Тәуелсіздік күні

21 желтоқсан, 2009

1991 жылғы желтоқсанның 16-жұлдызында Жоғарғы Кеңес халық тілегін қабылдай отырып, бүкіл әлемге Қазақстанның мемлекеттік егемендігін жариялағанына 18 жыл толып отыр. Механика-математика факультетінің салтанат залында осы мерейлі күнге арналған айтулы сазбен жыр, би мен ән кеші болып өтті. Төл мерекеге арналған шараны ұйымдастырған информатика кафедрасының оқытушылары мен студент жастары.

Кешті факультет деканы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Айдархан Жүсіпбекұлы Қалтаев ашып, жиналған жұртты Тәуелсіздік күнімен университет басшылығы атынан шын жүректен құттықтады. Тәуелсіздікті тек жариялап қою аз, оны орнату, тұғырын бекіту, жеңісімізді жетілдіру жолында талмай тер төгу, жақсы оқып, ерінбей еңбектену керек екеніне тоқталды. Мерекелі жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен механика-математика факультетінің қол жеткізген толағай табыстарына тоқталып, ұжымның келешекте де биіктен көріне беретініне сенім білдірген шешен: «Ежелден еркіндікті аңсаған қазақ елі қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, шаңырағын биік көтергеніне бәріміз куәміз. Еліміздің 18 жыл бұрын қабылдаған бағыттарының дұрыс анықталғанын бүгін үлкен жауапкершілікпен және зор сеніммен айта аламыз» - деді.
«Қазақстан өзінің мемлекеттігін құрды, ұлт тәуелсіздігінің негізін қалап, бекітті, еліміздің территориялық біртұтастығын қамтамасыз етті, экономикамызды еркін жолға қойып, әлемдік рынокқа, демократиялық, құқықтық мемлекеттердің қатарына ендік. Табысымыз еселенді, жеріміз де, үкімет билігі де өз қолымызда, ішкі, сыртқы саясатты да өзіміз жүргіземіз. Қазақстан Республикасын төрткүл дүние мойындап, еліміз халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды - Біріккен ұлттар ұйымының толыққанды мүшесі болдық, алдымыздағы жылы Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ОБСЕ) төрағалық етеміз. Осының бәрі қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің, діндер аралық түсіністіктің, елдің береке-бірлігінің, барша қазақстандықтардың 18 жыл ішіндегі ерен еңбегінің арқасы.
Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті бүкіл жер-жаһанды қаржы дағдарысы қыспаққа алған шақта айрықша сезілді. Қиындықты жеңіп, мол жетістіктерге жетуіміздің кепілі - егемен еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасымыздың сарабдал саясаты, данышпандық шешімдерінің арқасында аталған нәтижелерге қол жеткіздік». Сөз соңында факультет басшысы студенттерге үздік үлгерім, ұстаздарға үлкен сәттілік пен ғылыми жаңалықтар, жеке өмірде бақыт пен шаттық тіледі.
Әрі қарай Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен егемендік туралы жазылған нақыл сөздермен, туған жер көріністері бейнеленген суреттермен мерекелік безендірілген сахна төріне кезекпен жас өнерпаздар мен кеш қонақтары шақырылды.
Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақ жастары екені белгілі. Солардың жалынды жігері мен қарулы білегі тәуелсіздікті жақындатты десек, қателеспейміз. Желтоқсан оқиғасы талай қазақ жастарының жүрегінде өз ызғарын қалдырғанмен, ел тәуелсіздігінің бастамасы ретінде ұлы өзгерістерге жетелегені даусыз. Сондықтан көрермендер кеш қонағы, аталған оқиғаға қатысты оқудан, ЛКЖО қатарынан қуғындалған, ақын Аманғазы Кәріпжанәулетін ду қол шапалақтап қарсы алды. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылары Одағы ұйымдастырған жыр мұшайрасының Бас жүлдегері, республикалық жыраулар байқауының, Бішкекте өткен халықаралық ақындар айтысының жүлдегері, «Жаралы желтоқсан», «Сана суреттері» жыр жинақтарының авторы М.Кәріпжантегінің Тәуелсіздік пен желтоқсан оқиғасына арналған рухты жырлары мен жастық шақ, махаббат жайлы сырлы өлеңдері тыңдармандардың зор ықыласына бөленді. Студент жастар ақынға гүл ұсынып, кеш ұйымдастырушылары сый-сияпат жасады.


Кештің концерттік бөлімінде информатика мамандығының студенттері М.Сатымбеков, Н.Қожабеков (1-курс), Р.Сағидолдаев (3к), Ә.Атантаев, А.Адамбеков, Ү.Ирисметов, О.Өсімбаев (4-курс), 2-курс магистранты Н.Берниязовпен қатар басқа факультеттер өкілдері де өнер көрсетті. Жиналған қауым математика мамандығының 3-курс студенті, жоғарғы оқу орындары арасында өткен қазақ әндерін орындаушылар байқауының жеңімпазы Сардор Тілямов пен 4-курс студенті Мырзахметов Болаттың орындауындағы әндерге, К.Романова («Сальса» биі), Шығыстану факультетінің бірінші курс студенттері А.Белова (испан биі "Фламенко"), Р.Мухамметова (шығыс биі) және осы факультеттің бишілер тобы орындаған заманауи (қытай биі) билерге дән риза болды.
Университеттің құрама көңілді тапқыштар клубының мүшелері елді күлкіге кенелтсе, кеш қонағы, факультет ұжымын арнайы құттықтай келген Экономика және бизнес факультетінің студенті Данияр Күшбаев өз өнерін авторлық әнімен паш етті.
Залды толтырған үш буын өкілдері алдында өнер көрсеткендердің басым бөлігі бірінші курс студенттері, яғни, Тәуелсіздік құрдастары екенін айта кетейік. Концерттік бағдарламаны механика-математика факультетінің домбырашылар ансамблі орындаған Құрманғазы бабамыздың «Балбырауын» күйі мен кешке қатысқан барлық өнерпаздар мен көрермендер бірігіп шырқаған Қазақстан халық артисі Е.Хасанғалиевтің Қ.Мырза Әлидің сөзіне жазылған «Атамекен» әні тәмамдады.
Ойлай білетін математик студенттердің тойлай білетініне, түрлі музыкалық аспаптарда ойнай да білетініне көз жеткіздік. Мұндай кештердің жас ұрпақты елдікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеудегі, студенттердің патриоттық сезімін оятудағы маңызы зор екені түсінікті.
Жиналған жұрт кешті ұйымдастырушылар мен жас өнерпаздарға мол алғысын білдіріп, бір-біріне «Ұлтымыздың рухы өшпей, халқымыздың бірлігі берік болып, төрімізден Елтаңбамыз, көгімізден Көкбайрағымыз кетпесін!» - деген тілек айтып, тарасты.