- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мәнсия САПАРҒАЛИҚЫЗЫ, профессор:Қоғамдық мәселелер ҚазҰУ сарапшыларының назарында
Мәнсия САПАРҒАЛИҚЫЗЫ, профессор:Қоғамдық мәселелер ҚазҰУ сарапшыларының назарында
Социология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры, сарапшы Мәнсия Сапарғалиқызы «Qazaq universiteti» газетіне қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде сұхбат берген болатын. Бүгін сол әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Елімізде халық санының артуына орай Алматы, Астана, Шымкент қалаларына халықтың қоныстануына шектеу қою керек деген ұсынысты естіп қалып жүрміз. Сіздің ойыңызша қалай?
– Кез келген қаланың табиғи заңдылығына сәйкес, тұрғындарына қатысты белгіленген бір шегі болуы керек. Қандай да бір мөлшер белгіленбей, сырттан ағылған адамдардың саны тым көп болып жатса, жергілікті қаланың шығыны еселеп артып, экологиялық, әлеуметтік ахуалы қиындай түседі. Бәрінен бұрын бұл сол мемлекеттің ішкі геоэкономикалық, геосаяси және көші-қон саясатына кері әсер ете бастайды. Әлемдегі көшбастаушы қалалар жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы деректерге сүйенсек, қалай болғанда да, ел астанасында халық саны міндетті түрде өсу үстінде болады. ҚР Статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елдегі халық саны 19 миллион 854 мың адам, қала халқы – 12 миллион 276,3 мың, ауыл халқы – 7 миллион 577,7 мың адам болды. 2021 жылғы 1 сәуірмен салыстырғанда, халық саны 238,3 мың адамға немесе 1,3 пайызға өскен. Алматы қаласы халық санының ең көп өсімін көрсетті, осы кезеңде халық саны 17 мың 771 адамға өсіп, 2 млн 175 мыңға жетті. Бұл қарқынмен 10-15 жылдың көлемінде Алматы 5 млн халық тұратын мегаполиске айналатын секілді. Орта Азиядағы ең ірі қала болуы мүмкін. Екінші орында Астана қаласы тұр, онда халық өсімі 16 мың 802 адамды көрсетіп, 1 млн 359 адамға жетті. Шымкент қаласының тұрғындары – 1 205 889.
Әдетте, астаналарда бас қала мәртебесіне сай, іскерлік белсенділік те арта түседі. Іскери компаниялар өздерінің бас офисін орналастыруға тырысады. Тағы бір жағынан, бюджеттен бөлінетін қаржы көп болғандықтан инфрақұрылымдар көптеп салынып, жаңа жұмыс орындарына да үнемі вакансия болады. Сондықтан халықаралық тәжірибеде астана, сол секілді ірі қалалардағы халық санын шектеудің теориясы мен теңдеуі ұсынылған.
Қазір Астанаға кімнің кіріп, кімнің кіре алмайтынын анықтау бойынша миграция мәселесі талқыланып жатыр. Бүгінде Астанада бір миллионнан аса адам тұрып жатыр. Онда тұрақтауды шектеу қала халқының жастардың оқуға келуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы ауылдан Астанаға көшу процесінің әсеріне байланысты туындап отыр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет басшысының айтуы бойынша, қала әу баста 300 мың адамға ғана есептелген. Сондықтан Астананың көлемін кеңейту, әлеуметтік инфрақұрылым салу мәселелері орын алуда. Сондықтан Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда тұрақтауды шектеу заңдастырылған ережелер бойынша жүзеге асырылуы керек. Егер жұмыс берушілер жұмысқа шақырып, үймен немесе жатақханамен қамтамасыз етсе, оқуға келген жастарға шектеу болмауы керек. Сондай-ақ емделуге не қыдырып келуге шектеу болмайды.
Қазір Астана қаласы бойынша тұрақтауға шектеу енгізу мәселесі үкімет органдарында қаралуда. Мәселе тіркелген қала тұрғындар санын қадағалау, реттеуде болып отыр. Жұмысқа тұрақты тіркеуі бар тұрғындарға ғана рұқсат беру қала тұрғындары санын қадағалауға мүкіндік береді. Ірі қалаларда қала жанындағы елді мекендерден тіркеусіз жұмыс істеп жүргендерді есепке алу оңай емес. Шектеу іріктеу арқылы келушілердің әлеуметтік құрылымы мен мақсатын ескере отырып жүргізілсе тиімді болмақ. Қоғамдағы осындай өзекті тақырыптарды ҚазҰУ сарапшы-ғалымдары назарда ұстап, әрдайым талқы ұйымдастырамыз. Мұндай пікір-сайыстарға білім алушылар белсенді араласады.
– Ішкі миграцияның экономикаға пайдасы мен зияны қандай?
