ҚазҰУ-да GIS Day Kazakhstan конференциясы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде GIS Day Kazakhstan халықаралық конференциясы өтті. Іс-шараның мақсаты – геоақпараттық жүйелер саласын дамыту, тәжірибе алмасып, мамандарды біріктіру.
Халықаралық географиялық ақпараттық жүйелер (ГАЖ) күніне орайластырылған іс-шараға FAO, Whoosh, Leica және «Қазақстан Ғарыш сапары», «KazAeroSpace» сияқты халықаралық компаниялар және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Nazarbayev university, Université Grenoble Alpes ғалымдары мен оқытушылары қатысты.
Конференция ашылуында ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова сөз сөйлеп, географиялық ақпараттық жүйелердің әр саладағы маңыздылығын атап өтті. «ГАЖ кеңістіктік деректерді талдауда, стратегиялық шешімдер қабылдауда және өзекті мәселелерді тарқатуда шешуші рөл атқарады. Біз тәжірибемізбен бөлісуге, жаңа нәрселерді үйренуге және осы саланы бірлесе дамыту үшін бас қостық. Сіздердің зерттеулеріңіз, әзірлемелеріңіз бен идеяларыңыз ГАЖ болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті Жәмила Айтжанова.
Іс-шара Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында және АҚШ, Өзбекстан, Ресей және т.б. елдермен онлайн қосылу арқылы гибридті режимде өтті. Қатысушылар өңірлердегі экологиялық ахуалға, сондай-ақ ГАЖ қолданатын зерттеу әдістеріне арналған тақырыптық баяндамалар ұсынды.
Сонымен пленарлық отырыста ғылым магистрі, АҚШ-тағы сәулет, жобалау, құрылыс және қоршаған орта жөніндегі Esri командасының клиенттермен жұмыс жөніндегі аға жаһандық менеджері Мехмет Секилмис «Азаматтық құрылыс пен қоршаған ортаны қорғауда геокеңістіктік технологияларды қолдану» тақырыбында сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторы, аға оқытушы, «Биосфера экологиясы» зертханасының аға ғылыми қызметкері Анар Омарова «Алматыдағы ауа ластануы» мәселесі туралы баяндады.
«Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ Кеңістіктік деректер департаменті директорының орынбасары Азамат Маханов «ГАЖ платформасы: ашық цифрлық шешімдер» атты баяндамасын ұсынды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл конференция ГАЖ саласындағы білім, тәжірибе және озық әзірлемелермен алмасу үшін бірегей платформаға айналды.
Конференция барысында ArcGIS және Google Cloud платформаларын пайдалану бойынша практикалық білімге басты назар аударатын екі шеберлік сыныбы өткізілді.
Сондай-ақ конференция аясында студенттерге арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі