймақтарында түсетін жыл­дық жауын-шашын мөлшері). Сон­дықтан да жергілікті ғалымдар мен институттар атмосфералық құбылыс­тар­ды белсенді түрде зерттеп, ескерту жүйелерін дамытуда. Табиғи апат қаупі болған жағдайда әрбір тұрғынның ұялы телефонына міндетті түрде қатты дыбыста хабарлама жеткізіледі. Оған қоса, Жапония метеорология агентті­гі­нің ресми сайты да белсенді түрде жұ­мыс істеп, белгілі бір өзгерістер жайлы хабарлап тұрады.

Жапония әлемдік метеорологиялық ұйымда және бірлескен зерттеулерде маңызды рөл атқарады. Оқу барысында Цукуба аймақтық метеорологиялық аспаптар орталығын көру бұйырды. Бұл мекеме 1944 жылдан бері метеоро­ло­гиялық бақылау пункттеріндегі аспап­тар­ды халықаралық стандартқа (СИ бірлігі) сәйкес калибрлейді. Оған қоса, бұл орталық сарапшыларды калибр­леу­ге, техникалық тұрғыда оқытуға және метеорологиялық аспаптарға техникалық қызмет көрсетуге арналған халықаралық оқу семинарларын өткі­зе­ді. Осылайша бұл шағын орталық Дүниежүзілік метеорологиялық ұйы­мы­ның ІІ аймақтық қауымдастығына ме­тео­ро­логиялық аспаптарды калибр­леу­ге және метеорологиялық бақы­лау­лардың дәлдігін сақтауға және жақ­сартуға айтарлықтай үлес қосады. Қа­зіргі уақытта орталық RIC Tsukuba Package бағдарламасын іске асырып, Бангладеш, Мозамбик, Шри-Ланка сияқты елдерде арнайы оқытулар жүргізіп жатыр.

– Қандай кемшін тұстарын бай­қа­дыңыз?

– Кез келген мемлекет сияқты Жапо­ния­ның да өзіндік кемшіліктері бар. Мысалы, қарқынды оқу жүктемесіне бай­ланысты студенттер стресс пен қы­сымға бейім. Сондықтан да ондай қоғамда жеке тұлғалық тоқырауға жол жоқ. Оған қоса, мен үшін алғашында қиын болғаны – ағылшын тілінің кең тарал­мағаны. Жапон халқының көпші­лігі егде жастағы адамдар, сондықтан да олар ағылшын тілін көп қажет­сін­бейді. Қазіргі уақытта жастар шетел мә­дениетімен көбірек араласып, шет тілдерін үйренуде. Алайда ірі қала­лар­дан өзге аймаққа барғанда жапон тілін білмесең, өте қиын. Бір жағынан, бұл тұсты артықшылық ретінде де қарас­ты­руға болады деп санаймын, себебі жа­пондықтар өздерінің ана тілдерін өте құрметтейді және мәртебесін биік ұстайды.

– Әңгімеңізге рақмет.

Аида МҰҢАЙТПАСОВА,

Метеорология және гидрология кафедрасының 4-курс эдвайзері