– Мигранттардың шамадан тыс көптiгi кез келген елдiң iшкi еңбек нарығындағы бәсекелестiкке төнген қауiп және оның отандық экономикаға керi әсер ететiнi сөзсiз. Бiр жағынан алғанда, жаһанданудың табиғи процесi ретiнде қабылданатын заңсыз миграция мәселесi – бүгiнде елімізде күн тәртiбiнде тұрған проблема. КСРО ыдырағаннан кейiн экономикалық тұрғыда белгiлi бiр жетiстiктерге қол жеткiзе бiлген мемлекеттер қатарындағы Қазақстанға сырттан ағылатын заңды және заңсыз мигранттар көп. Негiзiнен бүгiнде әсiресе, елiмiздiң оңтүстiк аймағына айтарлықтай қиындықтар мен қауiп төндiрген заңсыз миграция экономикалық тұрғыда ғана емес, этнодемографиялық, қылмыстық тұрғыда да қатерлi. Осының кесiрiнен, жыл сайын республикалық бюджет қомақты шығын шегедi. Өйткенi, құқық қорғаушылар Қазақстандағы жүздеген, мыңдаған мигрантты мемлекет есебiнен елдерiне қайта апарып тастаса да, арада аз ғана уақыт өткенде әлгi заңсыз мигранттар қазақ жерiне қайта келедi. Кейбiр елдердiң этникалық топтарының шекара аймақтарындағы ауылды жерлерге шоғырлануы да қоғамды алаңдатып отыр. Мысалы, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы тәжiк, өзбек пен түркiмендердiң басым бөлiгi ауылды жерлерге қоныстанған. Алматы облысындағы ауылдарда қырғыздар көп (ал солтүстiктегi шекаралық аймақтарда орыстардың саны артып келедi). Миграция жөнiндегi халықаралық ұйым өкiлi Павел Шлиппек қазақ елiнде заңсыз нан табуға тырысатын Өзбекстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Қырғызстан мен Қытай азаматтарын шартты түрде үш топқа бөлуге болатынын айтады: бiрiншiсi, күнде таңертең темiр жол, көлiк немесе басқа да транспорт түрiмен шекара маңындағы базарға жемiс-жидек пен көкөнiс әкелiп, кешке қарай үйлерiне қайта оралатындар. Екiншiсi, шопан, құрылысшы, егiн суаратындар мен егiндi жинайтын маусымдық жұмысшылар. Үшiншiсi, ұзақ уақыттан берi Қазақстан аумағын мекен етiп, алыпсатарлық және басқа да кәсiпкерлiк түрiмен айналысатын шетел азаматтары. Шлиппектiң пiкiрiнше, қара күшiн жалға беретiн алғашқы екi топтағылар жұмыс берушiге тәуелдi болса, үшiншi топ керiсiнше, қазақстандық кәсiпкерлердiң басты бәсекелестерiне айналған әрi iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандырып отырған тәуелсiз әрi заңсыз мигранттар.
Барлық иммигранттардың жартысына жуығының құжаты бар, жұмыс істейтін және салық төлейтін болғандықтан, олар жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпал ету арқылы экономикаға оң әсер етеді. Құжатталған және құжатсыз иммигранттар тұтынушы болып саналады. Олар экономика шеңберінде ақша жұмсайды және оны нығайтуға көмектеседі. Бірнеше миллион құжатсыз иммигранттар салық төлеушінің жеке нөмірін пайдаланып салық төлейді. Салық және экономикалық саясат институтының мәліметтері бойынша, олар жылына 11,7 миллиард долларға жуық мемлекеттік және федералдық салықтарды төлейді.
Демографиялық тұрғыдан алғанда жаңа келген иммигранттардың төрттен үшінен астамы 18 бен 64 жас аралығында. Бұл қоғамдағы егде жастағы адамдар мен жастардың арақатынасын төмендетеді. Сонымен қатар қандастар санының өсуі ұлттық құрылымында қазақтардың санының артуына алып келді.
– Қазір Ресейден келіп жатқан мигранттар азайды ма?
– Миграцияның жаңа лебі Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдарынан пайда болды. Украиналықтар соғыстан, ресейліктер санкция зардабынан қашып, жан-жаққа көшіп жатыр. Көрші ел ретінде Қазақстанға келіп жатқандары бар. ҰҚК-нің мәліметі бойынша, осы жылдың ақпаны мен сәуірі аралығында Ресейден 128 мың адам келген, былтырғымен салыстырғанда, көрсеткіш екі есе көп. Украинадан 3074 адам келген – бұл өткен жылғыдан 15%-ға артық. Қазақстанға негізінен кәсібі ІТ-ге немесе жұмысы интернет желісіне тән мамандар келіп жатқанын байқаймыз. Яғни білімі, жұмыс тәжірибесі, бизнесі әрі қаржысы бар адамдар. Себебі қазір әуе билетінің өзі қымбат. Оларды креативті класс өкілдері деуге болар. Жалпы айтар болсақ, басым көпшілігі жастар, 25-40 жас аралығындағылар. Бұл топ аға буынға қарағанда, қимылы ширақ. Олар әлеуметтік тұрғыда масыл емес, еңбекке қабілетті, білікті қызметкерлер. Ресейліктер ірі қалаларға, Алматы мен Астанаға баруға тырысады. Қазақстан тек ірі ресейлік бизнес үшін ғана емес, фрилансер, стартап және шағын бизнес үшін де тартымды мекенге айнала бастады. Ресейліктер үшін соңғы бірнеше айда біздің еліміздің аты мен рейтингі әжептәуір өсті деуге болады. Бизнесі интернетке байланған адамдар көбірек көшіп келіп жатыр. Оларға жұмыс іздеудің қажеті жоқ. Ал ЖСН алғандардың еңбек нарығына қалай әсер ететінін қазір айту қиын. Әзірге мен білетін кейстерді айтсам, ресейліктер біздің нарықта маман табылмаған жұмысқа орналасып жатыр. Яғни жұмысқа орналасу үшін бәсекелестік емес, кадр тапшылығы негіз болды. Бұл жерде жұмыс беруші үшін де әрі ресейліктерден тәжірибе алмасатын ұжым үшін де пайда бар. Демек, көші-қоннан да пайда бар. Бізге келген ресейліктер өз ақшасын біздің экономикаға жұмсайды. Мәселен, жалға беру, мейрамхана, қонақүй, шағын бизнес нарығына жаңа импульс береді. Еңбек нарығы өзгереді, бұрын батыс аудиториясына жұмыс істеген білікті кадрлар пайда болады. Ал қашықтан жұмыс істейтіндер жергілікті қызметкерлер үшін бәсекелес болады дей алмаймын, себебі олар ары қарай өз клиенттеріне, яғни Еуропа мен АҚШ-тағы тапсырыс берушілерге жұмыс істеуді жалғастыра береді. Яғни, жұмыс берушілер мәселесіне келгенде, жергілікті тұрғындармен талас болмайды деуге келер. Оның үстіне Қазақстанда ағылшын, қазақ, орыс тілін жетік меңгерген үш тілді мамандарға жоғары сұраныс байқалып келеді.
– Мәнсия Сапарғалиқызы, Қазақстаннан өзге елге көшу мәселесі туралы не айтасыз?
– Осы күні адам капиталы, еңбек нарығына қатысты қызық жағдай туындады. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана қазақстандықтардың елден кетуі күн тәртібінде тұрған мәселе еді. Енді кері бағытта өзгерді. «Егер сен вакансияны қолдан жіберіп алсаң, шағымданып жылаудың орнына біліктілігіңді арттыру керек» деген хедхантерлердің айтқанына қосыламын. Егер осы талапты негізге алатын болсақ, еліміздің тұрғындары үшін иммигранттармен бәсекеге алаңдаудың қажеті жоқ.
«Интеллектуалды миграция» (ағылш. brain drain) – мамандардың, ғалымдар мен білікті жұмысшылардың өз елінен саяси, экономикалық, діни немесе басқа да себептер бойынша жаппай шығу үдерісін, яғни эмиграциялық процесті сипаттайды. Әрине, бұл ретте мамандарының бір бөлігі сыртқа кеткен елдерге айтарлықтай экономикалық, мәдени, ал кейде саяси залал келтірсе, керісінше, иммигранттарды қабылдайтын мемлекет-тер үлкен және арзан зияткерлік капиталға ие болады. Ал ақылды жастарын, мамандарын жоғалтқан ел зиян шекпей қоймайды.
Еліміз үшін білімді мамандарымыздың, ақылды жастарымыздың шетелге білім алуға кетіп, оралмай қалу қаупі үлкен алаңдатушылық тудыруда. Сондықтан бірінші кезекте интеллектуалды көші-қонның үлкен ағыны – жоғары білімді дайын мамандардың сыртқа кетуі мәселесін және жоғары білім алу мақсатында шетелге арман қуып кеткен жастардың елге қайта оралмау жағдайын талдау қажет.
Қазақстанның ақыл-ойы АҚШ, Канада, Ресей, Германия, Израиль, Гонконг, Сингапур, Қытай елдеріне тарауда. Шетелден мамандарды тартуға қарағанда, өз мамандарымызды пайдалану әлдеқайда тиімді. Қайтарымсыз интеллектуалды эмиграция салдарымен күресу қиын болып отыр, өйткені ақылға бәсекелестік бүкіл әлемде өсуде, ал Қазақстан әзірге өз білімділеріне, таланттарына ерекше ұсыныс жасамайды. Яғни еңбекақы төлеу деңгейі, әлеуметтік пакет және дамыған елдермен салыстырғанда, басқа да көптеген параметр бойынша артықшылықтар жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан –
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