ҚазҰУ-да экологиялық қауіпсіздіктің құқықтық мәселелері талқыланды

24 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор Әбдуәли Ереновтің 100 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының тұрақты дамуға өту барысында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған конференция гибридті форматта өтті. Жиынға Қазақстанның және шетелдердің жетекші ғалымдары, ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, азаматтық қоғамның, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, ЖОО оқытушылары мен білім алушылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, заң ғылымының докторы, профессор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөзімен ашты.

Академик Әбдуәли Еренов Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер. 1949 жылы КСРО ҒА Мемлекет және құқық институтының аспирантурасына түсіп, кандидаттық және докторлық диссертация қорғаған. 1965 жылы профессор  атағын алып, 1967 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланған. Ұзақ жылдар диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Әбдуәли Ереновтің шәкірттері  бүгінде әр салада елімізбен қатар, шет мемлекеттерде қызмет етіп жүр.

Пленарлық отырыста ҚР Конституциялық соты жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі, заң ғылымының докторы, профессор Игорь Рогов, Каспий университетінің Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор Майдан Сүлейменов сөз сөйледі. Спикерлер академик Ә.Ереновтің Қазақстандағы жер құқығын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті.

«Әбдуәли Еренов ғылыми еңбек жолын жер қатынастарын зерттеуге арнады. Оның еңбектеріне сүйеніп Қазақстанның жер туралы заңнамасына көптеген жаңалықтар негізделді. Ол сондай-ақ  өмір бойы бір жерде – ҚР Ғылым академиясында жұмыс істеді. Академик Әбдуәли Еренұлы және оның шәкірттері алдымен кеңестік, содан кейін тәуелсіз Қазақстанның жер құқығы мен жер заңнамасын құрып, негізін қалады», – деп атап өтті академик Майдан Сүлейменов.

Конференция барысында  ғалымдар тарапынан Қазақстан Республикасының жер және экологиялық заңнамасының, орнықты дамуға көшу жағдайында табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың өзекті теориялық және тәжірибелік мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар конференцияда Қазақстандағы экономикалық саясаттың басты бағыты ретінде орнықты жер қойнауын пайдалану жүйесін қалыптастыру, табиғи ресурстарды есепке алуды цифрландыру және олардың жай-күйіне мониторинг жүргізу, қолданыстағы экологиялық заңнаманы жетілдіру мәселелері қаралды.

Конференцияны ұйымдастырған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы өкілдерінің айтуынша, шара БҰҰ-ның бейбіт, ашық және демократиялық қоғам құруға бағытталған Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру шеңберінде өткізілді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі