ҚазҰУ-да отандық экономиканың инновациялық белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды

23 желтоқсан, 2009

Экономика және бизнес факультетінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығы мен экономика және бизнес факультетінің құрылғанына 60 жыл толуына байланысты «ҚР экономикасындағы инновациялық белсенділікті арттырудың қаржылық механизмі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференция жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар белсенді түрде қатысты. Бүкілресейлік сырттай Қаржы-экономикалық институтының ғылыми жұмыс жөніндегі бөлім бастығы Юрий Ляльков; Kenessaw State University (АҚШ) профессоры Камал Фатехи; Алманияның профессоры, Интернационалдық саяси және экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Герберт Шмидт; Сүлейман Демирель атындағы университеттің ректоры Хасан Нихат Билген; ҚазҰУ профессорлары Сағындық Сатыбалдин мен Виктор Ли; Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ профессоры, ҚР ҰҒА академигі Ораз Баймұратов және басқалары баяндама жасады.

- Бүкілресейлік сырттай Қаржы-экономикалық институтының басқармасы атынан сіздерді жақында өткен 75-жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Бүкілресейлік сырттай Қаржы-экономикалық институтының білім және ғылым саласындағы қарым-қатынастарын нығайту жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың инновацияны дамыту жөніндегі ұстанымын бір ауыздан қолдаймыз. Екі елдің экономикалық құрылымдары ұқсас болғандықтан макроэкономика мен инновацилық технологияларды дамыту мәселелері күн тәртібіндегі басыты мәселе болып келеді. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнымен әріптестік қарым-қатынасымыз жалғасын табатындығына сенеміз, - деді өз сөзінде Юрий Ляльков.

АҚШ және Алмания елдерінен келген профессорлардың баяндамаларын ҚазҰУ студенттері қызыға тыңдады. Қазіргі таңда дағдарысқа қарсы жасалып жатқан шаралардың нәтижелері және жаңа ұсыныстармен танысты.

- Қазақстанда шағын бизнес көздері жақсы дамып келе жатқандығын байқадым. Ол Қазақстандағы тауар өнімінің сапалы болуына байланысты. Қазақстанның білім саласындағы жетістіктері жақсарып келеді, сондықтан студенттердің білім алмасуын әрі қарай жалғастыру керек. Білім саласындағы ортақ көзқарастар экономикадағы инновациялық жүйені жетілдіруге өз үлесін қосады, - деп қорытындылады сөз кезегін неміс профессоры Герберт Шмидт.

Жиында оқылған баяндамалар негізінде алыс және жақын елдердің ғалымдары пікірлерін ортаға салып, арнайы қарар қабылдаған болатын. Қарарда ТМД елдері мен Орта Азия елдерінде Қазақстанның инвестициялық имиджін қалыптастырудың маңыздылығы және отандық нарықты бәсекеге қабіллетілігін арттыру; дағдарыс кезеңінде экономиканың дамуы үшін салық механизмін реттеу; халықаралық стандарттарға жауап беретін қаржылық орталықтардың жұмысын дамыту; қаржылық салада жаңа технологияларды пайдалану; инновациялық инфроқұрылымды қалыптастыру және кәсіби білікті мамандарды дайындау мәселелеріне көңіл бөлінді.

ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі