- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ археологтары Қазақстанның аридтік аймақтарын сумен қамтамасыз ету әдістерін зерттеді
ҚазҰУ археологтары Қазақстанның аридтік аймақтарын сумен қамтамасыз ету әдістерін зерттеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Тарих факультетінің археология, этнология және музейтану кафедрасы «Қазақстанның аридті аймақтарын сумен қамтамасыз етудің дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тәсілдер» атты іргелі зерттеудің ғылыми жобасын сәтті жүзеге асырды.
Жобаның өзектілігі дәстүрлі мал шаруашылығына қатысты Қазақстанның аридтік аймақтарындағы судың маңызды рөлімен байланысты. Суды алу және сақтау әдістерінің әртүрлілігі мен өзіндік ерекшелігіне қарамастан, бұл мәселе әлі күнге дейін жүйелі түрде зерттелмеген. Құдықтарды, дренаждық құрылғыларды, суды пайдалану арқылы су берудің дәстүрлі әдістерінің тарихын зерттеу этнология және археология ғылымы үшін үлкен маңызға ие.
Жобаның ғылыми жетекшісі археология, этнология және музейтану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева болды.
Үш жыл ішінде ғылыми-зерттеу, далалық, кеңсе және зертханалық жұмыстар жүргізілді. Көне және белсенді су қоймалары мен су сақтау туралы барлық ақпараттар талданды, жергілікті құжаттар мен сұхбаттарды талдау арқылы этнологиялық деректер жинақталды, гидрологиялық, экологиялық және археологиялық контексттер зерттелді, зертханалық талдау үшін үлгілер алынды.
Жобаның мақсаты – Қазақстанның аридті аймақтарында суды жинаудың және пайдаланудың дәстүрлі тәсілдерін зерттеу, олардың әртүрлілігін, өзіндік ерекшелігін және хронологиясын анықтайтын жан-жақты мәліметтер базасын құру. Қазақтардың табиғатты пайдалану ерекшеліктерін зерделеу бойынша жаңа теориялық-әдіснамалық тәсілді құру. Зерттеу нәтижесінде «Қазақ университеті» баспасында «Қазақстанның аридті аймақтарында су алу жөніндегі құрылғылардың атласы» монографиясы шығарылып, ғылыми айналымға енгізілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі