ҚазҰУ профессоры Ватикан мұрағатында түркі әлемін зерттеуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымының докторы, Дүниежүзі тарихын зерттеу жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, академик Қалқаман Жұмағұлов Римде (Италия) ғылыми іссапарда.
Бұл профессор Қалқаман Тұрсынұлының әйгілі Biblioteca Apostolica Vaticana кітапханасында жұмыс істеу үшін Ватиканға алғашқы сапары емес. Тарихшы ғалым «Ватиканның Батыс тарихи-мұрағаттық дереккөздері мен материалдарындағы Еуразияның түркі әлемі (V-XIV ғғ.)» бағдарламасы бойынша Ғұндар мемлекетінің, Түркі қағанаттарының, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда тарихына қатысты деректермен жұмыс істеуде. Сонымен қатар Бейбарыс билігі кезіндегі Мамлюк сұлтандығының, Ұлы Жібек жолындағы шығыс пен батыстың қарым-қатынас тарихы туралы жаңа мәліметтерді анықтауда.
Ватикан кітапханасы мұрағатындағы бұл дереккөздердің көп бөлігі латын тілінде берілген. Онда Рим папаларының хат-хабарлары, шежірелер, саяхатшылардың, миссионерлердің әңгімелері мен жазбалары және басқа да сирек кездесетін көне кітаптар сақталған. Профессор Қалқаман Тұрсынұлы Vaticani latini қолжазбалар залындағы бұл материалдарды жинақтап, талдап, қазақ тіліне аударуда.
Ғылыми іссапар аясында ҚазҰУ ғалымы Қалқаман Жұмағұлов жоғары рейтингте тұрған әлемнің беделді оқу орындарының бірі – Ла Сапиенца университетінде (Sapienza Universita di Roma) кездесулер өткізді.
Ла Сапиенца университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ екіжақты меморандумға сәйкес, қос диплом бағдарламасы бойынша «Дүниежүзі тарихы» мамандығына магистрлерді даярлайды. 2023/24 оқу жылында аталған бағдарлама бойынша ҚазҰУ-дың үш магистранты – Гүлинұр Дәуітова, Әнел Қазбаева, Әділет Әмірханов Италияда білім жетілдіруде. Ал ҚазҰУ-да Ла Сапиенца студенті Мелисса Гуоло білім алуда. Алдағы уақытта студенттер алмасу жалғаса береді.
Қалқаман Жұмағұлов Ла Сапиенца студенттерінің алдында баяндама жасап, тарих ғылымын зерттеудегі өз тәжірибесімен бөлісті. Кездесуде итальяндық білім алушылар Қазақстан мен Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті, сондай-ақ ҚазҰУ-дағы оқыту жүйесіне қызығушылық танытты.
Профессор Қ.Жұмағұлов түркі әлеміне қатысты еуропалық ғалымдардың Еуразия мен Орталық Азияда жүргізген итальян, ағылшын, неміс және француз тілдеріндегі бірегей зерттеулерінің библиографиясын жасау бойынша белсенді еңбек етуде. Бұл жұмыстар осы уақытқа дейін қазақстандық тарих ғылымында ғылыми айналымға енбеген. Тарихшы ғалым библиография материалдарын Ватикан мұрағатымен қатар, Италияның ең ірі Biblioteca Universtitaria Alessandrina (Рим) кітапханасы қорынан алуда.
Кітапхана директоры, доктор Даниэлла Фугаро ҚазҰУ ғалымына кітап сақтау қорлары бойынша қажетті кеңестер беріп, құнды деректерге қол жеткізуге көмек көрсеткенін атап өтуіміз керек.
Сонымен қатар ғылыми іссапар аясында Қалқаман Жұмағұлов Тарих, антропология және дін департаментінің директоры, профессор Гаэтано Леттиеримен, профессор Фабио Грассимен, ислам және түркология бойынша маман Федерико де Ренцимен және т.б. ғалымдармен кездесу өткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі